«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰРТЫНА ҚАДІРІ МӘЛІМ ЖАҚАҢ ЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Уақыт көші алға жылжыған сайын көне соқпақ, кешегі өткен күндер көкірегіңді қоламтаның шоғындай қыздырып, елес берері бар. Аруақ қонып, нар шөккен әйгілі Айыртау атырабындағы халқына қалтқысыз қызмет еткен ел ардақтылары туралы сыр толғап, көңіл елегінен өткізген кезде кісілік келбеті, адамгершілік ажарымен ойыңа оралатын арқалы азаматтың бірі – Жақаң, Жақсыбай Төрегелдин.

Айыртау елі Алашқа аты шық­қан, ұлттық құндылығымыз­ға, ру­хани айдынымызға мәңгі өлмес мұра қалдырған Ақан серінің ту­ғанына 180 жыл толуын атап өт­ті. Әнші композитордың сан қыр­лы шығармашылық мұрасы ке­йінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етілді, әуелеп әсем ән шырқалды, ай­тыскерлер сөз семсерін суырып топқа түсті. Құлагер көсілген кең дала бүгінгі тұлпарлардың тұяқ дүбірімен дала күйін ойнады. Есте жоқ ескі кезеңдегі әдемі су­реттер көз алдыңнан қызылды-жасылды бар салтанатымен толайым тебіреніп өткендей. Той қар­баласы оңай-оспақ шаруа емес. Қанша жерден ақыл қосып, бүге-шігесіне дейін ескердім де­ген­мен, ұмыт қалатын, әттеген-ай дейтін тұстары болады. Ол үшін әрине, ешкімді кінәлауға болмас. Солай бола тұра, зама­нында көптің көмегімен салын­ған, Ақан серінің жамбасы жерге тиген топырақта көтерілген ма­зар ұмыт қалғандай. 2019 жылы ол Қазақстанның киелі жерлері­нің картасына енгізілгені белгілі.

Той өткен соң тырнақ асты­нан кір іздегендей мін табатын­дар қатарынан емеспін. Айыбы жоқ, әрнені ескеру керек. Жақсы­ның жақсылығын айтса, жалпы жұртқа абырой. Енді осы арада 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басында бүгінде жалпақ жұрт мінәжат ететін Ақан сері мазарының салыну тарихын айта кетейікші. Сол тұста Айыр­тау елінде қызмет еткендіктен бүгінде ел жадынан өшіп бара жатқан тарих тағылымын білетін едік. Ендігі мәселе ел білсін, жұрт жадына тоқысын дегендік. Бұл да Ақан елінің жылнамасы. Сар­ғайған газет парақтарын ақтар­саңыз, 1990 жылдың 11 қаза­нын­да жарық көрген аудандық “Ле­нинский путь” газетінің №122 нө­мірінде аудандық халық де­пу­тат­тары кеңесі президиуымы­ның кезекті отырысы өткізіліп, он­да ақын-композитор Ақан серінің туғанына 150 жыл толуын атап өту мәселесі қарастырылған­ды­ғы туралы шағын ғана хабар жа­рияланыпты. Осы хабарда Ақан серінің басына ескерткіш қойы­лып, төңірегі абаттандырылып, жалпы кескіні, бітімі әйгілі ақын­ның шығармашылығын ел есіне салып тұратындай көрікті болуы керектігі туралы айтылған екен. Міне, осы деректен ақын мазары 1990 жылы тұрғызылғандығын аңғаруға болады. Әйтсе де, қым-қуыт шаруаның егжей-тегжейі ту­ралы жазылған деректер жоқ екен. Мәселенің мәнісін сол уа­қытта Володар аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет істе­ген ел ағасы Болат Рахимовтан білуге әбден болады. Аудандық партия комитетінің бірінші хат­шы­сы, абзал аға, асыл азамат Бо­лат Көшімбаев сексенінші жыл­дардың соңында Ақан сері­нің мұрасын насихаттау туралы маңызды мәселе көтергені есім­де. 1988 жылы ақынның дүниеге келгеніне 145 жыл толуы қарса­ңын­да ойға алған шаруа өрісте­тіле берген. Болат Ахметжанұлы қолға алған істі сәтімен сабақтау үшін Алматыға барып, қаржы­лан­дыру мәселесін қозғаған. Әйт­се де әп бәрекелді деп қолдай қойған ешкім жоқ. Міне, іс түйіні күрмеліп, алға басқан қадам кері кетіп тұрған кезде Үкілі Ыбырай атындағы совхоздың директоры Жақсыбай Төрегелдин ынталы топқа басшылық жасайды. Ес­керткіш салу шаруашылықтың көр­сеткішін көгертетін іс емес. Тіпті, солақай саясаттың семсері кімнің басын аламын деп қан тілеп тұрған уақытта жоғары жақтың қырына ілініп кетуі де ғажап емес. Мұндай елдік істі ел мұратын көксеген ерлер ғана атқармақ. Шынтуайтында Алаш баласына қажетті аруақты іске ол кезде мемлекет тарапынан қаржы бөлдіру мүмкін емес еді. Халыққа шынымен керек болса, сол халықтың өзі салып алсын дейтұғын қасаң көзқарас қалып­тасқан.

