Алаштың арда ұлдары Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов сынды азаматтар қазығын қаққан “Ленин туы”, қазіргі “Soltüstık Qazaqstan” облыстық газетінде небір майталман мамандар еңбек еткені ақиқат. Жалпы газет шығару бір ғана адамның қолынан келетін шаруа емес. Жүз жылдық жылнамасы бар басылымның жарыққа шығуына атсалысқан, газет өндірісінің ауыр еңбегін бөліскен жандардың қатарында Әлпеш Смағұлова да бар.
Ақпарат майданының бел ортасында журналистермен иық түйістіре еңбек еткен Әлпеш апай басылымда ұзақ жыл көз майын тауысып корректор болып жұмыс істеді. Бүгінде 90 жастың төріне шыққан қарияның ылдиынан өрі көп, бұралаң-бұлтарысы тағы бар өмір жолы қиындыққа толы болды. Кеншілер қаласы – Қарағандыда дүниеге келсе де, барлық саналы ғұмыры Қызылжармен тікелей байланысты. Соғыс басталмай тұрған жылдары аққайыңдар еліне қоныс аударған Смағұловтар әулеті осы жерде өсіп-өнді, өркен жайды. Әкесі Байділда Петропавлдағы темір жол саласында жұмыс істеген. Осы жерден соғысқа аттанып, Беларусь майданында жауға қарсы шайқасты. Анасы Балжамал тоғыз құрсақ көтеріпті, тағдырдың жазғаны сол, бала тұрмай бірінен соң бірі шетіней беріпті. Ажалдан аман қалғаны – Әлпеш пен екі бауыры ғана. Әкесі үлкенін бір жасында ағасы Жұмаділданың бауырына берген. Кейін інісі соғысқа кеткен соң ағасы оның жары мен өзге де балаларын қамқорлығына алған.
Тұрмыс тауқыметін тартып, мойнына еңбектің қамытын ерте киген Әлпеш Смағұлова зобалаңы мен сұрапылы басым кезең есінде қалғанын айтады. Петропавлдағы жас натуралистер стансасында бұғанасы қатпаған балалар майдан даласындағы жауынгерлерге ас-ауқат жөнелту, байпақ тоқу, қолғап тігу, соғысқа аттанған отбасы мүшелерінің тізімін жасау, Мещан орманында өсірілген картоптың арамшөбін жұлу, оны қазу сынды жұмыстарға бір адамдай жұмылған. Қаршадай қыз еңбектің ауыр азабын тартып, жастайынан өжет, алғыр, пысық болып өсті. Ауыр еңбекпен шыныққан ол өмірде жасымауды, сүрінсе де сынбауды үйренді.
– Әлі есімде, отбасымызбен қазіргі Абай көшесінің бойында орналасқан ескі үйде тұрдық. Көршілермен тонның ішкі бауындай жақсы араластық. Әкем, оның ағасы да темір жолда жұмыс істегендіктен, пойыздан қалып қойған жолаушыларды үйге әкеліп қондыратын. Сондай көпшіл адамдар еді. Кісіні түріне, нәсіліне, діні мен діліне ешқашан бөлген емеспіз. Беларусь, неміс, сыған келсе де, құшақ жайып қарсы алатын едік, – деген Әлпеш әжей өткен күндерді сағынышпен еске алды.
Ол Петропавл қаласындағы Калинин атындағы жалғыз қазақ орта мектебін тамамдаған соң Ушинский атындағы педагогикалық институтқа оқуға түскен. География-химия пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Жас маман ретінде жолдамамен Ақмола облысының Талапкер ауылындағы мектепке жұмысқа орналасып, сол жерде бірер жыл ғана тұрақтапты. Кейін анасы науқастанып, Қызылжарға оралуға тура келеді. Бірақ онда да қарап отырмады. Бұрынғы Ленин, қазіргі Есіл ауданындағы мектептердің біріне жұмысқа орналасып, өмірлік серігі Ғабит Смағұловпен шаңырақ көтереді. Балаларға білім мен тәрбие беру өз алдына, кеңшардағы шаруаны да бір адамдай атқарады. Кейін қалаға қоныс аударып, “Ленин туы” газетінің редакциясына келеді.
Редакцияны алтын бесікке теңеген кейуана бірге жұмыс істеген Балтабек Асанов, Рашид Бәдірленов, Ғазез Нұрмолдин, Мұхамедқали Нұрғожин, Уәра Нұрсейітов, Әмір Қожахметов, Сабыр Сауытбаев, Дүйсенбі Әуелбеков, Тұрсынбай Кәкімов, Тұрысбек Кәдіров, Ербол Шаймерденов, Қайырбек Баймұқанов сияқты аяулы азаматтардың есімдерін ерекше құрметпен атады.
– Редакцияның жұмысы қауырт. Кеңес үкіметі тұсында съездер өтеді. Сол съезден құлаш-құлаш материалдар түседі. Газет күн сайын, кейде күнара шығады. Уақытпен санаспай жұмыс істедік. Редакцияда қонып қалатын кездер де болды. Күні-түні жұмыс істегенмен, өзіміз де, отбасымыз да қапаланбайды. Жұбайым балаларға өзі бас-көз болып, үйдің шаруасын реттей беретін. Газетте қате жіберу деген жоқ. Корректор ретінде газеттің әр нөмірін мұқият оқимыз. Кезекші редакторлардан кейін тағы бір мәрте оқып шығатын едім. Өйткені өзімнің жұмысыма үлкен жауапкершілікпен қарадым, – дейді ол.
Жүзінен жылылықтың, жанарынан тереңдіктің, көңілінен адалдықтың лебі ескен қазыналы қария өткен күндердің белгісіндей болған суреттерді ақтарып, ескінің көзіндей болған қарт басылым жайлы біраз толғанды. Редакция қаншама тұғырлы тұлғалардың рухани ордасына айналғанын айта келе, қазақ әдебиетінің қара нарлары Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповпен кездесіп, талай тамаша сәттердің куәсі болғанын мақтанышпен жеткізді. Сәбит Мұқановтың жары Мәриям апай редакцияға жиі қонаққа келетінін әңгімелеп берді. Газет ұжымының замана заңғарларымен бірге түскен сол суреттері бүгінде өткен күндердің белгісіндей.
Мәнді, мағыналы өткізген жастық шақ бақытты қарттықтың тұмса бастауы емес пе? Ел үшін жан аямай еңбек еткен осындай аға буын өкілдерін еңбек майданының майталманы десек, артық айтқандық болмас. Бүгінде адал ісімен ұрпағына үлгі болған Әлпеш Байділдақызын ұл-қыздары да әлпештеп, алақандарына салып аялауда. Айсұлу, Айжан, Жомарт есімді балаларынан немере-жиен, шөбере сүйіп отыр. Адам баласының әдемі қартая білуінің өзі – баға жетпес бақыт қой, шіркін!
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltústіk Qazaqstan” .
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.