«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІНЕ ТАРТУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Республика күні қарсаңында облыс орталығында бірнеше әлеуметтік, спорттық нысанның таспасы қиылып, пайдалануға берілді. Тұрғындарға қуаныш сыйлаған шараға өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, қызылжарлықтарды құттықтады.

Жастарға – жайлы жатақхана

Облыс әкімі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанын­дағы 1200 орынға арналған жатақхана­ның ашылу салтанатына қатысты. Мағ­жан Жұмабаев көшесінің бойында орна­ласқан жатақхана алыстан көз тартады. Соңғы үлгіде жабдықталған ғимарат білім алушы жастардың сұранысына сай жабдықталған. Студенттерге қажетті тоңа­зыт­қыштар, кір жуатын машиналар орнатылыпты. Тіпті тренажер залы да бар.

– Баршаңызды жаңа жатақхананың ашылуымен құттықтаймын. М.Қозыбаев атындағы СҚУ – еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарының бірі. Мемлекет тарапы­нан студенттерге барлық жағдай жасалу­да. Бүгін пайдалануға берілген студент­тер үйі – соның айқын дәлелі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бүгінде жастардың сапалы білім алуы үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Студенттер жатақ­ханасындағы орын тапшылығын жою мақса­тында ауқымды шаралар қолға алынуда. Екі блоктан тұратын жатақханада сту­денттердың алаңсыз оқуына, ғылыми жобалармен айналысуына мүмкіндік мол, – деді Ғауез Торсанұлы.

Өңір басшысы студенттер үйінің құ­рылысын жүргізген мердігер “Основание” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сергей Тимофеевтің табанды еңбегін ерекше атап өтті.

Шарада Парламент Сенатының депу­таты Ольга Перепечина, Ғылым және жо­ға­ры білім министрлігіне қарасты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақер­ке Абылайханқызы сөз алып, жастар елі­міздің ертеңі екенін айта келе, олардың жар­қын болашағына зор сенім білдірді. Жаңа жатақхананы аралап көрген жастар ой-пікірлерімен бөлісіп, жергілікті билік өкілдеріне өз ризашылықтарын жеткізді.

“Бірліктегі” балабақша

Жұртшылық “Бірлік” шағынауданында балабақшаның ашылғанын зор қуанышқа балап, жаңа ғимаратқа тамсана қарап жатты. Мектепке дейінгі білім беру нысаны небәрі бірнеше айда бой көтерген. Шағынауданда тұрғындар игілігі үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Мұндағы ағайын алдағы уақытта мектеп, саябақ салынатынынан да үмітті.

– Құрылыс жұмыстарымен жергілікті компания айналысты. Ғимарат сапалы тұр­ғызылған. Барлығы стандарттарға сай. Осындағы “MIRAS GROUP” компаниясының өкілдеріне ал­ғы­сымды білдіремін. Бүлдіршіндерді мек­тепке дейінгі ұйыммен толық қамта­масыз ету Үкімет жұмысының басым ба­ғыт­тарының бірі саналады. Бүгінде облыс орталығында 49 мектепке дейінгі мекеме болса, соның 15-і жеке инвестиция есе­бінен салынған. Алдағы уақытта “Бірлік” шағынауданында мектеп, сауда орын­дары мен көпқабатты баспаналар салу жоспарланған. Қазірдің өзінде мұндағы 700 шаңырақта 3 мыңдай адам тұрып жатыр, – деді Ғауез Торсанұлы.

Салтанатты шарада сенатор Ольга Перепечина да өз лебізін білдіріп, балабақшалардың ашылуы ұрпақ тәрбиесіне оң әсер ететінін айтты.

Жаңа нысан 90 орынға шақталған. Бүгінге дейін 30 ата-ана өз баласын осы мекемеге беру туралы өтініш жазып үлге­ріпті. Облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанованың ай­туынша, мұнда балғындар 4 топқа бөлініп оқиды. Жабдықтау нормалары мен қауіп­сіздік ережелері толық сақталған. Ұжым толық жинақталған. Бүгінде ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, өтініштер қабыл­данып жатыр.

Заманауи теннис орталығы

Петропавлдағы Уәлиханов көшесі бойында салынған үстел теннисі орталы­ғының ашылуына жиналғандар қатары қа­лың болды. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов спорт­сүйер қауымды құттықтап, жастарға биік белестер мен айтулы жетістіктер тіледі. Жаңа нысанға жолаушылар көлігінің кіл­тін табыстады.

– Барша спортшыларды осынау айту­лы күнмен құттықтаймын. Елімізде спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұ­қаралық спорт нысандарының құрылы­сын қаржыландыру көлемі артты. Бүгінгі жастардың спорттың сан саласында өзде­рін шыңдап, табысқа жетіп, еліміздің абы­ройын халықаралық, әлемдік ареналарда асқақтатуға мүмкіндігі бар, – деді сенатор Ольга Перепечина.

Жоба құны – 3,5 млрд. теңге. Осы күні елде мұндай 10 орталық жұмыс істей­ді. Құрылыс жұмыстарын “MIRAS GROUP” компаниясы жүргізген. Бұған дейін спортшылар “Барыс” спорт мекте­бінде шынығып келсе, енді жаңа орта­лықта шеберліктерін шыңдайтын болады. Ол үшін орталыққа 24 теннис үстелі ор­на­тылған.