Болат Шоңұлының айтуына қарағанда, мұндай нысан сол кездегі Көкшетау облысының бас архитекторымен келісіп қана жү­зеге асырылуы керек. Міне, осы кезде ел ағалары образға орап айтқанда, бастарын бәйгеге тігіп, иманды шаруаға атсалысты. Әрі қарай совхоз директоры Жақсы­бай аға Төрегелдин бел буып кі­рісті. Үкілі Ыбырай атындағы сов­хоздың тұрғындары қаражат жи­най бастады.

– Ол кезде он тоғыздағы жас жігітпін, – дейді баласы Төлеген Жақ­сыбайұлы, – 1988 жылы ма­зардың жұмысына әкемнің қатты кіріскені есімде қалыпты. Әйгілі ақынның аруағын сыйлағандығы ғой. Қатты қиналып жүргенін көр­генде осы істің не қажеті бар деп сұрағаным да есімде. Сонда әкем “кейін ұғасың” деп жауап бер­ген. Кейін ұқтым, елге деген, елдің өнерпаз еріне деген ма­хаббаты екен ғой. Қашан болсын туған жерінің мерейін өсірсем деп табаны тастан таймаған тар­ланбоздай еңбек еткен қайран әкенің перзенттік парызын өте­гені екен бұл.

Мына бір деректі айта кетсек, Жақсыбай ағаның абзал бейнесі тіпті асқақтай көрінер еді. Болған дү­ниені неге айтпасқа? Мазар­дың ескерткіш сұлбасын жаса­ғаны үшін архитекторға ақы тө­ленуі керек. Жақсыбай Қалым­тайұлы қорасындағы бір сиырын сатып төлеген. Кейін жан жары Тойым Есмағұлқызы “Сиырды саттың, ақшасы қайда?” – демей ме, Жақсы аға болса жұмсақ жымиған да қойған.

Мазарға қажетті сапалы кір­піш сонау Украинадан жеткізіл­ген. Жұмысы 1988 жылы баста­лып, 1990 жылы аяқталған. Сов­хоз жұмысшылары ортақ іске жұ­мыла қатысып, қолғабысын ти­гіз­ген. Көппен біткен шаруа. Ал жаны жайсаң Жақсы аға жұмыс барысын үнемі қадағалап жүр­ген. Карасевка селосының тұр­ғы­ны Нұржәмила Әлібекова бұл тарихты жақсы біледі. Мазарды көкшетаулық құрылысшы Қайрат көтерген. Айыртау аудандық ар­дагерлер кеңесінің төрағасы Се­рікбай Тұралинов бұл уақытта Қаратал совхозы директорының қызметін атқарып жүргендіктен мазар салу мәселесі қалай жү­зеге асырылғанын жақсы біледі. Өзекті өртер өкініші сол, елдік шаруаны еңсеріп, жақсы істің басы-қасында жүрген Жақсыбай Қалымтайұлы ақынның 1993 жы­лы өткен мерейтойына қатыса алмады. Жарғақ құлағы жастық­қа тимей жұмыс істей жүріп, 1991 жылы өмірден өтіп кетті.

Кейінгі ұрпақ игі жақсылар­дың иманды шаруасын біле жүр­сін деп осы бір істі айта отырып, туған елінің тұғырын биіктетуге талмай еңбек еткен Жақсыбай ағаның жақсы істерінің бір пара­сын біз де айтып жатырмыз. Ке­йінгі ұрпақ біле жүруі үшін.

Көшек СӘМЕНОВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp