«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ағайынды балуандар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Спорт әлемінде ағайынды спортшы­ларды жиі көреміз. Ағалы-інілі, апалы-сіңілілер арасында дүбірлі додаларда талайдың таң­дайын қақтырып жүрген сайыпқырандар да бар. Аралас жекпе-жек шеберлері Бейбіт пен Ардақ Назаров, бокстағы Данияр мен Дәурен Елеусінов және биылғы Олимпиадаға қатысқан Айбек пен Нұрбек Оралбайды мысалға келтіруге болады. Бұл қатарға облысымыздың тумалары, ағайынды Дәуренбековтерді де қосқан артық емес.

Дәуренбековтер әулетінде бес ұл, үш қыз бар. Ұлдардың үшеуі өмірлерін грек-рим күресіне арнаған. Алды спортшы ретінде кәсіби мансаптарын аяқтағанымен, бозкілемнен әлі кеткен емес. Үлкені Амангелді 1976 жылдан бастап күреспен айналысады. Әлемдік додаларда топ жармаса да, республика деңгейіндегі талай жарыста қарсыластарының жауырынын жер иіскеткен. Жасөспірімдер арасында ҚазКСР біріншіліктерінің бірнеше дүркін жүлдегері, республикалық турнирлердің жеңімпазы. Қазіргі уақытта зейнет демалысында.

Амангелді Дәуренбековтің жолын туған бауырлары жалғағанын атап өткен жөн. Жоламан ағасының ізін басып қана қоймай, оның жеткен жетістіктерінен асып түсті. Ол 1983 жылдан бастап халықаралық жарыстарға қатысты. Талай мәрте жеңіс тұғырынан көрінді.

– Мағжан Жұмабаев ауданы Советское ауылынан көшіп, Петропавлдағы интернатқа оқуға түскен кезім әлі есімде. Сол уақытта көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған мектеп-интернат деп аталды. 1976 жылы білім ошағында грек-рим күресінен үйірме ашылды. Ағам Амангелді оған бірден жазылды. Соңынан мені ертіп апарды. Алғашқы халықаралық жарысым Баку қаласында өтті. 1983 жылы бірінші жүлдеме қол жеткіздім. Содан бері талай мәрте дүбірлі сайыстарда бағымды сынап көрдім, – дейді Жоламан Дәуренбеков.

Жоламан Манайдарұлы 1983-1988 жылдар аралығында КСРО қарамағындағы республикаларда өтетін турнирлерден қалыс қалған емес. Бірінде алтыннан алқа тағынса, келесіде күміс, не қола жүлде алатын, қоржыны бос қайтқан кезі сирек. Грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері қазіргі таңда Ақмола облысының Жақсы ауданында күрес үйірмесінде жаттықтырушы болып қызмет етеді. Өскелең ұрпақты спортқа баулып жүрген ол жуырда ел намысын әлем чемпионатында абыройлы қорғап, ардагер-спортшылар арасында күміс жүлдегер атанды.

– Хорватияның Порек қаласында грек-рим күресінен әлем біріншілігі өтті. Бұл сында ардагерлер арасында өнер көрсетіп, күміспен күптелдім. Бұл – менің соңғы кездегі үлкен жеңісім деуге болады. Финалда Финляндия елінің өкіліне жол бердім. Әлі де бойымда бұла күш бар екеніне көзім жетті. Енді келер жылы да халықаралық сайыстарда бағымды сынағым келеді, – деген балуанның алдағы жоспары ауқымды.

Ағаларының ізін басқан Уәлихан Манайдарұлы да бала күннен күреске әуес. Ол да әулеттің үлкендері бастаған жолды жалғастырды. Талай мәрте республикалық және халықаралық турнирлерде топ жарып, грек-рим күресінен спорт шебері нормативін орындады. Қазір Петропавлда белбеу күресінен облыстың аға жаттықтырушысы болып қызмет етеді.

– Күрес – менің өмірім. Алғашында грек-рим күресімен айналыстым. Кейін өскелең ұрпақты аталмыш спорт түріне баулығым келді. Сондықтан болар, бапкерлік жолды таңдадым. Тәуелсіздік жылдары белбеу күресін игеріп, балаларға үйрете бастадым. Бүгіндері әлемдік деңгейде атой салып жүрген шәкірттерім бар. Ұлттық спортты жаңа деңгейге шығарғым келеді. Ол үшін аянбай еңбек етудемін, – дейді Уәлихан Манайдарұлы. Көпбалалы әулеттен шыққан үш бірдей балуанның халықаралық жарыстарда жеткен жетістігі, елімізде күрестің дауына сіңірген еңбегі көпке үлгі.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp