«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰТҚАРУШЫ БОЛУ – ЕРДІҢ ІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен үшін құтқарушылар үміт сәулесі іспетті. Төтенше жағдайға тап болған жандар дәл осы құтқарушыларды асыға күтеді, олардың кәсібилігінің арқасында аман қалатынына үміттенеді. Атқарып жүрген қызметтеріне сәйкес жауапкершілік пен халықтың сенімін арқалап жүрген жандар өз өмірлерін қатерге тігетінін қаперімізден шығармайық. Сырт көзге “суға салса батпайтын, отқа түссе, жанбайтындай” болып көрінетін құтқарушылар да ет пен сүйектен жаратылған. Күн сайын олардың амандығын тілеп отырған отбасы бар. Сондықтан құтқарушылар алғысқа да, құрметке де лайық.

Құтқарушылардың орта­сында тұрып: “Кіл мықтыда кім мықты?” деп сұрау да ың­ғайсыз болар. Бірақ білім мен білік, көп жылдық тәжірибе үй­лесім тапқанда бағыт берер, жөн сілтер мамандар дарала­нады. Солардың бірі – №1 ма­мандандырылған өрт сөн­діру бөлімінің азаматтық қор­ғау пра­порщигі Мұрат Жүсі­нов.

Мұрат Талапкерұлы Есіл ау­данының Мектеп ауылында дү­ниеге келген. Бала кезінен ал­ғыр және білімқұмар болған ол 2-сыныпты ауыл мектебінде та­мамдап, кейін облыс орталы­ғындағы дарынды балаларға ар­налған білім ордасында оқуын жалғастырады. Орта бі­лім алғаннан кейін Покровка­дағы ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, “техник” ма­ман­дығын меңгереді. Ал 2004 жылдың ақпан айында құтқа­рушы ретінде жұмысқа орна­ла­сады.

– Ең алғашқы шақырту қа­лалық саяжайлардан түсті. Ол кезде жұмысқа енді кіріскен ма­ман ретінде отқа оранған үй­лерді көріп, алғаш рет төтенше жағдайдың шы­нында да қауіпті сала екенін түсіндім, – дейді кейіпкер.

Ал 2004 жылдың 9 мамырындағы болған жағдай да жадында жаңғырып тұр. Жеңіс күніне арналған мерекелік отшашуға дайындық кезінде Сәбит Мұқанов көшесіндегі жер үйлердің бірінде өрт шығады. “Бұл оқиға біз үшін күтпеген жағдай болды. Себебі қала тұрғындары мерекені атап өтіп жатқанда өрт шыққаны жағдайды ушықтырады. Өртті сөндіріп, қауіптің алдын алдық. Бұл оқиға кәсіби шеберлігімді одан әрі шыңдай түсті”, – дейді Мұрат Талапкерұлы.

20 жылдан астам уақыт бойы құтқарушы болып қызмет еткен Мұрат Талапкерұлы үлкен тәжірибе жинақтап, кәсіби деңгейде дамыды. Оның қызметтік жолы тек өрт сөндірумен ғана шектелмей, көптеген жас құтқарушыларды тәрбиелеуге де бағытталды. Ол жас мамандарға өрт сөндіру техникасын қолдану, қауіпсіздік ережелерін сақтау және төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету бойынша практикалық кеңес беріп, оларға тәлімгер болды. Тәлімгерлік қызметімен жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға үлес қосып жүр.

Тек құтқарушылық қызметпен ғана шектелмей, сондай-ақ түрлі спорттық жарыстарға белсенді қатысып, өзінің физикалық дайындығын да шыңдап келеді. Әсіресе үстел теннисі бойынша жарыстарда жекелей және командалық есепте бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған. Спорт оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Себебі шымыр құтқарушылар қиын сәттерде төзімді, шыдамды келеді.

Мұрат Талапкерұлы – білікті маман ғана емес, үлгілі әке. Ол бір ұл мен бір қызды тәрбиелеп өсіріп, ата атанып отырған жайы бар. Оның өз қызметіне деген адалдығы мен жауапкершілігі тек жұмысында ғана емес, отбасында да айқын көрінеді. Ол балаларын да жауапкершілікке, адалдыққа және еңбекқорлыққа баулуға үлкен мән береді.

Құтқарушылық қызметтің абыройын Мұрат Жүсінов сияқты мамандар асқақтатады. Олардың кәсіптегі жолы мен өмірлік ұстанымы жас мамандарға үлгі болып, бұл қызметтің қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін аңғартуға болады. Оларға еліктеген жастар құтқарушылардың қатарын толықтырып, жаңа буын мамандар легін қалыптастырады.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Шыңғыс БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp