Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Жиында Мәжіліс комитеттері депутаттардың қолдауымен “Мәдениет туралы” Заңға өзгерістер енгізу, денсаулық сақтау саласындағы нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болғызбау, инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобаларын қарап, жұмысқа қабылдады.
Жалпы отырыста алдымен Заңнама жəне сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң жобасы жөнінде баяндама жасап, аталған құжаттың негізгі мақсатын түсіндірді.
– Заң жобасы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын орындау мақсатында əзірленді. Заң жобасымен Кəсіпкерлік, Экологиялық кодекстерге жəне кейбір заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Оның негізгі мақсаты – заңнаманың тұрақтылығы мен қолжетімділігін жетілдіру, халық пен нысаналы топтардың нормашығармашылық үдерісіне қатысу деңгейін арттыру, нормашығармашылық үдерісінің жекелеген кезеңдерін жетілдіру, заңнамалық нормалардың шамадан тыс нақтылауын алып тастау, – деді Снежанна Имашева.
Күн тəртібіндегі екінші мəселе – “Мəдениет туралы” Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы” Заң жобасын Əлеуметтік-мəдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов таныстырды. Құжат жасанды интеллектінің дамуы аясында тілдің цифрлық, ұлттық, сөздік қорын жасауды көздейді. Яғни ауқымды тілдік модельді қалыптастыруға бағытталған.
Кейін Парламент Мəжілісінің қарауына “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мəселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы” Заң жобасы ұсынылды.
– Бюрократиядан арылту жұмысының шеңберінде заңдардан уəкілетті орган мен нұсқаулықтарды, алгоритмдерді, номенклатураларды бекіту сияқты нормаларды алып тастау ұсынылып отыр. Сəйкесінше, бұл функцияларды мемлекеттік органның ережесіне енгізу көзделіп отыр, – деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ отырыста “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ин новациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы”, “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) жəне терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң жобасы қаралды.
Бұған қоса депутаттар “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту жəне қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасын Қаржы нарығын реттеу жəне дамыту агенттігінің төрағасы Мəдина Əбілқасымова таныстырды. Құжатта қаржы ұйымының басшылық лауазымына кандидатты келісу кезінде жұмыс өтілі ескерілетін ұйымдардың тізбесін кеңейту, жанама банк холдингтерінің өз басшы қызметкерлерін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау жəне қадағалау жөніндегі уəкілетті орган мен келісу міндетін алып тастау ұсынылып отыр. Айта кетерлігі, заң жобасында уақытша болмаған басшы қызметкердің міндеттерін атқарудың ықтимал мерзімін регламенттеу, цифрландыруды дамытуға байланысты өзектілігін жоғалтқан талаптарды оңтайландыру жоспарланған.
Мəжіліс “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу жəне қоғамдық қатысу мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, Сенат қарауына жолдады. Бұл құжат 2024 жылғы 21 ақпанда Парламент Мəжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған.
– Аталған заң – мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз етуде, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу дəрежесін арттырудағы жүйелі қадам. Құжат аясында мемлекеттік органдардың халыққа қызмет көрсету сапасын арттырып, азаматтарға мемлекеттің жұмы сының ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктер пайда болады. Заңда ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектегені үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту, ақпаратқа қол жеткізу саласында мемлекеттік бақылауды енгізу, ақпараттың ашықтығы презумпциясы мен ақпаратты проактивті түрде тарату қағидаттарын бекіту, сондай-ақ мү гедектігі бар адамдарға ақпаратқа қол жеткізу үшін қажет жағдайлар жасауға бағытталған нормалар ұсынылды, – деді Əлеуметтік-мəдени даму комитетінің мүшесі Ерлан Саиров.
Күн тəртібіндегі негізгі мəселелер қаралып, заң жобалары қабылданған соң, депутаттар мемлекеттік органдарға депутаттық сауал жолдады. Мəжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына əлеуметтік желі қолданушыларының жауапкершілігін арттыру мəселесін көтерді.
– Қоғамды дүрліктірген тағы бір маңызды мəселе – əлеуметтік желілердегі арзан ақыл, сапасыз білім сатқыш, білгіштердің көбеюі. Байқап қарасақ, əлеуметтік желілерде “бақытқа жету жолын көрсетемін, жылдам баюды үйретемін, күйзелістен құтқарамын, түпсанаңды түзетемін, бір айда жұлдызға айналдырамын, тез арықтатамын, шет тілінде сайратып жіберемін” деген секілді сантүрлі курс, вебинар, тренинг сатушылар – блогер, бизнес-тренер, коуч, психолог, мотиваторлардың жарнамасы желдей есіп, сауданың көрігін қыздырып жатыр, – деген Мəжіліс депутаты мұндай ұнамсыз əрекетке шоу-бизнес өкілдерімен бірге айтыскерлердің де барып жүргенін атап өтті. Олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын жұрт тіпті несие ресімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып қалғанын да жеткізді. Кей деректерде еліміздегі осындай инфобизнестің жылдық айналымы 500 млн. долларға жеткені айтылған. Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 млрд. долларға жетуі мүмкін дейді. Осыны негізге алған депутат Үкімет инфобизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясына жəне заңдылығына, оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейту керек екенін жеткізді.
Ал депутат Елнұр Бейсенбаев ауылдағы ағайынның жағдайын айтып, бірқатар ұсыныс жасады. Яғни қымбатшылық пен жұмыссыздықтың салдарын ауыл тұрғындары тартып отырғанын айтып, бұл мəселені шешу үшін “Ауыл аманаты” жобасы қолға алынғанын жеткізді. Алайда жобаның нəтижелі атқарылуында бірқатар түйткілді мəселе бар екенін сөз етті.
– Жоба аясында былтыр 100 млрд. теңге бөлініп, игерілді. Биыл да 100 млрд. теңге бөліну жоспарланған еді. Алайда жыл соңына таяса да ол қаражат бөлінбей, Үкімет өңірлерге тек 7 млрд. теңге ғана жіберген. Біріншіден, Үкіметтің өз ведомстволары арасындағы өзара келісілмеген əрекеттер жүйелі түрде кедергі болып отыр. Өңір əкімдері жоба аясында соманың қайтарылу кепілі болғанын ескеріп, көбінде тəуекелге барудан бас тартады. Ауыл халқын кедейшіліктен құтқаратын бірден-бір жобада əрбір облыс, аудан əкімдері тартынып қалмауға тиіс. Екіншіден, жобаға қатысушылардың көбі ауыл шаруашылығы өндірісіне оқытылмайды. Үшіншіден, жоба аясында ауыл тауар өндірушілерін қолдауға арналған кешенді экожүйенің құрылмауы дайын өнімді өткізуде қиындық тудырып отыр, – деді Мəжіліс депутаты.
(“Egemen Qazaqstan”,
17 қазан 2024 жыл).