Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы жүргізген мониторинг бойынша өңірде бағылатын төрт түлікке 763 мың гектар жайылымдық жер қажет деп есептелсе, бары – 820 мың гектар.
Басқарма басшысының орынбасары Жалғас Сүлейменовтің айтуынша, 2022 жылдан бері игерусіз қалған 621,4 мың гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 112,2 мың гектары егістік болса, қалғаны – жайылымдық жерлер.
“Жер аманаты” комиссиясының отырысында 387,6 мың гектар жердің қайта бөлінгені айтылды. Атап айтқанда, мал жаюға 171,7 мың гектар жер телімі қарастырылса, егін шаруашылығымен айналысқысы келетін азаматтарға 215,9 мың гектар үлестірілген. Жеке шаруашылықтар үшін жайылымдық жерлерге деген тапшылық байқалмайды.
Алдағы уақытта да заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару шаралары жалғасады. Егер жер пайдаланушы адал жұмыс істеп, инвестиция құйып, ауылды дамытып, жұмыс орындарын ашса, оған ешкім тиіспейді.
Бағылатын мал басының жүктемесі 50 пайыздан аз болса, жайылым мақсатты пайдаланылмаған болып табылады.
Ілияс СӘБДИНОВ,
“AMANAT” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.