«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Құрметтесең, құрмет көресің

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлеуметтік желілер – айдаған­ға көнбейтін жүгенсіз ат сияқты. Кім не қаласа соны жариялап, талас-тартыс қызып жа­тады. Ондай “білгіштерге” “әй” дей­тін әже, “қой” дейтін қожа жоқ. Кей­де өзім білемдікке салынғандар­дың жазбаларын көріп, шынымен-ақ шошисың. Әлемжелі жай ғана пікір алаңы емес, жұртшылықтың өсек-аяңының отын өршітетін ор­та­ға айналып бара жатқаны өкініш­ті. Пайдаланушылардың қызды-қыз­дымен қорлық-қарғысқа да ба­рып жатқаны ойлы адамның жаға­сын ұстатады. Ақын Әмірхан Бал­қы­бектің сөзімен айтар болсақ, ға­ламторда “қазақты қазақ өлтіру” ойы­ны жүріп жатқан сияқты. Күн са­йын біреуді біреу күстаналап, ар-намысын аяққа таптап жатқан ви­деолар желдей есіп, көз ілеспес жыл­дамдықпен тарап жатыр. Екі­нің бірі блогер деген ат алып, көңілі толмаған нәрсені видеоға түсіріп, парақшасына сала береді. Күні ке­ше осындай жазбалардың біріне кө­зім түсті. Автобустағы орындық­тар­дың бірінде отырған балаға айнала қоршаған егде жастағылар айып тағып, оны орнынан тұрмаға­ны үшін кіналауда. Мен бұл ретте үлкенге орын бермеген жасты да ақтап алғым келіп тұрған жоқ. Алайда сол үшін ана сүті аузынан кеп­пеген жасөспірімді “сен өз ор­ныңда отырған жоқсың” деп жұрт­тың көзінше жерден алып, жерге са­лу дұрыс па? Сол сәтте үлкендер­дің “Сенің орның маған бес тиын”, “Сен қазақ еліне керек адамсың ба өзі?” деген сөздері біздегі кей егде жастағылардың өзінен жастарға қа­расты ұстанған позициясын көрсе­тіп тұр. Өзінің уақытша ғана қолай­лы жағдайы үшін басқаның ит тері­сін басына қаптауға дайын жан­дар­дың өзгеден құрмет талап етуі өте қызық.

Римдік ойшыл Сенека “Болып жатқан оқиғаның бәрі сөзсіз болуға тиіс нәрсенің белгісі”, – депті. Де­мек жаңағыдай оқиғалар да аға буын­ның ұрпақ тәрбиесінде жіберіп ал­ған олқылықтарының көрінісі екені анық. Бұл көптің арасына тарап кеткен бір мысал ғана. Ал шын мә­нін­де үлкендер мен жастар ара­сындағы қайшылыққа күнде куә бо­ламыз. Жастардың жолын бөгеу, олардың талабын елемеу, үнін ес­тімеу осындай салдарға әкеп со­ғатынын түсінуіміз керек.

Жастар үлкендерден қолдау, ақыл-кеңес пен жанашырлықты қажет етеді. Ал үлкендер болса өз із­басарларының тілеуін тілесе игі еді. Ақын Ықылас Ожай­дың “Онсыз да қоғамда орны жоқ жастардың әзер дегенде қол жеткізген орын­дығына (мейлі ол ав­тобус орын­ды­ғы болсын) көз алар­тып қызғануды доғарып, “үлкен ба­сымызбен” дег­дарлық танытуы­мыз­­ға болар еді ғой”, – деген пікірі өте орынды.

Өзара қатым-қатынас, сыйлас­тық екі тараптың да қатысуымен жү­зеге асады. Жастар үлкенді сыйла­сын десек, үлкендер де оларды тү­сінуге тырысып, қоғамдағы орнын мойындауы керек. Ал олардың қа­лауын аяққа таптап, тек құрмет та­лап ету қоғамды күрделі дағда­рысқа бастайды. Қысқасы жаңағы­дай оқиға біздегі ұрпақтар сабақ­тастығының әлі де берік емес еке­нін көрсетіп берді.

Назым СЕРІК.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp