Мемлекет басшысы 2025 жылды “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялады. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашан да құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл “Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс” қағидатына толық сай келеді.
Біздің ауданға механизатор, дәнекерлеуші, аспаз, жүргізушісі және басқа да қарапайым жұмысшылар керек-ақ. Булаево қаласындағы кәсіби дайындық колледжі жоғарыда аталған мамандықтар бойынша студенттерді оқытып, ауданның агро саласы үшін жас мамандарды даярлап келеді. Сондай жас маманның бірі – Нодир Нұрмұқанов.
Нодир Маратұлы Өзбекстан Республикасында туып-өскенімен, оның бар саналы ғұмыры Қазақстанда өтуде. Ол 2003 жылы 11 қыркүйекте дүниеге келген. Әкесі Марат пен анасы Назокат 5 бала тәрбиелеп, ұл-қыздарын жастайынан еңбекке баулуда. Өздері де жұмыс істеп, балаларын да адал еңбектің дәмін сезінуге үйретуде.
Нодир Медвежка орта мектебінің 9-шы сыныбын бітіріп, үш жыл бойы колледжде дәнекерлеуші мамандығы бойынша білім алды. Әскери борышын өтеп келген ол көптеген шаруашылықтарға тәжірибе алмасуға барды. Содан болар, көп тәжірибе жинақтап алған жас маман қазір өзіне жүктелген жауапкершілікті жақсы түсінеді.
– Мен “Дос” шаруа қожалығында бірнеше рет өндірістік практикадан өттім. Әкем де осында жұмыс істейді. 2023 жылдың орақ науқаны кезінде осы шаруашылыққа тракторшы болып жұмысқа орналастым. Мамандығым маған ұнайды. Мен жүк көліктеріне астық тиеп, кептіру мен тасымалдау жұмыстарына араласамын. Шаруа қожалығы жұмысшыларға барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Ең бастысы, еңбекақысы жақсы әрі уақытында береді. Сондықтан жастарды үйде қол қусырып жай отырмай, шаруашылықтарға барып, еңбек етуге шақырамын, – дейді жас механизатор Нодир Маратұлы.
Еркін ТӨЛЕГЕН.
Мағжан Жұмабаев ауданы.