«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚЫНЫҢ САНДЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айыртау ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінде Мақы (шын аты – Әбділмақыжан) Уәлихановтың сандығы сақтаулы. Музей меңгерушісі Нұргүл Құлбаеваның айтуынша, бұл сандықты музейге Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлиханов табыстаған. 

Мақы Шыңғысұлы 1844 жылы дүниеге келген.  Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби суретші. Ол жеті жасында сүзекпен ауырып, есту және сөйлеу қабілетінен айрылған. Он жасында әкесі Шыңғыс Санкт-Петербург қаласындағы императорлық тәрбие үйіне орналастырып, кемістігі бар балалар оқитын училищеге түсіреді. Бұл оқу орны балаларды әртүрлі өнерге: сурет салу, сызу, каллиграфия, литография, гравюра жасауға, кітап шығаруға, ағаш жонуға, темір жонуға үйреткен. Училищеде Мақы Уәлиханов тоғыз жыл оқып, сурет салу, жазусызуды меңгеріп шығады.

Мақы Уәлиханов 1864-1866 жылдары Санкт-Петербург қаласындағы губерния басқармасында, елге оралған соң Батыс Сібір генерал-губернаторы кеңсесінде қызмет істеді. Ресми қызметпен қатар, сурет салумен, әсіресе, қолөнермен айналысқан. Ағаштан төсағаш, сандық, астау, саптаяқ, ожау, түрлі заттарға арналған нақышты қап (футляр), тағы басқа бұйымдар жасаған. Оның көптеген еңбектері халықаралық. және бүкілресейлік көрмелерге қойылды. 1876 жылы Санкт-Петербургте өткен шығыс зерттеушілерінің конгресіндегі көрмеде Мақы Уәлиханов шығармаларына алтын медаль берілген.

“Мақының піл сүйектерінен жасаған сандығын қызығушылықпен тамашалайтындар көп. Көне сандық мәдениет ошағындағы құнды жәдігерлердің бірі саналады”, – деді Нұргүл Құлбаева.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp