«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЖАН-САРА айтысының шындығы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біржан-Сара айтысы қазіргі таңға дейін шешілмеген жұмбақ болып келе жатыр. “Біржан-Сара айтысы шын мәнісінде болды ма?”, “Бұл айтыстың авторы – Әріп Тәңірбергенов деген шындық па?” деген сұрақтарға өздігінше жауап бергісі келгендер көп. Бір ғалымдар тобы айтыс тарихта болды десе, екінші тобы айтыс болмаған, айтысты Әріп өз ойынан құраған деседі. Тіпті бір топ ғалымдар – Біржан мен Сара айтысқан, алайда біршама уақыт өткеннен кейін Әріп қағаз бетіне түсірген деген тұжырымдарды ұстанады.

Біржан мен Сараның айтысы жа­йында Жамбыл ақыннан бастап, І.Жансүгiров, М.Әуезов, С.Мұқа­нов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Мұ­ха­мед­ханов, І.Омаров, Б.Кен­жебаев, Н.Баймұра­тов, Т.Қа­лилаханов, С.Қайнар­баев, Ө.Ес­назаров, Ш.Ахметов, Е.Ысмай­лов, М.Имашев, тағы басқа әде­биет өкілдері сөз қозға­ған. Әде­биет тарихына есімі алтын әріп­пен жазылған ғалымдардың зерттеу жұмыс­та­рына баға бе­ріп, сүзгіден өткі­зуге деңгейімнің жетпесі анық. Алайда жоғарыда аталған сұ­рақтардың жауабын табу мақса­тына екі тараптың ой-пікірін саралап, тұжырымымды жазуға бел байладым.

Осы мәселені зерттеу бары­сында елуден артық ғалымның айтыс жөніндегі көзқарасымен таныстым. Бірден аңғарғаным – екі тараптың қатып қалған ұс­танымдары бар. Яғни, айтыс болды деушілер Жүсіпбек Шай­хисламов Сараның аузынан қа­ғазға түсірді деп, Әріпке байла­нысты тарихи деректерді айна­лып өтеді, ал айтыстың авторы – Әріп деушілер айтысты көзбен көріп, құлақпен естіген адамдар­дың сөзін елемейді. Даудың шешімін таппай келе жатқанды­ғының да басты себебі, осы – бірін-бірі естімеу.

Ең алдымен, ойдан жаңыл­мас үшін Біржан, Сара, Әріптің туған жылдары жайлы сөз қоз­ғасақ. Біржан-Сара айтысының 1898 жылғы нұсқасында:

Ауылына Тұрысбектің Сара кепті.

Өлеңді жүндей сабап дүрілдетті.

Сол кезде он жетіде ақын Сара,

Жел сөзге адам болмас одан епті…

Серілік құдай салған мұндай өнер,

Пендеге әр не болса тәңірім берер.

Мың жарым жылқысы бар атасының,

Уақыты екен отыз сегіз жасқа келер – деген жолдарды кездес­тіреміз.

Яғни, бұл өлең жолдарынан айтыс болған уақытта Сараның жасы 17-де, ал Біржанның 38 жас­­та болғанын аңғарамыз. Ал енді айтыстың қай уақытта бол­ғанын дөп басу үшін ақындар­дың туған жылын анықтау қажет. Бұл жа­йында ғалымдар не деді екен?

Айтыстың өткенін қолдаушы­лар біресе Сараны 1878 жылы ту­ды, ал айтыс 1895 жылы бол­ды десе, кейін сөздерінен ай­нып, 1853 жылы туғызып, 1871 жы­лы Біржанмен кездеседі де­седі. Яғни, Қазақ-кеңес энцикло­педиясында “Сара 1878 жылы туып, 1916 жылы дүниеден өт­кен” делінсе, 1989 жылғы Қазақ КСР қысқаша энциклопедия­сын­да “1853-1907 жылдары өмір сүр­ген” деп өзгертіледі. Айта ке­те­ті­ні, Сара Тастанбекқы­зының зи­ра­тында 1878 жылы туып, 1916 жы­лы қайтыс болды деп жазыл­ған.

