Елдегі әр азаматтың басын біріктіріп, бірлігімізге тұтқа болып тұрған бір құндылық болса, ол – біздің қастерлі егемендігіміз. Қазақ үшін қанша азаппен келген азаттықтың қадірі қымбат. Еліміз көзінен жасы сорғалаған кешегі кер заманның елесін әлі ұмыта қойған жоқ. Ұлтымыздың сан ғасырлық тілегі қабыл болып, Қазақстан өз алдына дербес елге айналды. Осылайша қазақ тарихы жаңа парақтан жазылып, жаңа кезең басталды.
Арыстарымыздың арманы орындалғанына куә болған, азат күннің жемісін жеген бүгінгі ұрпақтың маңдайына жазылған бағы бөлек. Осының бәрін байыптап, ой елегінен өткізіп, өткен мен бүгінімізді таразыға салатын мезет – Республика күні. Ұлттық мейрам қарсаңында Қызылжарда салтанатты жиын өтіп, егемендікті баянды ету жолында тер төккендер құрметке бөленді.
Салтанатты шара басында көк байрағымыз төрге шығарылып, жиналғандар Мемлекеттік Туға құрмет көрсетті. Сосын Әнұранымыз шырқалды. Осынау айтулы күнмен өңір халқын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.
– Құрметті солтүстікқазақстандықтар, сіздерді еліміздің басты мерекесі – республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрам – тәуелсіздіктің бастауы болған маңызды күн. Жерлес ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, біз ата-бабамыз аңсап, армандап кеткен азаттықтың алтын айына қол создық.
Республика күнінің қайта оралуы тарихи шешім болды. Үш онжылдықта береке мен ынтымақтың арқасында Қазақстан биік белестерді бағындырды. Еліміздің осы жетістіктерін бағалап, одан әрі дамыту – біздің парызымыз. Солтүстікқазақстандықтар елдің дамуы үшін аянбай еңбек етуде. Қазақстанның дамуы жолындағы еңбектеріңіз табысты, бастамаларыңыз сәтті болсын, – деді өңір басшысы.
Құттықтаудан кейін бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағамбетов ІІІ дәрежелі Барыс орденімен марапатталды. “Парасат” ордені қаламгер, “Память” қоғамдық қорының төрағасы Болат Сағындықовтың кеудесіне тағылды. Бұл күні осындай орденді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада облысымыздың құрметті азаматы, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменовке табыстағанын айта кету ләзім.
Тимирязев ауданында физика және математика пәндерінің мұғалімі болып еңбек ететін Жанбота Белгібаева, көпбейінді облыстық аурухананың анестезиология және жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі Сергей Ишин, облыстық музей бірлестігінің директоры Гүлнар Мұқышева, “Жарық-2005” серіктестігінің директоры Мұрат Нұғыманов “Құрмет” орденін иеленді. ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы ордені “Қызылту” темір жол стансасының вагондарды тексеруші-жөндеушісі Кеңес Егінбаевқа, “Тайынша астық” серіктестігінің малшысы Бейімбет Ерғалиевке табысталды. Ел дамуына үлес қосқан өзге де азаматтарға “Ерлігі үшін”, “Ерен еңбегі үшін”, “Шапағат” мадальдары табысталды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.