«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШ ЖҮЗДІҢ ПІРІ БОЛҒАН МАРАЛ ИШАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Марал ишан: өмірі мен қоғамдық-діни және саяси қызметі (1780-1853)” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ұлт-азаттық қозғалыстың рухани күрескері Марал Құрманұлының есімін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған шара аясында Ислам мәдениеті музейінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының көрмесі ашылды.

Марал бабамыздың 255 жыл­дығына орай ұйымдастырылған алқалы жиын “Сыр өңіріндегі ис­лам руханияты” атты көрмемен бас­талды. 1780 жылы қазіргі Жам­был ауданындағы Нұрым­бет ауы­лында дүниеге келген Ма­рал ишанның Сыр өңірінде діни-ис­ламдық оқыту мен тәрбиелеу жұ­мыстарын жүргізгені көпші­лік­ке мәлім. Бабамыз Қызылорда облысының Қармақшы топыра­ғын­­да мәңгілік тыныстап жатыр.

– Үш жүздің пірі атанып, қилы заманда күрескерлік рух таныт­қан жерлесіміз Марал Құрман­ұлы­ның есімін ұлықтау – ұрпақ па­рызы. Музейлер арасындағы осындай ынтымақтастық тұрғын­дарға тарихпен етене танысуға мүмкіндік береді. Тарих, дәстүр мен мәдениет бір-бірімен тығыз байланысты, бірін-бірі толықты­рып отырады. Тарихи сабақтас­тықтың жібін үзбей, Марал баба­мыздың өмірі мен қызметін наси­хаттауға үлес қосып отырған Қы­зылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне ризашылығымыз шексіз, – дей келе облыстық мә­дениет, тілдерді дамыту және ар­хив ісі басқармасы басшысының орынбасары Мафруза Науанова жерлестерімізді айтулы шарамен құттықтап, Сыр елінен арнайы келген қонақтарға сый-құрмет көр­сетті. Көрменің ашылу салта­натында Қазақстан мұсылман­дары діни басқармасының стра­тегиялық даму және талдау бө­лімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Сма­йыл Сейтбеков, “Марал-Баба” жекеменшік қайырымдылық қо­ры­ның жетекшісі Мұхамедхан Қа­сымқанұлы сөз алды. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану му­зейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау жиналғандарды жылжы­малы көрмемен таныстырды.

Меймандардың қызығушы­лы­ғын тудырған жәдігерлердің ішінде Марал ишанның асасы (кө­шірме), Қалжан ахун пайда­лан­ған құман мен леген, тас қайрақ, Ер Сейітпенбет әулие мен Қал­қай ишанның мөрлері (көшірме­лері), Құлболды ишан әулетінің ше­жі­ресі, “Тальфик аль-Ахбар”, Ху­ласи аль-Кидани”, “Мултака әл-абхур”, “Мактубат” кітаптары, “Ах­тари-Кабир” сөздігі бар. Бұл көр­ме қала тұрғындары мен қо­нақ­тарының назарына бір ай бойы ұсынылатынын айтып өту қажет.

Университетте өткен конфе­рен­ция­ны жүргізген Сол­түстік Қа­зақ­стан мемлекеттік архивінің ди­ректоры Сәуле Мә­лікова Марал ишан руха­ния­тымыздың, ағарту­шы­лықтың жә­не халықтық дәс­түр­дің жетекшісі болғанын айтты. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түр­кістан төрінде өткен Ұлттық құ­рылтайда: “Елдің рухын көтеретін тағы бір жақсы жаңалықты сіз­дермен бөліскім келеді. Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құра­ны табылды. Бұл – еліміздің ру­ха­ни өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазақ­қа таны­мал адам болған. Ол – төл тари­хымызда ерекше орны бар Кене­сары ханның үзеңгілес серігі”, – деген болатын.

– Конференция жұмысына арнайы қатысып отырған ғалым­дарға, ақсақалдарға, еліміздің аяу­лы азаматтарына, әсіресе Сыр елінен келген қонақтарға ерекше ризашылығымызды біл­діреміз. Марал ишан Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыс­тарының түйіскен жерінде дүниеге келді. Ол қазіргі Бұқара маңын­дағы Жалаңаяқ ишан медресе­сін­де он жыл оқып, терең діни жә­не дәрігерлік білім алды. Сыр бо­йына келген соң жергілікті халықты ислам жолына насихат­тап, бір жағынан сауатын ашып, мәдениетін көтеруге көп еңбек сі­ңірген. Мыңдаған адамды қа­сиетті Құранның құдіретімен ем­деген, – деді облыстық ішкі сая­сат басқармасы басшысының орынбасары Кемел Оспанов.

Конференция жұмысына он­лайн қатысқан заң ғылымдары­ның кандидаты, саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын толық ақтау жө­ніндегі мемлекеттік жобалық ко­миссияның төрағасы Сабыр Қа­сымов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты­ның бас директоры, тарих ғы­лымдарының докторы, профес­сор Зиябек Қабылдинов, Өзбек­стан құрамындағы Қарақалпақ республикасының Гуманитарлық ғы­лымдар ғылыми-зерттеу инс­ти­­туты тарих бөлімінің меңгеру­шісі Асқар Жұмашев баяндама жа­сады. А.Байтұрсынұлы атын­да­ғы Қос­танай өңірлік универ­си­тетінің профессоры Аманжол Кү­зем­бай­ұлының, Қазақстан мұ­сылман­дары діни басқармасы­ның стра­тегиялық даму және тал­дау бө­лімінің меңгерушісі, фило­софия ғылымдарының кандида­ты Сма­йыл Сейтбеков пен өзге де ға­лымдардың тың деректерге толы мазмұнды баяндамалары­нан кейін баба рухына тағзым ре­тінде Құран оқылып, ас берілді.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp