Камбоджаның Пном-Пень қаласында кикбоксингтен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. 22 елден 432 спортшының басын қосқан байрақты бәсекеден жерлестеріміз олжалы қайтты.
Кикбоксингтен сарықұрлық додасында ел спортшылары қоржынға 20 алтын, 11 күміс және 7 қола медаль салды. Жарысқа қатысушылар фулл-контакт, лоукик және К-1 бағыттары бойынша сынға түсіп, үш теріскейлік кикбоксшы жүлдегерлер қатарынан көрінді.
86 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрсұлтан Жақыпов үш кездесу өткізді. Ақтық сында ирандық спортшыға қарсы жекпе-жекте жерлесіміз айқын басымдықпен жеңіске жетіп, алтын медаль еншіледі.
54 келіде Данияр Жарасов және 57 келіде Аслан Асылбеков күміспен күптелді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.