Республика күні қарсаңында Премьер-министрдің кеңесшісі Ермек Маржықпаев пен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен ағашты тереңдете өңдейтін жаңа зауыт іске қосылды.
Түрік инвесторы Оғузхан Челиктің озық жобасын жүзеге асыру мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болды. Кәсіпорынға 8 млрд. теңге мөлшерінде қаржы тартылып, 300 адам жұмыспен қамтылды. Зауыт жоғары технологиялық заманауи қондырғылармен жабдықталған. Толық қуатына көшкенде жылына 50 мың текше метр ламинатталған фанер шығара алады. Осылайша елімізде аталған өнімнің импорты 13 пайызға дейін азаймақ.
Ағаш өңдеу кластері “Qyzyljar” АЭА аумағында орналасқан. Мұнда жанармай түйіршіктерін шығаратын желі де іске қосылуда. Бұдан бөлек, ДСП, химия және жиһаз өндірісін жолға қою жоспарланған. 2027 жылға дейін бұл бағытқа 25 млрд. теңге инвестиция салынады.
Премьер-министрдің кеңесшісі жұмыс сапары барысында жылыжайды, қағаз өнімдері фабрикасын, сүт зауытын аралады. №2 Петропавл жылу электр орталығының жұмысымен танысып, көпір құрылысын бақылады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.