“Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ фермерлерді қолдау мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасы шеңберінде 2024 жылғы астықты қабылдауға белсене кірісті.
Осыған орай бидай мен арпаның бағалары белгіленді. 3-ші сұрыпты бидай (қамырлылығы 27 пайыз) – 100 мың теңге, 3-ші сұрыпты бидай (қамырлылығы 25 пайыз) – 90 мың теңге, 3-ші сұрыпты бидай (қамырлылығы 23 пайыз) – 85 мың теңге, 4-ші сұрыпты бидай (қамырлылығы 21 пайыз) – 75 мың теңге, 4 сұрыпты бидай (қамырлылығы 18 пайыз) – 65 мың теңге, 5-ші сұрыпты бидай (қамырлылығы 18 пайыз) – 60 мың теңге, 2-ші сұрыпты арпа (табиғилығы 630 г/л кем емес) – 50 мың теңге. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қабылдау лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорындарында алдын ала төлем жасау арқылы жүзеге асырылады. Екі тараптық форвардтық сатып алу келісімшарттары бойынша 3-сұрыпты бидайды қабылдауға басымдық берілген.
Өйткені мемлекеттің азық-түлік резервін жыл сайын толықтырып отыру қажет. Ол ұн тарту кәсіпорындарын қамтамасыз етіп, нан бағасын тұрақтандыруға пайдаланылады. Бір артықшылығы, бұл сұрып бойынша міндеттемелерін орындаған шаруалар желтоқсан айынан басталатын “ерте форвард” аясында көктемгі егін егу жұмыстарын қаржыландыруға үміткер бола алады.
Бүгінгі таңда қазақстандық астықты сыртқы нарыққа қызығушылық шығаруға жоғары. Мұның өзі нарық қатысушылары мен “ҚТЖ” ҰҚ” АҚ тасымалдаушыларының өзара іс-қимылын күшейтіп, терминалдардың Каспий теңізінің акваториясындағы теңіз порттарында астықты ауыстырып тиеу дайындығына ықпал етеді.
Біз телефон арқылы хабарласқанымызда солтүстікқазақстандық фермер Жанәбіл Еркінбеков жаз, күз маусымдарында толассыз жауған жаңбыр астықтың сапасына қатты әсер етіп, бағаның төмендеуіне әкелгенін жеткізді. Ол көптен бергі серіктесі “Азық-түлік келісімшарт” корпорациясы ҰК” АҚ-ның өңірлік филиалына жүгінген. Форвардтық бағдарламаға өтініш беріп, жеңілдіктерді пайдаланбақ.
“Форвардтық сатып алу өте оңтайлы қаржыландыру жобасы саналады. Астықты кімге, қайда сатамыз деп уайымдамаймыз. Бидайдың негізгі көлемі 3-ші сұрыпқа сәйкес келетіндіктен, өнімді сыртқа сатуға да мүдделіміз”, – дейді фермер қуанышын жасырмай.
Қазақстанда және көрші елдердегі дәнді дақылдардың өнімділігіне “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” экспорттық нарықтарда қазақстандық бидай мен арпа бағасының тұрақтануына және белгілі бір өсуіне болжам жасап отырады. Бұл болжамдар бірқатар факторларға негізделген. Атап айтқанда, Ресейде арпаның аз жиналуына байланысты дәстүрлі жеткізушілердің (Иран, Ирак) арпаға деген сұранысының біртіндеп өсуі байқалады. Мысалы, Иранға темір жол арқылы қыркүйек айында 140 мың тонна астық жөнелтілді. Бүгінгі таңда ирандық компаниялардың ұсынған бағасы әлемдік бағадан едәуір төмен (165 АҚШ доллары, әлемдік нарықтардағы баға – 195 доллар). Ресейде арпаның азаюын және басқа жеткізушілердің жоқтығын ескерсек, бағаның өсері күмәнсіз. Осыған байланысты мамандар мен сарапшылар тұрақты нарықтық жағдайды сақтау үшін барлық қатысушылардың іс-әрекеттері келісіліп, баға балансына қол жеткізуге бағытталуы қажет деген пікірді алға тартады. Орталық Азия елдеріне астық жеткізу көлемінің тұрақты өсуі биылғы жылдың 9 айында өткен жылдың деңгейін сақтай отырып, 2,9 млн. тонна астық жіберілді.
Қазіргі уақытта Орта Азия және Каспий өңірінің (Түркіменстан, Әзірбайжан) елдері қазақстандық бидайды сатып алмақ ниетте. Мәселен, Түркіменстан 400 мың тоннаға жуық 3 немесе 4 сұрыпты бидайды сатып алуға дайын, ал Әзірбайжан жыл сайын Ресей мен Қазақстаннан 1 млн. тоннаға дейін бидай импорттайды.
Шетелдің қазақстандық астыққа деген қызығушылығын ескере отырып, “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” өз кезегінде фермерлерге келісімшарттар жасасуға және шетелдік жеткізушілермен байланыс орнатуға жан-жақты қолдау көрсетуге әзір. Экспортқа және жаңа нарықтарды іздеуге арналған логистикалық шығындарды азайту тетігі белсенді қолданылмақ. Мұның өзі қазақстандық өнім үшін әділ баға белгілеуге мүмкіндік береді.
Дайындаған
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.