«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тұрғындарды алаңдатқан түйткілдер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” құру үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнатудың маңызды екенін жиі айтады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай бүгінде Президент әкімшілігінен бастап, облыстық, аудандық әкімдіктерде азаматтарды қабылдау күндері өтуде. Оның аясында тұрғындар басшыларға өз өтініштерін жеткізіп, жауап ала алады.

Билік пен бұқараның арасын нығайтып, азаматтар өтініштері­нің орындалуын қадағалау мақ­са­тында облыс орталығында қа­былдау күні өтті. Бірнеше сағатқа созылған шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, орын­ба­сар­лары мен басқарма басшы­ла­ры қатысты. Қабылдау­ға жазылғысы келгендер алды­мен тір­кеуден өтіп, кейін кезекпен өзде­рін алаңдатқан мәселе бойынша жауапты басшылармен тілдесті. Тұрғындарды толған­дыр­ған мә­селелер сан алуан. Олардың қатарында облыс пен қала әкіміне сауал жолдағысы келгендер көп. Кейбіреулер бір­неше басшымен қатар кездесіп, сұ­рақтарының бәрін бүкпесіз қойып жатты.

– Біз қаладағы жаңадан са­лынған үйлердің бірінде тұра­мыз. Баспанамыз Исмаилов пен Горький көшесінің қиылысында орналасқан. Осы қиылыста көлік те, жаяу жүргінші де көп. Жолдың арғы бетіне өту мұң. Қиы­лысқа бағдаршам орнатылма­ған. Өт­кенде үйіміздің қасында бір адамды көлік қағып кетті. Мұнда құрылыс салынбай тұрып бағ­даршам болған. Жаңа үйіміздің маңы жап-жақсы абат­тан­дыры­лып, газон егіліп, тро­туар салын­ған. Көп өтпей газон қазылып, жаяу жүргіншілер жолы бұзыла бастады. Көшедегі арық­тарға қатысты да шешілмей жат­қан мәселе аз емес, – дейді Әсем­ Айтжанова.

Аталған қиылыста жеңіл көлік­пен қатар автобустар мен жүк кө­лік­тері де жиі жүреді. Жақын маңда жаңа үйлер, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры, мектеп, Спорт сарайы ор­наласқан. Тұрғындар бұған дейін қала­лық әкімдіктегілерге бұл мә­селені бірнеше мәрте айтқанымен, мар­дымды жауап ала ал­маған. Он­да­ғылар бағдаршамды орна­ту, ор­нат­пау туралы нақты шешім шы­ғармапты. Жолаушы­лар­дың қауіп­сіздігіне алаңдаған­дар енді облыс әкімінің қабылдауына ке­ліп отыр. Өңір басшысы атал­ған сұраққа жауап беру үшін қала әкімі Серік Мұхаме­диевті шақырды.

– Бағдаршам алғашында жо­бада болмағаны рас. Тұрғындар­дың өтінішінен кейін біз оны жо­баға қостық. Жұмыстар биыл орын­далуы тиіс. Шамамен бір ай­дан кейін бағдаршам қойылады. Аталған көшедегі қазба жұмыста­рына келсек, шұңқырлар электр же­лілерін тарту аяқталғаннан кейін тегістеледі. Арықтардың әуел баста дұрыс жобаланба­ғаны белгілі болды. Бұл мәселе­лердің шешімін іздейтін бола­мыз. Сонымен қатар келер жылы атал­ған көшеге асфальт төсеу жос­­парда бар, – деді Серік Мақ­сұт­ұлы.

Ғауез Торсанұлы қала бас­шы­сына бірқатар тапсырмалар беріп, қабылдау бары­сында көтерілген барлық мәселе­лер ба­қылауға алынатынын айт­ты.

Азаматтарды қабылдау күнін өткізу оң бастама болғанымен, тұрғындардың бәрі мұндай шаралардан құлағдар емес екенін аңғардық. Тиісті басшылардың бәрі азаматтарды қабылдағысы келгенімен, оларға барған адам­дар бірен-саран ғана, ал кей бас­қармалардың өкілдеріне мүлде сауал жолданған жоқ.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp