Уақыт көші алға жылжыған сайын көне соқпақ, кешегі өткен күндер көкірегіңді қоламтаның шоғындай қыздырып, елес берері бар. Аруақ қонып, нар шөккен әйгілі Айыртау атырабындағы халқына қалтқысыз қызмет еткен ел ардақтылары туралы сыр толғап, көңіл елегінен өткізген кезде кісілік келбеті, адамгершілік ажарымен ойыңа оралатын арқалы азаматтың бірі – Жақаң, Жақсыбай Төрегелдин.
Айыртау елі Алашқа аты шыққан, ұлттық құндылығымызға, рухани айдынымызға мәңгі өлмес мұра қалдырған Ақан серінің туғанына 180 жыл толуын атап өтті. Әнші композитордың сан қырлы шығармашылық мұрасы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етілді, әуелеп әсем ән шырқалды, айтыскерлер сөз семсерін суырып топқа түсті. Құлагер көсілген кең дала бүгінгі тұлпарлардың тұяқ дүбірімен дала күйін ойнады. Есте жоқ ескі кезеңдегі әдемі суреттер көз алдыңнан қызылды-жасылды бар салтанатымен толайым тебіреніп өткендей. Той қарбаласы оңай-оспақ шаруа емес. Қанша жерден ақыл қосып, бүге-шігесіне дейін ескердім дегенмен, ұмыт қалатын, әттеген-ай дейтін тұстары болады. Ол үшін әрине, ешкімді кінәлауға болмас. Солай бола тұра, заманында көптің көмегімен салынған, Ақан серінің жамбасы жерге тиген топырақта көтерілген мазар ұмыт қалғандай. 2019 жылы ол Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енгізілгені белгілі.
Той өткен соң тырнақ астынан кір іздегендей мін табатындар қатарынан емеспін. Айыбы жоқ, әрнені ескеру керек. Жақсының жақсылығын айтса, жалпы жұртқа абырой. Енді осы арада 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басында бүгінде жалпақ жұрт мінәжат ететін Ақан сері мазарының салыну тарихын айта кетейікші. Сол тұста Айыртау елінде қызмет еткендіктен бүгінде ел жадынан өшіп бара жатқан тарих тағылымын білетін едік. Ендігі мәселе ел білсін, жұрт жадына тоқысын дегендік. Бұл да Ақан елінің жылнамасы. Сарғайған газет парақтарын ақтарсаңыз, 1990 жылдың 11 қазанында жарық көрген аудандық “Ленинский путь” газетінің №122 нөмірінде аудандық халық депутаттары кеңесі президиуымының кезекті отырысы өткізіліп, онда ақын-композитор Ақан серінің туғанына 150 жыл толуын атап өту мәселесі қарастырылғандығы туралы шағын ғана хабар жарияланыпты. Осы хабарда Ақан серінің басына ескерткіш қойылып, төңірегі абаттандырылып, жалпы кескіні, бітімі әйгілі ақынның шығармашылығын ел есіне салып тұратындай көрікті болуы керектігі туралы айтылған екен. Міне, осы деректен ақын мазары 1990 жылы тұрғызылғандығын аңғаруға болады. Әйтсе де, қым-қуыт шаруаның егжей-тегжейі туралы жазылған деректер жоқ екен. Мәселенің мәнісін сол уақытта Володар аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет істеген ел ағасы Болат Рахимовтан білуге әбден болады. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, абзал аға, асыл азамат Болат Көшімбаев сексенінші жылдардың соңында Ақан серінің мұрасын насихаттау туралы маңызды мәселе көтергені есімде. 1988 жылы ақынның дүниеге келгеніне 145 жыл толуы қарсаңында ойға алған шаруа өрістетіле берген. Болат Ахметжанұлы қолға алған істі сәтімен сабақтау үшін Алматыға барып, қаржыландыру мәселесін қозғаған. Әйтсе де әп бәрекелді деп қолдай қойған ешкім жоқ. Міне, іс түйіні күрмеліп, алға басқан қадам кері кетіп тұрған кезде Үкілі Ыбырай атындағы совхоздың директоры Жақсыбай Төрегелдин ынталы топқа басшылық жасайды. Ескерткіш салу шаруашылықтың көрсеткішін көгертетін іс емес. Тіпті, солақай саясаттың семсері кімнің басын аламын деп қан тілеп тұрған уақытта жоғары жақтың қырына ілініп кетуі де ғажап емес. Мұндай елдік істі ел мұратын көксеген ерлер ғана атқармақ. Шынтуайтында Алаш баласына қажетті аруақты іске ол кезде мемлекет тарапынан қаржы бөлдіру мүмкін емес еді. Халыққа шынымен керек болса, сол халықтың өзі салып алсын дейтұғын қасаң көзқарас қалыптасқан.
Болат Шоңұлының айтуына қарағанда, мұндай нысан сол кездегі Көкшетау облысының бас архитекторымен келісіп қана жүзеге асырылуы керек. Міне, осы кезде ел ағалары образға орап айтқанда, бастарын бәйгеге тігіп, иманды шаруаға атсалысты. Әрі қарай совхоз директоры Жақсыбай аға Төрегелдин бел буып кірісті. Үкілі Ыбырай атындағы совхоздың тұрғындары қаражат жинай бастады.
– Ол кезде он тоғыздағы жас жігітпін, – дейді баласы Төлеген Жақсыбайұлы, – 1988 жылы мазардың жұмысына әкемнің қатты кіріскені есімде қалыпты. Әйгілі ақынның аруағын сыйлағандығы ғой. Қатты қиналып жүргенін көргенде осы істің не қажеті бар деп сұрағаным да есімде. Сонда әкем “кейін ұғасың” деп жауап берген. Кейін ұқтым, елге деген, елдің өнерпаз еріне деген махаббаты екен ғой. Қашан болсын туған жерінің мерейін өсірсем деп табаны тастан таймаған тарланбоздай еңбек еткен қайран әкенің перзенттік парызын өтегені екен бұл.
Мына бір деректі айта кетсек, Жақсыбай ағаның абзал бейнесі тіпті асқақтай көрінер еді. Болған дүниені неге айтпасқа? Мазардың ескерткіш сұлбасын жасағаны үшін архитекторға ақы төленуі керек. Жақсыбай Қалымтайұлы қорасындағы бір сиырын сатып төлеген. Кейін жан жары Тойым Есмағұлқызы “Сиырды саттың, ақшасы қайда?” – демей ме, Жақсы аға болса жұмсақ жымиған да қойған.
Мазарға қажетті сапалы кірпіш сонау Украинадан жеткізілген. Жұмысы 1988 жылы басталып, 1990 жылы аяқталған. Совхоз жұмысшылары ортақ іске жұмыла қатысып, қолғабысын тигізген. Көппен біткен шаруа. Ал жаны жайсаң Жақсы аға жұмыс барысын үнемі қадағалап жүрген. Карасевка селосының тұрғыны Нұржәмила Әлібекова бұл тарихты жақсы біледі. Мазарды көкшетаулық құрылысшы Қайрат көтерген. Айыртау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Тұралинов бұл уақытта Қаратал совхозы директорының қызметін атқарып жүргендіктен мазар салу мәселесі қалай жүзеге асырылғанын жақсы біледі. Өзекті өртер өкініші сол, елдік шаруаны еңсеріп, жақсы істің басы-қасында жүрген Жақсыбай Қалымтайұлы ақынның 1993 жылы өткен мерейтойына қатыса алмады. Жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істей жүріп, 1991 жылы өмірден өтіп кетті.
Кейінгі ұрпақ игі жақсылардың иманды шаруасын біле жүрсін деп осы бір істі айта отырып, туған елінің тұғырын биіктетуге талмай еңбек еткен Жақсыбай ағаның жақсы істерінің бір парасын біз де айтып жатырмыз. Кейінгі ұрпақ біле жүруі үшін.
Көшек СӘМЕНОВ,
еңбек ардагері.