Ғалымдар қазақ тілінің бай екендігін, жазушылар оның әсемдігін әлдеқашан дәлелдеген. Тілдің дәрежесінің көтерілуі – халықтың абыройының артуы. Ана тіліміздің өзгелердің арасында танымал болуы, қолданыс аясының кеңеюі білімді әрі рухы мықты жастардың қолында. Осы ретте қазіргі жас буын – еліміздің келешегі екенін ұмытпауы қажет. Себебі өркениетке ұмтылған елдің келешегі қашан да білікті және саналы ұрпаққа тәуелді. Бүгінгі таңда қоғамның әр саласында қазақ тілін меңгеруге және оны дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Мәселен, Ұлттық ұланның “Орталық” өңірлік қолбасшылығына қарасты 6637 әскери бөлімінде офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қазақ тілін үйреніп жатыр. Биылғы жылы бұл үрдіс тағы бір жаңашылдықпен толықты. Әскери бөлім мен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Тілдерді оқыту орталығы арасында меморандум жасалды. Оның аясында орталықтың оқытушысы ақпан мен қараша айлары аралығында 2 топқа мемлекеттік тілді оқытатын сабақтар өткізеді. Оқу жылының соңында әскери қызметшілерге оқу деңгейіне сәйкес сертификаттар табысталады. Қазіргі уақытта әскери бөлімде мемлекеттік тілді меңгеру бойынша 8 топ бар. Олардың біреуі бастауыш, алтауы жалғастырушы және біреуі тереңдетілген топ болып бөлінген.
Әскери бөлімнің жеке құрамына рухани азық алуға да мол мүмкіндік берілген. Әсіресе қазақтың ұлы ойшылдары мен ақын-жазушыларына арналған әдеби кештер, викториналық ойындар, сайыстар өткізу дәстүрге айналған. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Жалпы “тіл тағдыры – ел тағдыры” екені белгілі. Сондықтан ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту – жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Әр халық үшін тіл тек ойды жеткізудің құралы ғана емес, сонымен қатар елдің абыройын айқындап, тарихын танытып, болашағына бағдар жасайтын қаруы. Әр адамның азаматтық қасиеті оның елге, жерге, тілге, ділге деген құрметімен өлшенеді. Сондықтан тәуелсіздігіміздің мәңгілік болуы үшін – баршамыз тілдің мәртебесін арттыру жолында нақты қадамдар жасауымыз қажет.
Бақыт СӘДУАҚАСОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6637 әскери бөлімінің аға лейтенанты.