«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қазақ әдебиетінің ақсұңқары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен “Қазақ әдебиетінің ақсұңқары” атты еске алу кеші Алаштың ардақты перзенті, жазушы, ақын, драматург Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арналды.

Иісі қазаққа әнімен де, сәнімен де әйгілі болған аяулы ақын қамшының сабындай қысқа ғұмырын ұлтының азаттығына арнады. “Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік”, “Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу”, “Ұлт театры туралы” атты мақалалары асыл тұлғаның ұлтына қаламымен де қызмет еткенін айғақтайды.

Тайынша ауданындағы Аймақ орта мектебінің директоры Ораз Құттықожа Сәкен Сейфуллин салдырған білім ошағының тарихы, қазіргі жай-күйі туралы баяндады. Осы мектептің музыка пәнінің мұғалімі Думан Жиенбаев ақынның “Тау ішінде” әнін орындады.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің аға оқытушысы Жазира Көкбас “Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығы туралы”, Ұлттық ұлан академиясы тілдік даярлық кафедрасының оқытушысы, лейтенант Жадыра Шәкірбаева “Сәкен Сейфуллиннің драматургиясы”, Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гүлназ Зейнолова “Сәкен Сейфуллин шығармашылығының мектеп бағдарламасындағы орны, оқытылуы, тәрбиелік мәні туралы”, Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандырылған гимназия-интернатының мұғалімі Жанар Әбілова “Сәкен – ағын жырдың дариясы” тақырыбында баяндама жасап, жиналғандарды тың деректермен қанықтырды.

Сәкен Сейфуллин 1922 жылдың желтоқсанында Үкімет басшысы болып тағайындалған. Профессор Тұрсынбек Кәкішев жазғандай, Алаш ардақтысының үкімет басшысы бол­уы әрбір жаңа істі жедел жү­зе­­ге асыруға мүмкіндік берсе, оның журналистік қызметі істе­лер іске барлау жасау және әлеу­метшіл азаматтардың тың, со­ны ой-пікірлеріне үнемі құлақ тү­ріп отыру міндетін атқарды. Сөйтіп, сөз бен іс тұтастық тауып, нақты шараға айналып отырды.

Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Абылайхан Өмірзақ, Серік Әбілғазынов, С.Сәдуақасов атындағы №2 орта мектептің оқушылары Дана Баскенова, Вячеслав Окованцев ақынның өлеңдерін оқып, кештің шырайын кіргізе түсті.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp