М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Марал ишан: өмірі мен қоғамдық-діни және саяси қызметі (1780-1853)” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ұлт-азаттық қозғалыстың рухани күрескері Марал Құрманұлының есімін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған шара аясында Ислам мәдениеті музейінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының көрмесі ашылды.
Марал бабамыздың 255 жылдығына орай ұйымдастырылған алқалы жиын “Сыр өңіріндегі ислам руханияты” атты көрмемен басталды. 1780 жылы қазіргі Жамбыл ауданындағы Нұрымбет ауылында дүниеге келген Марал ишанның Сыр өңірінде діни-исламдық оқыту мен тәрбиелеу жұмыстарын жүргізгені көпшілікке мәлім. Бабамыз Қызылорда облысының Қармақшы топырағында мәңгілік тыныстап жатыр.
– Үш жүздің пірі атанып, қилы заманда күрескерлік рух танытқан жерлесіміз Марал Құрманұлының есімін ұлықтау – ұрпақ парызы. Музейлер арасындағы осындай ынтымақтастық тұрғындарға тарихпен етене танысуға мүмкіндік береді. Тарих, дәстүр мен мәдениет бір-бірімен тығыз байланысты, бірін-бірі толықтырып отырады. Тарихи сабақтастықтың жібін үзбей, Марал бабамыздың өмірі мен қызметін насихаттауға үлес қосып отырған Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне ризашылығымыз шексіз, – дей келе облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Мафруза Науанова жерлестерімізді айтулы шарамен құттықтап, Сыр елінен арнайы келген қонақтарға сый-құрмет көрсетті. Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының стратегиялық даму және талдау бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Смайыл Сейтбеков, “Марал-Баба” жекеменшік қайырымдылық қорының жетекшісі Мұхамедхан Қасымқанұлы сөз алды. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау жиналғандарды жылжымалы көрмемен таныстырды.
Меймандардың қызығушылығын тудырған жәдігерлердің ішінде Марал ишанның асасы (көшірме), Қалжан ахун пайдаланған құман мен леген, тас қайрақ, Ер Сейітпенбет әулие мен Қалқай ишанның мөрлері (көшірмелері), Құлболды ишан әулетінің шежіресі, “Тальфик аль-Ахбар”, Хуласи аль-Кидани”, “Мултака әл-абхур”, “Мактубат” кітаптары, “Ахтари-Кабир” сөздігі бар. Бұл көрме қала тұрғындары мен қонақтарының назарына бір ай бойы ұсынылатынын айтып өту қажет.
Университетте өткен конференцияны жүргізген Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова Марал ишан руханиятымыздың, ағартушылықтың және халықтық дәстүрдің жетекшісі болғанын айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан төрінде өткен Ұлттық құрылтайда: “Елдің рухын көтеретін тағы бір жақсы жаңалықты сіздермен бөліскім келеді. Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі”, – деген болатын.
– Конференция жұмысына арнайы қатысып отырған ғалымдарға, ақсақалдарға, еліміздің аяулы азаматтарына, әсіресе Сыр елінен келген қонақтарға ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Марал ишан Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарының түйіскен жерінде дүниеге келді. Ол қазіргі Бұқара маңындағы Жалаңаяқ ишан медресесінде он жыл оқып, терең діни және дәрігерлік білім алды. Сыр бойына келген соң жергілікті халықты ислам жолына насихаттап, бір жағынан сауатын ашып, мәдениетін көтеруге көп еңбек сіңірген. Мыңдаған адамды қасиетті Құранның құдіретімен емдеген, – деді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Кемел Оспанов.
Конференция жұмысына онлайн қатысқан заң ғылымдарының кандидаты, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік жобалық комиссияның төрағасы Сабыр Қасымов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов, Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақ республикасының Гуманитарлық ғылымдар ғылыми-зерттеу институты тарих бөлімінің меңгерушісі Асқар Жұмашев баяндама жасады. А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Аманжол Күзембайұлының, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының стратегиялық даму және талдау бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Смайыл Сейтбеков пен өзге де ғалымдардың тың деректерге толы мазмұнды баяндамаларынан кейін баба рухына тағзым ретінде Құран оқылып, ас берілді.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.