Біз бүгінгі таңда ғылым мен техника дамыған, өнер-білімнің түрлі саласында тың жаңалықтар аса қарқынды үрдіспен ашылып жатқан қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Демек, осындай қоғамда заманына сай ұрпақ тәрбиелеп, жетілдіріп шығару үшін жан-жақты білім және тәрбие берумен айналысу өте жауапты іс екендігі баршамызға аян.
Ыбырай Алтынсариннің: “Тәлім-тәрбие мен оқыту ісінің нәтижесі іс-әрекеттерден гөрі мұғалімдерге көбірек тәуелді”, – деген көрегендікпен айтқан пікірінің қазіргі уақытта да маңызды болып отырғаны шындық. Ұстаздар балаларға тек білім берумен ғана шектелмей, сонымен қатар, олардың дені сау, ақыл-ойы толысқан, ізгі ниетті, мәдениетті де әдепті, дүниетанымы жоғары тұлға ретінде кемелденуі үшін берер тәрбиенің ықпалы да зор болмақ. Ол үшін, ең алдымен, мұғалімнің білім беру ісін рухани дамыта отырып, инновациялық ізденіспен жұмыс істеп, өзгеге өнеге боларлықтай тұлға болуы шарт. Одан өзге кез келген мұғалім тәуелсіздіктің талбесігінде тербетіліп келе жатқан өз шәкірттерін ұлттың кемел тарихымен сусындата білуі тиіс. Балалардың өн бойына қазақ халқының тарихын, егемендік жолында бастарын бәйгеге тіге жүріп, адал қызмет еткен тұлғалардың қилы тағдырларын ұялату да ұстаздың басты міндеттерінің бірі.
Мен бастауыш сынып мұғалімімін. Білімнің негізі бастауышта қаланатынын жақсы білемін. Сондықтан оқушыларыма саналы адам атану үшін ең алдымен ұлтты сүю қажеттігін айтудан жалыққан емеспін. Отандық білім беру жүйесінің негізгі өзегі де – осы. Ұлтжанды жастар шоғырын мектепте қалыптастырудың маңызы айрықша. Бұл ретте біз түрлі жаттығулар мен ойындарды пайдалануға баса мән береміз. “Тарсия”, “Венн диаграммасы”, “Жұбыңды тап”, “123!”, “Қал қалай?”, “Тілектес”, “Амандасу түрлері”, бір ғана сөйлем”, “33!”, “Комплименттер бұрқасыны”, “Психологиялық бой”, “Айна” сынды әдіс-тәсілдер бастауыш сынып оқушыларының бойына елге деген сүйіспеншілік қалыптастыруға бағытталған.
“Білім берудегі заманауи трендтер: SMART-оқыту, STEAM-оқыту” тақырыбында өткен шеберлік сыныптары менің бастауыш сынып мұғалімі ретіндегі тәжірибемді шыңдауға көп септесті. “Оқушыларды математикалық сауаттылыққа дайындаудың жолдары”, “Оқу әдістемелік кешенді құрастыру әдістемесі” тақырыптарында өткізген вебинарларым да нәтижесіз емес. Жеке авторлық бағдарламамның республикалық мектептерде қолданылып келе жатқаны – еңбегімнің ақталғанының бір көрінісі. “Оқу – жылдамдыққа”, “Кіші жастағы зерттеушілер”, “Жазғы мектепке әдістемелік нұсқаулықтар” атты әдістемелік құралдарымды өз сабақтарында пайдаланып жүрген әріптестерім аз емес.
Биыл ұстаздар күніне арналған салтанатты жиында кеудеме Ыбырай Алтынсарин медалі тағылды. Сахнаға көтерілген сәтте мен ұстаз оқушыны ғана емес, ұлттың болашағын тәрбиелеп отырған ұлағатты жан екенін жан дүниеммен сезінгендей болдым.
Райса АБУЕВА,
Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның бастауыш сынып мұғалімі.