“Жақсыларды жүрсеңдер жамандамай,
Өмір сүрер едік қой алаңдамай.
Қадірі бар адамды ит қылатын ,
Ит құрлы қадірі жоқ адамдар-ай”. Сабырдың ұзақ уақыт бойы ойланып-толғанып жазған өлеңі осылай аяқталды. Небәрі он бір жастағы оқушының неге бұлай жазғанын түсінбеген Сәлима ұстаз аңтарыла қарап тұрып қалды. Сабыр бір үйдің жалғыз ұлы болғасын ба өмірде кездескен сәтсіздіктер мен қиындықтарды көңіліне жақын қабылдайды. Бірақ қатарластарынан ойы әлдеқайда жүйрік, алғыр. Сыныптастары сабақ біте салысымен улап-шулап үйлеріне кетуге асықса, Сабыр болса терезеге телміріп, қалың ойға батады. Оның күн сайын қайталайтын әдеті осы. Жанын жегідей жеген ойлардан жалғыз қалғанда ғана арыламын дейді ме екен, ол жағы белгісіз.
– Сабыржан, аманбысың құлыным?! Сабақ аяқталған соң сыныпта жалғыз қалатыныңа біз де үйреніп кеттік қой, қарның ашқан шығар, мынаны жеп ал! – деген еден жуушы апай оған үйден ала келген тәтті тоқашын ұсынды. Жүрегі мейірімге толы жанның жылы сөздері көңіліне ем дарытқандай, жымиды да қойды.
Сабыр қаланың орталығында орналасқан мектебінен шығып, үйге қарай жол тартты. Қоңыр күз болатын. Аяғының астында жатқан алтын жапырақтар оның әдемі әлемінен кейінгі ең керемет, теңдессіз сұлулықтай көрінді. Ал оның әлемі – үйдегі анасы еді. Анасын дүниедегі баға жетпес жауһарға теңейді. Дүниеге шыр етіп келген күннен бастап ардақтысының жан жылуын, мейір-махаббатын көріп келе жатқан ол ана сүйіспеншілігіне зәру болған емес. Өмірдің қандай қиындығы кездессе де жанынан анасының табылатынын жақсы біледі. Өскенде күн сайын жүрегіне мұң мен маңдайына қатпарлы әжім жинап келе жатқан анасын алақанына салып әлдилегісі келеді. Ол бұл сәттің туатынына сенеді. Әзірге ана көңіліндегі алаңдаушылықты сейілткісі келеді. Бірақ оған анасы көнер емес. Бәлкім жер бетіндегі ана атаулының барлығы перзентінің келешегі үшін өз бақытын құрбан етуге бейім болар.
Әлдекімнен сөз естіген адамдай басын төмен салбыратып ілби басып келеді. Үйге жақындаған сайын көңілі алабұртып, жүзі бозғылт тартқандай. Ішке еніп, бір шеті жамалған, бір шеті жыртық аяқ киімін шешкені сол еді түкпір бөлмеде жылаған анасының даусы естілді. Әкесі “ащы” судан ұрттап алып, анасын тағы да аяусыз соққыға жығыпты. Шыдамы таусылған Сабыр әлі келмесе де әкесінің аяғына жармасып, анасын тасжүрек адамнан құтқарғысы келді. Әкесінің қатты жұдырығы Сабырдың бетіне тиіп, ол еденге сылқ ете түсті. “Тентек” суға тойып алған адам қайбір жөнді сөз айтсын? Аузына келгенін оттап, үйден ұзап кете барды. Көзі көгеріп, қолдары іскен анасы “қарғыс атсын сені, мені ойламасаң да мына балаға тиіспей-ақ қойсаң қайтеді”, – деп еңіреп жылады. Сабыр есін жиып, анасын құшақтай алды.
– Анашым, басқа жаққа кетіп қалсақ қайтеді? Қанша жылдан бері шыдап келесіз? Өміріңіз болса өтіп барады. Мұндай жағдай қашанға дейін жалғаса бермек. Ол кісі сізді жақсы көрсе, отбасын құрметтесе бұлай жасамас еді? Сіз дүниенің барлық жақсылығы мен қуанышына лайықсыз. Тек әкемнің жанынан жыраққа кетейікші,– деді анасының тізесіне басын қойып.