Қайым Мұхамедханов өз зерт­теу еңбегінде бұл жайында жан-жақты мәлімет береді, тіпті 1978 жылы Сараның 100 жыл­дық мерейтойы тойланғанын атап өтеді. Бірақ 14 жыл өткен­нен кейін, яғни, 1992 жылы 125 жылдығы тойланған. Сонда Са­ра ақын 1878 жылы да емес, 1853 жылы да емес, 1867 жылы дү­ниеге келген деген ойға келе­міз. Біржақтылық жоқ.

Ал енді тарихи деректер Біржан салдың өмірі жайлы не дер екен?

Сәбит Мұқанов 1939 жылы “Әдебиет майданы” журна­лын­да жарияланған “Айтыс және ақын” мақаласында: “Біржан мен Сара айтысы” деген өлеңді Найман Әріп шығарыпты деген сөз бар. Сараға Біржан 37 жасында жолыққан, бұл – 1862 жылы Сараны Біржанның іздеп барып жолығуы. Екеуі айтысқан, оған сол кезде Біржанның ат­қосшысы болып барған, айтыс­ты көзімен көрген Біржанның ағасы Нұржанның баласының сөзі куә. Ол бала қазір қартайған шал” – деп, айтыс кезінде Бір­жанның қасында болған інісі Нұр­жанның мәліметін ұсынады. Кейін 1942 жылғы “Айтыс” кіта­бының І томындағы “Ақын және айтыс” мақаласында С.Мұқанов: “Бізге шамалы түрде мәлім ақындар да жоқ емес, мәселен, атақты Біржан сал, ол қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Енбекшілер ауданында (Көкше­тауда) Степняк алтын заводы­ның қасында 1825 жылы туған, 1887 жылы өлген. Туған елінде Біржанның ақындығынан әншілі­гі көбірек мәлім”, – дейді. Бұл пікірді қолдаушылардың бірі Қажым Жұмалиев болды. “Ха­лық поэмалары” кітабында жа­рияланған “Біржан мен Сара” ма­қа­ласында Біржанның өмір сүр­ген жылдары 1825-1887 жылдар деп көрсетілген. Яғни, әдебиет­тану­шы Сәбит Мұқановтың, Қа­жым Жұмалиевтің деректері бойынша айтыс 1862 жылы бол­ған. Сонда бұл уақытта Біржан салдың жасы 37-де болғанымен, Сараның жасы сәйкес келмейді. Егер ақын қызды 1878 немесе 1867 жылы туды десек, онда айтыстың өтуі мүмкін емес. Тіпті Сара 1853 жылы туды дегеннің өзінде, Біржан салмен кездескен сәтте 9 жасар кішкентай қыз болар еді. Сондықтан жоғарыда аталған ғалымдардың келтірген деректері тарихи тұрғыдан бір-бірімен сәйкеспейді.

Қайым Мұхамедхановтың айтуы бойынша бұл – айтыс түрінде жазылған дастан. Ол Әріп Тәңірбергенұлын шығарма­ның авторы деп есептейді. Ай­тыс­тың құрылысына тоқталсақ. Айтыстың басында автор ақындарды таныстырады, алдымен Сараның шыққан тегі, кейін Бір­жан жайлы ақпарат береді. Тіпті, екі ақынның айтысы ортасында автордың сөзі араласып жүреді. Мұны мына жолдардан көреміз:

Дәуірлеп, қыздың дауысы шықпаған соң,

Айғайлап ұран салды Қарқабаттап.

Кек тамда Тұрысбектің ауылында,

Көріп ем істің жеңіл, ауырын да.

Біржанның төңкерілген әніменен,

Ешкіөлмес ел жиылды бауы­рына, – деп Әріп Біржан­ның Сараға келгеннен кейін, ақын қыздың айтысуға бірден шықпа­ғандығын және сол мезет­те ауыл халқының жиналғанды­ғын өз сөзімен жеткізеді. Тіпті, бұл айтыста екі кейіпкерден бө­лек Есімбек сынды кейіпкерлер­дің де сөзі бар екені жасырын емес.

Шындығында, бұл айтысты оқыған сәтте, белгілі бір сюжетке құрылған көркем туынды елестейді. Туындының идеясы – қа­зақ қызының бас бостандығы.

Алуа ТЕМІРБОЛАТ,

Бостандық орта мектебінің 10-сынып оқушысы.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp