– Облыс орталығындағы “Абылай хан резиденциясы” музей-кешені республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші саналады. Мемлекеттік қорғауға алынған музейдің тыныс-тіршілігіне тоқталып өтсеңіз.
– “Абылай хан резиденциясы” осыдан 17 жыл бұрын ашылған болатын. Музей кешені үш жүздің басын қосқан батыр бабамыздың ел тарихындағы айшықты орнын арттырып, Абылай хан заманынан қалған тарихи ескерткіш екендігін айғақтайды. Резиденцияда төрт зал бар. Абылай ханның тынығу бөлмесіндегі, тақ залындағы және 1771-1780 жылдар аралығында хандық құрған кезеңді бейнелейтін жәдігерлер қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен, әдет-ғұрпынан, батырлық-ержүректік қасиеттерінен сыр шертеді.
Музейде бір жылда 100-ден астам шара өтеді. Жыл басынан бері Павлодар, Астана қалаларында республикалық екі көрме ұйымдастырдық. Соның біріне тоқталып өтер болсам, елорда төрінде өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барысында қонақтардың назарына бірегей жәдігерлерді ұсындық. Шетелдіктер тарихи дүниелерді үлкен таңданыспен әрі қызығушылықпен тамашалады. Облыс көлемінде өтетін ауқымды шаралар аясында да көрмелер жиі ұйымдастырылады. Өңір аудандарын да аралап, тұрғындардың назарына бірегей экспонаттарды ұсынамыз. Алдағы күндері облыс орталығында “Марал ишан: өмірі мен қоғамдық-діни және саяси қызметі”, “Әлихан Бөкейхан оқулары” атты бірқатар халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өтеді. Бұл орайда Қызылорда қаласынан келетін тарихи-өлкетану музейінің жылжымалы көрмесі бір ай бойы жұртшылық назарына ұсынылатынын айтып өту қажет. Көрме “Абылай хан резиденциясы” жанынан ашылған Ислам мәдениеті музейінде ұйымдастырылады.
– Мәдени мұраны сақтау мен насихаттауда тарихи-рухани орындардың атқаратын рөлі зор. Елдегі мұражайлар заман талабына, келушілердің сұранысына сай болуы қажет. Ол үшін қаржы керек. Мұндай жұмыстардың бірқатары музейге бас сұққан адамдардан түсетін қаражат есебінен жүзеге асырылатын болар?
– 2018 жылдан бері тұрғындар өңірдегі музейлерге тегін кіретін. Биыл 1 қазанынан бастап музейге кіру ақылы. Алыстан менмұндалап тұрған мұражай мәдениет саласындағы жаңашылдықтарды да жатсынбай, уақыт көшімен алға жылжуда. Адамдарға қызмет көрсететіндіктен, біз де заман ағымына сай жаңа мәдени форматта жұмыс істеуге тиіспіз. Сондықтан бюджет қаржысынан бөлек, өзіміздің ішкі қажеттіліктерімізді қамтамасыз етуге, кейбір шаруашылық жұмыстарға қосымша ақша табуға мүдделіміз. Кешеннің жылдық бюджеті 100 миллион теңгеден асады. Бұл республикалық мекеме үшін көп қаражат емес. Еңбекақы, қызметкерлерді ынталандыру, жөндеу жұмыстары сияқты мәселелер бойынша мемлекет қазынасына алақан жая бергенді өз басым құптамаймын. Мұндай мәселелердің кейбірін музейдің қосымша табысы негізінде жүзеге асыруға болады. Музейге кіру ақылы болғанымен, келушілердің қатары сиреген жоқ. Бір адамға небәрі – 300 теңге. Ал студенттер үшін музейге кіру құны 200 теңгені құрайды. Бұл қаржы қалтаға салмақ салмайды деп ойлаймын. Шетелде осындай тарихи-мәдени орындарды аралау үшін бірталай ақша төлейсің. Неге өз елімізде біз тарихи-мәдени мұраларымызды құнсыздандыруымыз керек? Ұлттық құндылықтарды қастерлеу, осындай ұсақ шаруалардан бастау алады. Әрі тегін дүниенің қадірі болмайды. Кез келген мәдениет ошағының өз бюджеті болуы керек.
– Қазақ қоғамында ықылым заманнан бабалар мұрасын, салт-санасын, әдеби туындылары мен дәстүрлі өнерін білу, сақтау, ұрпақ бойына сіңіру аса маңызды ұстанымдардың бірі. Бүгінде кешенде бабалар мұрасын ұрпаққа танытатын қанша жәдігер бар?
