Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өз қызметін орман шаруашылығын ұйымдастыру, табиғат қорғаудағы іс-шаралар, мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу, қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беру, аңшылық және балық шаруашылығын реттеу және дамыту бағыттары бойынша үйлестіріп отырады. Мекемеге қарасты 12 және “Красный бор” жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау, ормандарды өрттен, заңсыз кесуден, түрлі зиянкестер мен аурулардан, сондай-ақ қаскөй адамдардан қорғау міндеттері жүктелген.
Өңірдегі мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 549,5 мың гектарды құрайды. Маңызды шикізат қоры әр алуандығымен ерекшеленеді және қайың-көктерек шоқтары басым (85 пайыз). Қалған бөлігі – терек, үйеңкі аралас.
Алдымызда Мемлекет басшысының тапсырмасына, сондай-ақ орман алқаптарын көбейтудің, ағаш өсірудің жергілікті кешенді жоспарына сәйкес, 2 млрд. ағаш желегімен көмкеру міндеті тұр. Үлкен жауапкершілік, зор ұйымдастырушылық шаралардың нәтижесінде соңғы үш жыл ішінде 28,2 млн.түп көшет отырғызылды. Биыл 1403 гектар алқапқа 8966 мың түп көшет егілді. Күз маусымында 2 мың гектардан астам аумақ қамтылады. Кешенді жоспарды орындау үшін арнайы қаржы қарастырылып, қажетті материалдар, ағаш тұқымы, 36 техника, тәлімбақтарға суаруға арналған 39 сыйымдылығы жоғары ыдыс сатып алынды. 9350 гектар жерге геоботаникалық зерттеу жүргізіліп, ағаш егу алаңдары белгіленді.
Негізгі міндеттің бірі – орманды заңсыз отауға жол бермеу. Нысаналы бағдарлама осыған бағытталып, қоршаған ортаны көздің қарашығындай сақтау жолдары мұқият ойластырылған. Орман қоры аумағында және оған іргелес жерлерде қызыл тілі сумаңдаған өрттің алдын алу өте маңызды, мұның өзі бейқам болмауды, кез келген төтенше жағдайға сақадай-сай әзірлікті қажет етеді. Осы себепті тұрғындар, оқушылар, туристер, демалушылар, ағаш дайындау бригадаларының жұмысшылары арасында түсіндіру жұмыстарын бір сәт те босаңсытпау басты назарға алынған. 475 рет бетпе-бет әңгіме өткізіліп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3137 парақша таратылды, 730 ұйғарым берілді. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы 85 мақала жарияланып, 7 телесюжет ұйымдастырылды. Демалыс және темекі шегу орындары талапқа сай жабдықталып, 1273 стенд орнатылды.
Орман өрттерінің алдын алудың айрықша шараларының бірі – орман алаңқайларын таза ұстау. Жыл басынан бері 2241 гектар алқаптан 3,5 мың текше метр қураған ағаш пен бұта шығарылды. 800-ге жуық жұмысшы жұмылдырылып, ұзындығы 26 113 шақырым өртке қарсы минералданған жолақтарға күтім жасалды, 978 шақырым жаңа жолақтар құрылды. Көршілес Ресейдің Омбы, Қорған және Түмен облыстарындағы әріптестермен бірлесіп, шекара маңындағы аумақтарда қоян-қолтық жұмыс істеу жөнінде келісімдерге қол қойылды. Жаз айларының шіліңгір ыстық кездерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады, өртке қарсы техника мен жабдықтар дайындыққа келтіріледі, жедел топтар құрылады.
Жыл өткен сайын мекемелердің материалдық-техникалық базасы жаңарып келеді. Биыл арнайы техникалар сатып алуға жергілікті қазынадан 252 млн. теңге бөлініп, бөлімшелер 2 өрт сөндіру көлігімен, 12 пилотсыз ұшу аппаратымен, өртті ерте анықтау қондырғысымен толықты. Күнделікті қызметте ағашты жинау және қайта өңдеу мәселелерін үйлестіріп отырудың мәні айрықша. 12 орман пайдаланушы ағаш дайындаумен және ағаш өңдеумен айналысады. Ағаш қалдықтары, нақтырақ айтқанда, 350 мың текше метрден астам қалдық сүрек тұрғындарға отын ретінде таратылды. Сүрекдіңді жаңарту және ормандардың тұқымдық құрамын байыту бойынша 619 гектар алқапта кесу, 224 гектар алқапта санитарлық-іріктеу жұмыстары атқарылды.
Биылдан бастап орман шаруашылықтары мен орманды ұзақ мерзімге жалға алушылар үшін арнайы төлемнің енгізілуі құптарлық. 38407 гектар аумаққа арнайы патологиялық зерттеулер, 318 гектар алқапқа биотехникалық іс-шаралар, 3138 гектар аумаққа химиялық өңдеу жүзеге асырылды. Орман зиянкестеріне қарсы күреске 21,7 млн. теңге жұмсалды. Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды сақтау, көбейту мәселелеріне тарту мақсатында 9 мыңнан астам жастың және еріктілердің қатысуымен 120-дан астам экологиялық акция барлық аудандарда ұйымдастырылды. Көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізу кезеңінде зардап шеккен отбасыларға орман шаруашылығы қызметкерлерінің риясыз, шын жүректен көмек қолын созғанын ерекше атап өткім келеді.
Техникалық сауатты және өз ісіне берілген мамандарсыз белгіленген мақсаттарға жетудің оңай емесін көп жылдық тәжірибеден жақсы білеміз. 535 орман қызметкерінің үштен бірінің жұмыс өтілі 15 жылдан кем емес. Әсіресе, сала ардагерлеріне алғысымыз бен құрметіміз шексіз. Оларды орман шаруашылығының негізін қалаған аға ұрпақ, жастардың ақылшысы ретінде әркез мақтан тұтамыз. Уақытпен санаспайтын жанқиярлық еңбегі арқылы таңдаған мамандығына адалдығын танытып келеді.
Алдағы міндеттер өте ауқымды. Орман шаруашылығының тиімділігін арттырудан бастап кәсіпорындарды техникалық қайта жарақтандыру, саланы цифрландыру, білікті кадрлар даярлау – басым бағыттардың бірі. Өңіріміздің табиғи ресурстарын сақтаумен қатар көбейту басты мұрат болып қала береді.
Бейбіт ИСМАНОВ,
облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.