Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны бақытына орай алаяқтың арбауынан аман қалды. Өзін банк қызметкерімін деп таныстырған күдікті әйелмен сөйлескен ауыл тұрғынының телефоны басқаруға көнбей қойған. Тосын жайттан секемденген әйел көршісінен полицияға қоңырау шалып, көмек сұраған.
Оқиға орнына учаскелік инспектор Нұрсұлтан Ақсанов жетіп, алдымен алаяқтар басқарып отырған телефонды “ұшақта” режіміне ауыстырады. Бұл құрылғыны қашықтықтан кіруден қорғауға мүмкіндік береді. Осыдан кейін алаяқпен әңгімені үзіп, телефонға жүктеліп жатқан қосымшаны тоқтатады.
Алаяқтың құрбаны бола жаздаған әйелдің айтуынша, оған “Қазпошта” АҚ қызметкері болып тағы бір белгісіз адам қоңырау шалған. Ол сәлемдемені алу үшін SMS арқылы келген кодты айту керек деген. Содан кейін банк қызметкері болып қоңыраулатады. Ол ауыл тұрғынына несие рәсімделіп жатқанына сендіріп, одан қорғану үшін бір қосымшаны орнату керек деген. Әйтеуір техникалық себептерге байланысты қосымшаны орнату кешеуілдеген. Осы уақыт аралығында учаскелік инспектор да жетіп, алаяқтықтың алдын алды.
Нұрсұлтан Ақсанов құрылғыдағы барлық күдікті қосымшаларды өшіріп, әйелге “eGov”, содан кейін “eGov. mobile” сервисінде электрондық кілттерді қайта шығаруға көмектесіп, “алты ай мерзімге несие алудан өз еркімен бас тарту” қызметін жүктеп берді.
Игорь МЕРЦАЛОВ,
облыстық полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің жетекші маманы.