Өңір басшысы орталықтың ашылуына келген өрендердің бірімен теннис ойнап көрді. Қанат Басенов сегізінші сыныпта оқи­ды. Аталмыш спорт түрімен алты жыл­дан бері айналысып келеді.

– Бұған дейін басқа жердегі спорт мек­тебінде жаттығып келдім. Қалада осын­дай орталық ашылғанына қуаныштымын. Алдағы уақытта шеберлік деңгейіміз кө­теріледі деп ойлаймын. Тенниспен тұрақты айналысып келемін, – деді жас спортшы.

Нысанның ашылу салтанатына түрлі ұйым өкілдері, сала ардагерлері мен жас­тар қатысты. Үстел теннисі бойынша бала­лар мен жасөспірімдер спорт мектебінің же­текшісі Ирина Пюрконың сөзінше, ал­дағы уақытта орталықта теннистен ел деңгейіндегі ірі додаларды өткізу жоспарла­нып отыр. Жаңа залдағы спорттық бәсеке бірінші күні-ақ басталып кетті. Үстел теннисінен облыстық чемпионат бір­неше күн­ге жалғасады. Оған қала мен бірнеше ауданнан келген 12-14 жас аралығындағы 84 жеткіншек қатысып жатыр.

“Берекедегі” қуаныш

Спортшылар шеберлік шыңдайтын тағы бір нысан “Береке” шағынауданында ашылды. Мұндағы жаңа салынған дене­шынықтыру-сауықтыру кешені 240 адам­ға шақталған. Нысанда жаттығу жасайтын 4 кең зал бар. Ғимараттың жалпы ауданы 4 мың шаршы метрге жуық. Жаттығу зал­дарында волейбол, бокс, күреспен айна­лы­суға жағдай жасалған. Мәселен, “Қуа­ныш” волейбол клубының кіші тобы осын­да алғашқы жаттығуларын бастап кеткен. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов атал­ған клубтың айтулы табыстарға жетіп, ірі додаларда жеңімпаз атанып жүр­генін атап өтті. Ал келесі залда балуандар шынығып жатыр. Келушілер үшін күрестің бірнеше түрінен жаттығуларға қатысуға мүмкіндік бар.

– Өңір мақтанышына айналған ба­луан­да­рымыз көп. Кейінгі жастардан да үміт күтеміз. Мұнда келушілерге барлық жағдай жасалған. Жаттығуға қолайлы кең зал, жүгіру жолағы, олимпиадалық стан­дарттарға сай күрес кілемі бар. Қазіргі кез­де біздің өңірде жас спортшыларға арналған көптеген нысандар іске қосылып жа­тыр. Мұнда балалармен қатар кәсіби бал­уандар да жаттыға алады, – дейді “Қы­зылжар арландары” клубының басшысы Алтынбек Аусағитов.

Денешынықтыру-сауықтыру кешенін­де бокс жаттығулары да басталып кеткен. Мұнда аптаның бес күнінде жаттығулар өтеді. Келушілерге 2 жаттықтырушы бағыт-бағ­дар көрсетеді.

Барлық талапқа сай

“Береке” шағынауданында 300 орынға арналған №2 арнайы мектеп-интернатының жаңа ғимараты ашылды. Нысан мүм­кіндігі шектеулі балалардың барлық қажеттілігін қамтамасыз етеді. Талапқа сай салынған заманауи ғимарат құрылы­сы­на шамамен 2 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Жергілікті бюджеттен құрал-жабдықтар сатып алуға 400 мил­лион теңге бөлінді.

– Өңірде 5 мыңға жуық ерекше бала инклюзивті білім алуды қажет етеді. Мың­ға жуық түрлі санатта мүмкіндігі шектеулі бала бар. Облыста осындай 26 мекеме арнайы білім берумен айналысады. Со­ның ішінде алты мектеп-интернат жұмыс істейді. Бүгінде өңірде ерекше балаларға арналған мекемелерде орын тапшылығы жойылды. Бұрын балалар арнайы бейім­делген ғимаратта оқыса, бүгінде осындай заманауи әрі кең мекемеде білім мен тәр­бие алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Екін­ші тоқсаннан бастап балалар жаңа ғима­ратта білім алатын болады, – дей келе облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова оқу ордасында кәсіби білікті мамандар жұмыс істейтінін тілге тиек етті.

Бүгінде №2 арнайы мектеп-интернатында 220 бала бар. Өңір аудандары мен облыс орталығының кейбір шет аймақта­рынан қатынап оқитын оқушылар үшін ар­найы жатын орын да қарастырылған. Елу орынға шақталған интернат барлық құ­ралдармен қамтамасыз етілген. Ойын бөл­мелері көз тартар көрініске ие. Ал инклюзивті білім алатын балалар үшін жаңа коррекциялық мектепте сыныптар­дан бөлек, заманауи үлгіде жабдықталған кітап­хана, асхана, спорт залы, дефекто­лог, ло­гопед кабинеттері мен зертхана­лар, түрлі бағытта оқушылардың шығар­машылық дамуына жағдай жасайтын омарташы­лық, тігін ісі, гүл өсіру және кө­галдандыру, кә­сіби еңбекке баулу шебер­ханалары бар. Барлық кабинеттерде ар­найы құрал-жабдықтар орнатылған.

Коррекциялық мектеп-интернаттың ішін аралап көрген өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов педагогикалық ұжымға табыс тілеп, барлық бала сапалы білім, саналы тәрбие алуға құқылы екенін жет­кізді. Ата-аналар да сөз алып, мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілген қолдауға ризашылықтарын білдірді.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp