«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАТТЫҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАРЛЫҒАШТАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Егемендіктің елімізге берген игілігін санап тауыса алмаспыз. Егер Қазақстан еркіндік алмағанда бүгінгі күніміздің қандай болатынын елестетудің өзі қиын. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманы орындалып, азаттыққа қол жеткіздік. Аға буын өкілдері болмаса, бүгінгі жастар заман қашан да осындай бейбіт, еркін болған деп ойлайтын шығар. Оларға егемендіктің қадірін ұқтыру үшін осындай мерекелердің маңызы жоғары.

Тәуелсіздік жылдарында ойы азат, санасы нұрлы, елдің ертеңіне сеніммен қарап, батыл қадам жасай алатын буын өсіп шықты. Бүгінде егемендік жылдары қалыптасқан алғашқы ұрпақ сан-салада тер төгіп, елімізді алға бастап келеді. Өзім де азаттықтың алғашқы қарлығаштарының бірі болғанымды мақтан тұтамын. Егемендіктің арқасында біз еркін қоғамда өсіп, ешқандай шектеу мен қысым көрген жоқпыз.

Егемендік алған сәттен бастап еліміз өз даму бағытын айқындап, қазақ тарихының жаңа кезеңі басталды. Ел өмірінің сан саласында күрделі өзгерістер орын алып, жаңа заман туды. Соның ішінде қазақ өнері де жаңа деңгейге көтеріліп, ұлттық құндылықтарымыз қайта төрге шықты. Еліміздің театр, кино өнері биік белестерге жетіп, небір өнер дүлдүлдері елінің сүйіспеншілігіне бөленді. Азаттықтың арқасында қастерлі өнерімізді күллі әлем танып, таңдай қақты. Әлемдік өнер кеңістігінде отандық талант иелерінің қолтаңбасы қалыптасып, өзіндік орны пайда болды. Бұл – егемендіктің қазаққа әкелген жақсылығының бір парасы ғана.

Барша қызылжарлықтарды Республика күнімен құттықтаймын. Еліміздің іргесі берік, шаңырағы биік болсын. Халқымыздың бақ-дәулеті артып, бірлігіміз нығая берсін. Мемлекетіміздің тірегі болған егемендігіміз баянды болсын деп тілеймін.

Самал ЕСЛӘМОВА,

актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp