Мемлекет басшысы “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” құру үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнатудың маңызды екенін жиі айтады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай бүгінде Президент әкімшілігінен бастап, облыстық, аудандық әкімдіктерде азаматтарды қабылдау күндері өтуде. Оның аясында тұрғындар басшыларға өз өтініштерін жеткізіп, жауап ала алады.
Билік пен бұқараның арасын нығайтып, азаматтар өтініштерінің орындалуын қадағалау мақсатында облыс орталығында қабылдау күні өтті. Бірнеше сағатқа созылған шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, орынбасарлары мен басқарма басшылары қатысты. Қабылдауға жазылғысы келгендер алдымен тіркеуден өтіп, кейін кезекпен өздерін алаңдатқан мәселе бойынша жауапты басшылармен тілдесті. Тұрғындарды толғандырған мәселелер сан алуан. Олардың қатарында облыс пен қала әкіміне сауал жолдағысы келгендер көп. Кейбіреулер бірнеше басшымен қатар кездесіп, сұрақтарының бәрін бүкпесіз қойып жатты.
– Біз қаладағы жаңадан салынған үйлердің бірінде тұрамыз. Баспанамыз Исмаилов пен Горький көшесінің қиылысында орналасқан. Осы қиылыста көлік те, жаяу жүргінші де көп. Жолдың арғы бетіне өту мұң. Қиылысқа бағдаршам орнатылмаған. Өткенде үйіміздің қасында бір адамды көлік қағып кетті. Мұнда құрылыс салынбай тұрып бағдаршам болған. Жаңа үйіміздің маңы жап-жақсы абаттандырылып, газон егіліп, тротуар салынған. Көп өтпей газон қазылып, жаяу жүргіншілер жолы бұзыла бастады. Көшедегі арықтарға қатысты да шешілмей жатқан мәселе аз емес, – дейді Әсем Айтжанова.
Аталған қиылыста жеңіл көлікпен қатар автобустар мен жүк көліктері де жиі жүреді. Жақын маңда жаңа үйлер, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры, мектеп, Спорт сарайы орналасқан. Тұрғындар бұған дейін қалалық әкімдіктегілерге бұл мәселені бірнеше мәрте айтқанымен, мардымды жауап ала алмаған. Ондағылар бағдаршамды орнату, орнатпау туралы нақты шешім шығармапты. Жолаушылардың қауіпсіздігіне алаңдағандар енді облыс әкімінің қабылдауына келіп отыр. Өңір басшысы аталған сұраққа жауап беру үшін қала әкімі Серік Мұхамедиевті шақырды.
– Бағдаршам алғашында жобада болмағаны рас. Тұрғындардың өтінішінен кейін біз оны жобаға қостық. Жұмыстар биыл орындалуы тиіс. Шамамен бір айдан кейін бағдаршам қойылады. Аталған көшедегі қазба жұмыстарына келсек, шұңқырлар электр желілерін тарту аяқталғаннан кейін тегістеледі. Арықтардың әуел баста дұрыс жобаланбағаны белгілі болды. Бұл мәселелердің шешімін іздейтін боламыз. Сонымен қатар келер жылы аталған көшеге асфальт төсеу жоспарда бар, – деді Серік Мақсұтұлы.
Ғауез Торсанұлы қала басшысына бірқатар тапсырмалар беріп, қабылдау барысында көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынатынын айтты.
Азаматтарды қабылдау күнін өткізу оң бастама болғанымен, тұрғындардың бәрі мұндай шаралардан құлағдар емес екенін аңғардық. Тиісті басшылардың бәрі азаматтарды қабылдағысы келгенімен, оларға барған адамдар бірен-саран ғана, ал кей басқармалардың өкілдеріне мүлде сауал жолданған жоқ.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.