– Музейде 700-ден астам жәдігер бар. Сөрелерде Абылай бабамыз хандық құрған кезеңді бейнелейтін құнды заттар жинақталған. Сирек кездесетін тарихи жәдігерлерге қол жеткізу оңай емес. Жәдігерлер қорын толықтыру үшін ауылдарды аралап, үлкендермен кездесеміз. “Музейге сый” жобасы аясында жеке отбасылық мұрағаттардан жинақталған тарихи жәдігерлер де жоқ емес.
– Музей – өткен тарихты жаңғыртып, бүгінгі құндылықтарды саралап, Отанға, жерге деген патриоттық, отансүйгіштік сезімді оятып, болашаққа деген көзқарасты қалыптастыруға септігін тигізетін киелі орын. “Абылай хан резиденциясына” келушілер арасында өзінің тарихы мен өткенін білуге құштар жастар бар ма? Жалпы қоғамның қазіргі дамуына көзқарасыңыз қандай?
– Өкінішке қарай, соңғы уақытта елімізде жасөспірімдердің, жастардың өлімі жиі орын алуда. Отан қорғау үшін борышын өтеуге аттанған бозбалаларды ұрып-соғу деректері, тіпті соңы өліммен аяқталған жағдайлар да кездесуде. Әрине, өрімдей ұл-қыздардың осындай келеңсіз жағдайларға тап болуы ойландырмай қоймайды. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі елдің болашағы. Ұрпақ тәрбиелеу ісінде ұлттық құндылықтарға баса назар аударылуы керек. Жеткіншектер өзінің тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, өткенін, тарихын біліп өссе, халқының нағыз патриоты болады. Қоғамда орын алып жатқан жаға ұстатар жайттар мен қатыгездік сонда тыйылар еді. Тәрбиенің түп қазығы отбасынан, мектептен бастау алады. Сондықтан ата-аналар ұл-қыздарының тәрбиесін бірінші орынға қоюы керек. Ұрпақ тәрбиесін көңілден жырақ, көзден таса ұстауға болмайды.
Жас құрақтай өсіп келе жатқан жеткіншектер арасында музейге жиі келетіндер аз емес. Тарихты білуге деген жастардың ұмтылысы ерекше. Мектептермен, Ұлттық ұлан академиясымен тығыз байланыстамыз. Оқушылардың қатысуымен танымдық шаралар, экскурсиялар ұйымдастырылады. Резиденцияда жұмыс істеуге ниетті жастар да аз емес. Музейде жұмыс істейтін экскурсия жүргізушілеріміз үш тілді жетік меңгерген. Жауапкершілігі зор, еңбекқор, білімді жастардың бары қуантады.
Дана халқымыз “өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес” дейді. Осыдан бірер жыл бұрын мектеп оқушылары үшін музейде тарих сабақтарын ұйымдастыру, жоғары оқу орындарымен мектептерде “Абылайтану” жобасын енгізу туралы бастама көтердік. Бұл мәселе бойынша қалалық білім бөліміне ұсыным хат жолдадық. Бірақ мәселе жауапсыз қалды.
– Кез келген саланың дамуы менеждерге, яғни басшыға тікелей байланысты. Ұжым жаңа күш, тың серпінмен жұмыс істеуі үшін белгілі бір жаңашылдықтар енгізу қажет. Бүгінде білім беру саласында ұзақ жылдар бойы бір орында отырған мектеп директорларының орнын алмастыру тәжірибесі қалыптасқан. Бәлкім мәдениет саласына да осындай ротация қажет шығар. Сіз қалай ойлайсыз?
– Әр саланың өз ерекшелігі бар. Мәдениет саласының жұмысы өте ауыр. Музейде де жұмыс көп. Бірақ көп жағдайда жұмысымыз көзге көрінбейді. Осы салада 35 жылдан бері еңбек етудемін. Ауылдық клуб меңгерушісінен бастап аудан, қалалық, облыстық мәдени ұйымдарда қызмет атқардым. Соның ішінде он жылдай “Абылай хан резиденциясы” музей-кешенін басқарудамын. Алғашқы еңбек жолым Тәуелсіздіктің елең-алаң тұсында басталды. Еңбекақының орнына азық-түлік берілетін кез еді ғой. Нарықтық кезең басталған тұста осындай азды-көпті қиындықтардың куәсі болдым. Музей басшыларын ауыстырып отыру мәселесі облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының құзырындағы шаруа. Бұл бастама қолға алынса, оған қарсы болмас едім.
– Кез келген саланың дамуы үшін мамандардың әлеуметтік жағдайының жақсы болғандығы маңызды. Әсіресе, ұлттың өнері мен руханиятына еңбек сіңіріп жүрген мәдениет қызметкерлеріне жалақы тиісті деңгейде төленуі қажет. Кадр тұрақсыздығына жалақының әсері бар шығар?
– Мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы бірнеше есе өсті. Десе де өзге салалармен салыстырғанда жалақымыз төмен. Мысалы музейде жұмыс істейтін мамандардың қолына ай сайын 160-180 мың теңге тиеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бүгінде мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен өсуде. Бұл – біздер үшін үлкен қолдау. Әрине, кадр тұрақсыздығына жалақының әсері бар. Көп жағдайда жастар жалақысы жоғары орында жұмыс істеуге ұмтылады. Бұл – заңдылық.
– Қазақ халқы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді тәрбиенің негізі санайды. Көргені көп, түйгені мол қазыналы қарттардың еңбек жолы жастарға әрқашан үлгі-өнеге. Ұрпақ сабақтастығына қатысты пікіріңіз қандай?
– Кез келген жұмыста ұрпақ сабақтастығы болуы тиіс. Жастарға аға буынның айтары көп. Кейінгі ұрпаққа жол көрсету – үлкендердің парызы. Біздің ұжымда ұрпақ сабақтастығы қалыптасқан. Мысалы, тәжірибесі мол мамандар өздерінің білгендерін жастарға үйретіп, оларды музей ісіне баулиды.
– Күн сайын көзден бұлбұл ұшып жатқан ауылдардың мүшкіл халі алаңдатады. Облыста түтіні түзу шыққан көптеген ауыл әп-сәтте қаңырап, тек жұрты ғана қалуда. Қаншама ауыл құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды классиктерді құндақтаған, өзіңіздің туған жеріңіз Жамбыл ауданындағы көп ауылдың жағдайы мәз емес. Ақын, сатирик Қажытай Ілиясұлы “Берекесіз ауылдың құты құлар!” дегендей ауылды сақтап қалу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Менің туған жерім – Жамбыл ауданындағы Үлгі ауылы. Бүгінде онда саусақпен санарлықтай отбасы тұрып жатыр. Балалық шағымыз өткен қасиетті мекеннің төмпешікке айналып бара жатқанын көру оңай емес. Жүрек ауырады. Ауылға ата-анамның, туыстарымның әруақтарына құран бағыштау үшін жиі барып тұруға тырысамын. Біздің еліміздің Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктері де, “әттеген-ай” дегізетін кемшіліктері де аз емес. Отыз жылдың ішінде ауылдардың көбінің құрып кетуі жанға батады. Кезінде сол ауылдарда тіршілік қайнап жатушы еді. Ауылды сақтау үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау болуы керек. Ауылдарды дамыту бағдарламалары болғанымен, әлі де жетілдіретін тұстары баршылық. Ең алдымен, жұмыссыздық мәселесін шешу қажет. Екі қолға бір күрек таба алмаған адамға онда тұрақтап қал деп айта алмаймыз. Тағы бір айтпағым, өз туған жерін түлетуге ынталы кәсіпкерлердің шоғырын қалыптастыруға баса мән беруіміз қажет. Осындай ниетті азаматтарға мемлекет қолдан келер көмегін көрсетсе дейсің.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.
Оймақтай ой
Дана халқымыз “өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес” дейді. Осыдан бірер жыл бұрын мектеп оқушылары үшін музейде тарих сабақтарын ұйымдастыру, жоғары оқу орындарымен мектептерде “Абылайтану” жобасын енгізу туралы бастама көтердік. Бұл мәселе бойынша қалалық білім бөліміне ұсыным хат жолдадық. Бірақ мәселе жауапсыз қалды.
Өмірдерек
Туған жері: Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Үлгі ауылы.
Туған жылы: 12 наурыз 1971 жыл.
Марапаты: Мәдениет саласының үздігі, “Еңбек даңқы” медалінің иегері.
Қызметі: “Абылай хан резиденциясы” музей-кешенінің директоры.