– Еее, ұлым, кез келген ана өзін ұмытып, баласы үшін өмір сүреді екен ғой. Мен де тағдырдың сынағына сенің болашағың үшін шыдап келемін. Әкеңнен алыстап кетсем ел не дейді, туысқандар қандай ойда болады? Олардың мен туралы не ойлайтындары маңызды емес. Сенің соңыңнан сөз ермесе болғаны. Оны өскенде түсінерсің, – деді анасы.
Сабырдың әкесі сау кезінде мүлде басқа адам кейпінде. Сондай ұқыпты, істеген ісіне өте жауапты. Темір-терсек жинап, оны өткізіп, отбасын асырайды. Әйелі үшін де сау кезінде бұдан артық күйеу табылмайтын. Бірақ көше кезіп, ішімдікке салынған достары келсе болды өзгеріп, отбасының берекесін қашырады. Сабырдың анасы мектепте еден жуушы болып жұмыс істейді. Тапқан таянғанын азық-түлікке, жалдамалы баспана төлеміне жұмсайды. Одан артылса Сабырдың жүріп-тұруына жаратады. Ұлының ертең-ақ ер жетіп, үмітін ақтайтынына сенімді. Ұлының да арман-мақсаты – тезірек есейіп, отбасын асырау.
Демалыста, кейде жұма күндері оқудан соң Сабыр базарға барып, бір дөңгелекті қол арбамен жүк тасиды. Тапқанын анасына әкеліп береді.
…Сабырдың қара жұмыс істеп, әбден шаршап үйге келген беті. Әкесі шкафтағы киімдердің қалтасын ақтарып жатыр екен. Он жылдан астам уақыттан бері отасқан әйеліне айтпаған сөзі жоқ. Жанын жаралайтын боқтық сөздерді қарша боратуда. Баласының еңбекпен тапқан тиын-тебенін қолынан тартып алды. Сол кеткеннен әкесі үйге жексенбі күні бірақ оралды.
Сабырдың үйінде мұндай оқиғалар күн сайын қайталанады десек артық айтқандығымыз емес. Оған анасының да, баласының да еті үйренген. Қос мұңлықтың тойып тамақ ішкен, дастарқан басында қауқылдасып, күліскен, өткен шақты еске алған бақытты кездері аз. “Барлық жамандықтың бастауы – арақ” деген сөз бекер айтылмаса керек.
Тағдырдың тауқыметін бала кезден тартып келе жатқан Сабыр уақыт өткен сайын үлкен өмірге сын-көзбен қарайтын болған. Мектепте үзілісте балалар доп теуіп, ойын қуып кеткен кезде сыныпта қолына кітап ұстап Сабыр ғана қалатын. Оқуда да қатарластарынан озат болды.
Күздің соңғы айы. Жердің оты кетіп, күн суыта бастады. Айлығын келесі айға жеткізе алмай жүрген Сабырдың анасы қыстың қамын ойлап, көмір алуға жанталасуда. Өйткені күйеуінен ешқандай қайыр жоғын біледі. Сондықтан бар жауапкершілік өз мойнында. Сәбираға таныс келіншектер “аула сыпырушы болып қосымша жұмыс істесең қайтеді?” дегенде, ол мұны ар көрген жоқ. Керісінше маңдай термен ақша табатынына қуанды. Түске дейін әкімдік ғимаратының маңайын сыпырса, түстен кейін мектептің еденін жуады.
Кеш қарайған шақта Сабыр мен анасы үйге келсе ас үйдегі үстел басында түрі ұсқынсыз, киімі кіршең күйеуі мен маскүнем достары отыр.
– Әй, менің алтын достарым келді, тамағың қайда, ештеңе көріп тұрған жоқпын, – деп жекіп сөйлей жөнелді ол. Сәбира сөз қайтарса, тағы да жұдырықтың астында қалатынын білді. Өңі жүдеу келіншек іштей қапалы. Сабыр болса қорған болар әкесінен мейірім көре алмағанына ренжиді.
Көмір сатып алған күні анасының да, Сабырдың да қуанышында шек болмады. Олар бәрінен бұрын қыстан тоңбай шығатындарына қуанды. Уайымға салынған Сәбираның мойнынан бір ауыр жүк түскендей. Көмірді отын қораға тасуға көршілері көмектесті.
Қыстың алғашқы айы қақаған аязбен басталды. Сәбира ауланы сыпыруды қойып, қар күреуге көшті. Кешке үйге сүйретіліп әрең жетеді. Түнде буындары сырқырайтын болған. Суық тигізіп алған сыңайлы. Қатты ауырып, бір аптадай төсек тартып жатып қалды. Сабыр сабаққа бармай, анасын уайымдап қасынан бір елі алыстаған емес. Жағдайдың ушығып бара жатқанын көрген Сабыр дәрігердің көмегіне жүгінді. Әйелдің қызуы көтеріліп, бойынан әлі кетіп жатқанын көрген ол қаладағы мықты мамандарға бару қажеттігін айтты. Сабыр одан сайын уайымдай түсті. Анасы кетсе, оның күні не болмақ?
Таң атқан бойда анасы қалаға қарай жолға шықты. Күн борап тұр. Сәбира өзінің денсаулығына емес, үйде әкесімен қалған баласын уайымдап, дегбірі қашты. Жығылған үстіне жұдырық дегендей, қалаға жетуге таяп қалған уақытта Сәбира мінген көлік боранның салдарынан апатқа ұшырайды. Қолы сынған, бас сүйегіне зақым келген екен.
Он күннен соң анасы емханадан шықты. Үйіне оралса да, ана мен баланың қуанышы көпке созыла қойған жоқ. Баласын мектепке шығарып салғаны сол еді күйеуі тепкінің астына алды. Еркектен қорлық көрген келіншек сол күні өз-өзіне қол салды. Оқудан келген Сабыр үстел үстіндегі қағазды көрді. Бір сұмдықтың болғанын сезген ол хатты оқи бастады: “Ұлым, өмірім, Сабыржаным! Осы уақытқа дейін маған қолғабыс болғаның үшін алғысымды білдіремін. Мен әкеңді қатты жақсы көрдім. Сен дүниеге келгенде бізден асқан бақытты адам болған жоқ. Өмірімізге береке алып келген, бақыт сыйлаған бір өзіңсің! Еңбекқорлығың, зеректігің, алғырлығың сені далаға тастамайды. Мен бұдан ары қарай шыдай алар емеспін. Саған ана болып осындай әлсіздігімді көрсеткенім үшін кешірім сұраймын! Оқуыңды бітір, қалаған оқу орныңа түс. Әкең мүмкін бұл жағдайдан кейін өзгеретін шығар. Сенің болашағың алда, мен саған сенемін!”.
Сәбираның қайтыс болғанын күйеуіне көршісі естіртті. Ол түкпір бөлмеден келіншегінің жансыз денесін көргенде, өзінің қателігін түсінді. Өкінгеннен енді пайда жоқ. Жаназаға жақын адамдар жиналды. Сабырды нағашы жұрты алып кетті. Өйткені Бектемір ағайын-туыстың сенімінен шыққан. Отбасын ойрандап, шаңырағын шайқаған азамат та әйелінің соңынан келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанды. “Бағалай білмегенге бақ қонбайды” деген осы шығар.
Ермек ЖҰМА,
“Soltustik Qazaqstan”.
Коллажды жасаған
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.
Түйін:
Біз бұл мақаланы болған оқиға негізінде жазып, оқырман назарына ұсынып отырмыз. Өкініштісі сол, өңірде осы оқиғамен мазмұндас тағдыр иелері аз емес. “Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде”, дегендей жұбайынан зәбір көріп жүрген қанша қыз-келіншек жан күйзелісін ешкімге айтпай, қорлық-қорқынышпен тірлік кешуде. Әке мен шешенің махаббатына зәру балалардың болашағы алаңдатады. Арақ отбасының берекесін, шырқын бұзады. Соның кесірінен қаншама шаңырақ ортасына түсіп, ойрандалуда. Осыны қазақтың әр баласы түсінсе дейміз.