Әлеуметтік желілер – айдағанға көнбейтін жүгенсіз ат сияқты. Кім не қаласа соны жариялап, талас-тартыс қызып жатады. Ондай “білгіштерге” “әй” дейтін әже, “қой” дейтін қожа жоқ. Кейде өзім білемдікке салынғандардың жазбаларын көріп, шынымен-ақ шошисың. Әлемжелі жай ғана пікір алаңы емес, жұртшылықтың өсек-аяңының отын өршітетін ортаға айналып бара жатқаны өкінішті. Пайдаланушылардың қызды-қыздымен қорлық-қарғысқа да барып жатқаны ойлы адамның жағасын ұстатады. Ақын Әмірхан Балқыбектің сөзімен айтар болсақ, ғаламторда “қазақты қазақ өлтіру” ойыны жүріп жатқан сияқты. Күн сайын біреуді біреу күстаналап, ар-намысын аяққа таптап жатқан видеолар желдей есіп, көз ілеспес жылдамдықпен тарап жатыр. Екінің бірі блогер деген ат алып, көңілі толмаған нәрсені видеоға түсіріп, парақшасына сала береді. Күні кеше осындай жазбалардың біріне көзім түсті. Автобустағы орындықтардың бірінде отырған балаға айнала қоршаған егде жастағылар айып тағып, оны орнынан тұрмағаны үшін кіналауда. Мен бұл ретте үлкенге орын бермеген жасты да ақтап алғым келіп тұрған жоқ. Алайда сол үшін ана сүті аузынан кеппеген жасөспірімді “сен өз орныңда отырған жоқсың” деп жұрттың көзінше жерден алып, жерге салу дұрыс па? Сол сәтте үлкендердің “Сенің орның маған бес тиын”, “Сен қазақ еліне керек адамсың ба өзі?” деген сөздері біздегі кей егде жастағылардың өзінен жастарға қарасты ұстанған позициясын көрсетіп тұр. Өзінің уақытша ғана қолайлы жағдайы үшін басқаның ит терісін басына қаптауға дайын жандардың өзгеден құрмет талап етуі өте қызық.
Римдік ойшыл Сенека “Болып жатқан оқиғаның бәрі сөзсіз болуға тиіс нәрсенің белгісі”, – депті. Демек жаңағыдай оқиғалар да аға буынның ұрпақ тәрбиесінде жіберіп алған олқылықтарының көрінісі екені анық. Бұл көптің арасына тарап кеткен бір мысал ғана. Ал шын мәнінде үлкендер мен жастар арасындағы қайшылыққа күнде куә боламыз. Жастардың жолын бөгеу, олардың талабын елемеу, үнін естімеу осындай салдарға әкеп соғатынын түсінуіміз керек.
Жастар үлкендерден қолдау, ақыл-кеңес пен жанашырлықты қажет етеді. Ал үлкендер болса өз ізбасарларының тілеуін тілесе игі еді. Ақын Ықылас Ожайдың “Онсыз да қоғамда орны жоқ жастардың әзер дегенде қол жеткізген орындығына (мейлі ол автобус орындығы болсын) көз алартып қызғануды доғарып, “үлкен басымызбен” дегдарлық танытуымызға болар еді ғой”, – деген пікірі өте орынды.
Өзара қатым-қатынас, сыйластық екі тараптың да қатысуымен жүзеге асады. Жастар үлкенді сыйласын десек, үлкендер де оларды түсінуге тырысып, қоғамдағы орнын мойындауы керек. Ал олардың қалауын аяққа таптап, тек құрмет талап ету қоғамды күрделі дағдарысқа бастайды. Қысқасы жаңағыдай оқиға біздегі ұрпақтар сабақтастығының әлі де берік емес екенін көрсетіп берді.
Назым СЕРІК.