«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қанша жасқа дейін ата-анаңмен бірге тұру қажет?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Табиғаттың шеберлігінде шек жоқ қой. Небір ғажайып жаратылыстарға қарап отырып, қиялың сан саққа жүгіреді. Жердегі құрт-құмырсқаның өзіне үңіле қарасаңыз өзіңіз үшін көп жаңалық ашуыңыз мүмкін. Ал ғаламшардағы жәндік атаулының ішінде ең әдемісі көбелек шығар. Кешегі жылжып жүрген елеусіз ғана құрттың көздің жауын алар әсем көбелекке айналуының өзі табиғаттың ғажайыбы емей немене? Дернәсіл көбелекке айналуы үшін өзіне қауіпсіз, жайлы қауашағын жарып шығуы керек. Адамның есейіп, биікке қол созған сәті де осыған ұқсас.

Адам үшін туған үйінің, қа­рашаңырағының орны ерекше екені белгілі. Балалық шағы, өмірінің ең бір бақытты сәттері өткен орта кімге болса да ыс­тық. Алайда өмірдің заңы өсу, жетілу болған соң мәңгілік бала болып қалу мүмкін емес. Күн­дердің күні кім болса да ересек өмірге аяқ басып, өзі үшін жауапкершілік арқалауы керек.

Бала өмірінде ата-ана мен отбасының басты рөл атқара­ты­ны даусыз. Жан-жақты жетіл­ген, өмірге көзқарасы түзу тұлға қалыптасу үшін сәби дүниеге келген сәттен бастап қолайлы ортада өсуі керек. Адам баласы туа сала құлдыраңдап жүгіріп кететін еліктің лағы емес. Оған аяққа тұру үшін қолдау көрсетіп, қамқор болатын орта қажет. Алайда ешкімді де өмір бойы үлде мен бүлдеге орап баға алмайсыз. Адам жеке тұлға болған соң оның да өз арман-мұ­раттары, таңдаған жолы бо­лады. Біреу ерте, біреу кеш, әйтеуір әркім ешкімнен қолдау күтпей, өз өмірінің тізгінін қо­лына алар күн туады. Жас­тар­дың көбі туған үйінен мектепті аяқтағаннан кейін кетсе, тағы бір бөлігі бұл кезеңнен өтсе де, ата-анасынан алысқа ұзағысы келмейді.

Жастардың өз үйінен кетіп, ересек өмірге қадам басуы оның жеке таңдауына ғана емес, отбасында орныққан құн­дылықтарға, сол ұлттың салты­на да байланысты. Сондықтан да әр елде есейген ұл-қыздың өз ұясынан ұшатын уақыты да әртүрлі. Австриялық статистика бюросының мәліметінше, ата-анасының қасынан ең ерте көшетіндер – АҚШ жастары екен. Ондағылар 19 жасынан бастап үлкендерге салмақ сал­мағанды жөн көреді. Ресей, Ав­стралия жастарының үлкен өмір­ге қанат қағатын кезі 20 жастың айналасында. Финдер мен шведтер 21 жаста өздерін тәуелсіз санай бастайды. Ал италиялықтар мен испан хал­қының өкілдері туған үйлерде 30-ға дейін тұрақтауды қалыпты санайды. Балалары ата-аналарымен 31-34 жасқа дейін тұр­ғанды дұрыс деп білетін Сер­бия, Хорватия сияқты елдер де бар.

– Перзентінің ата-анасынан бөлек тұра бастауын сепарация дейді. Сепарация – латын ті­лінен аударғанда бөліну деген­ді білдіреді. Әр адам уақыт өте келе өзінің аяққа нық тұрып, тәуелсіз екенін сезінеді. Расын айтқанда адам баласы туа сала анасынан алыстай бастайды. Бұл процес 18-20 жаста аяқта­лып, адам тәуелділіктен еркін­дікке дейінгі өзгерістерді бастан өткереді. Есейген сайын адам көп шешімдер қабылдап, тәжі­рибе жинайды. Кездескен ке­дергілерді елемеуді үйренеді. Сепарация жастарға ғана емес, үлкендер үшін де оңайға соқпай жатады. Бауыр басып қалған ата-ана үшін есейген ұл-қызына кішкентай бала сияқты қарамау, олардың таңдауына әсер етпей тұру оңай емес. Егер отбасы мү­шелерінің бәрі бұған дайын болса, бөлек кету ешкімге кері әсер етпейді. Ержеткен сайын әркімнің жеке шекаралары пайда болып, көзқарасы қалып­тасады. Сондықтан жастардың жеке өмірді таңдауын қалыпты жағдай деп қабылдаған жөн, – дейді психолог Ләззат Кеңес.

Маманның сөзінше, бала үш жасынан бастап-ақ тәуелсіз тұлға болуға қадам жасайды екен. Адамның басқа біреуге толық тәуелділігі тек алғашқы айларда ғана мүмкін. Оның денесі, ойы жетілген сайын мүмкіндіктері көбейіп, өзі қа­лаған әрекеттер істей бастайды. Үш жастағы бала өзінің жеке қалауы мен таңдауы бар жан екенін толық сезінеді. Ал сегіз жасқа дейін әлеуметтік ортаға бейімделе бастайды. Ал мектепке барғаннан кейін ба­ланың үйден тыс өмірі баста­лады. Жасөспірімдік кезеңде баланың бойында үлкендерге деген қарсылық пайда болып, еркіндікке ұмтылысы артады. Егер осы кезеңдердің бәрі дұ­рыс өтсе, 24-25 жаста есейген, жеке өмірге қабілетті адам қалыптасады екен.

Алайда бұл мәселенің пси­хологиялық сипатымен қатар әр ұлтқа тән өзіндік ерекшелігі бар екенін ұмытпау керек. Біздің елде батыстағыдай баласын мектеп бітіре сала өмір теңізіне лақтыра салу дәстүрге енбеген. Қала тұрғыны Ақжан Мұқан мұның сыры қазіргі қазақ қоғамында отбасылық құндылықтар­дың сақталып қалғанында деп біледі.

– Батыста “өзі үшін өмір сүру” деген түсінік кең тараған. Сондықтан да олар ұл-қызы кәмелеттік жасқа тола сала есік­тен шығарып салудан кетәрі емес. Тіпті баласы қоңыз теріп кетсе де өзінің әрекетін дұрыс деп санайтын ата-аналар бар. Ал біз үшін адам өміріндегі от­ба­сының рөлі ерекше. Үлкен­дер­ге қамқор болу, олардың ри­зашылығын алу әр саналы аза­маттың өмірлік міндеттерінің бі­рі саналады. Алайда бала жеке тұрғысы келсе, қарсы болмаған дұрыс. “Он үште отау иесі” де­ген сөз бекер айтылмаған. Дәс­түрлі қоғамда жастардың таңдауы ескеріліп отырған. Қара­ша­ңы­рақта кім қалатыны, ата-ана­ны кім күтетіні жазылмаған дала заңымен реттелген. Алай­да басқа көзқарастардың пайда болуы әсерінен бүгінде бұл мәселе күрделеніп келе жатқан сияқты, – дейді қала тұрғыны.

Жастардың өз отбасынан бөлінуі адамзатты алғашқы қауымдық құрылыс кезеңінен бері алаңдатып келеді. Аңшылық пен терімшілік кезеңінің өзінде алғашқы адамдар бағыштау (инициация) салтын ұстанған. Бұл салтты орындау кезінде тай­падағы жастар өздерінің ересек өмірге қабілетті екендіктерін дәлелдеп, үлкендерден жолда­ма алған. Бағыштау кезінде боз­балалар түрлі сынақтардан өтіп, өздерінің қарым-қабілетін көрсетіп баққан. Сонымен қатар бұл жастағылар белгілі бір уа­қытқа қоғамнан бөлектеніп, үл­кендерден ересек өмірдің қыр-сырын үйренген. Барлық сыннан сәтті өткен жастар ғана өмір­дің екінші кезеңіне өтіп, от­ба­сын құру, өз бетінше таңдау жа­сауға мүмкіндік алған. Мұн­дай салттар кейін басқа да дін­дер мен халықтарда болған екен.

Алайда ол дәуірден бері мыңдаған жылдар өтті. Бүгінгі жастарды алғашқы адамдарды айтпағанда, алдыңғы буынмен салыстыруға келмейді. Олар­дың өмірге деген көзқарасы бас­қа.

– Бүгінгі әлемнің жастарға ұсынып отырған мүмкіндіктері көп. Қатарластарымның бәрі соны пайдаланып, өмірден шы­найы әсер алғысы келеді. Меніңше, қазіргі қыз-жігіттер үшін жайлы өмір, қолайлы жағ­дай­дан көрі табысқа жету мүм­кіндігі маңыз­ды сияқты. Сон­дықтан ержет­кен жандар бөлек өмірді таңдап жатса таңдану­дың керегі жоқ. Жастардың тұ­рақты ор­нын ауыс­тыруы, басқа қала, ел­ге кетуі өмірден өз ор­нын табуға деген талпынысы. Оған кедергі келтірмеген жөн деп бі­лемін, – дейді қызыл­жарлық жастардың бірі Тілеген Жарқынұлы.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp