Кітапхана – ақыл-ой мен мәдениеттің мекені болса, кітап – рухани ұстаз. Онсыз мәдени, ұлттық құндылықтарымызды толық меңгеру мүмкін емес. Адамзат мәдениетінің маңызды құрамдас бөлігі саналатын кітапхана ісін дамытудың маңызы зор. Үкімет қаулысымен 2022 жылы 24 қазан кітапханашылардың кәсіби мерекесі болып бекітілді.
Бүгінде кітапхана – рухани байлықты сақтайтын қойма ғана емес, дәрістер, шеберлік сабақтары мен мәдени іс-шаралар өткізілетін, интерактивті құралдармен жабдықталған, жаңа технологияларға толы серпінді кеңістік. Кітапхана туралы сөз қозғағанда белгілі ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлінің “Кітапхана – тірілердің бас қосып, əруақтардан ақыл сұрауға баратын қасиетті орны, ғибадатхана” деген пікірі ойға оралады. Әлбетте ғибадатхананы шырақшысыз елестете алмасақ, рухани орданы да кітапханашысыз елестету мүмкін емес.
Кітапханашы – заманауи әрі бірегей мамандық. Компьютерленген XXI ғасырда бұл мамандық ең күрделі және көп қырлы саланың бірі саналады. Кітапханашы педагог әрі тәлімгер, тіпті режиссер де бола білуі керек. Ақпараттық технологияларды енгізу, ақпараттық ресурстарды дамыту және оларды өңдеу, оқырмандардың қызығушылықтарын дамытудың заманауи тәсілдері қазіргі заманғы жоғары білікті мамандарды қажет етеді.
Біздің облыста 318 кітапхана бар. Онда 700 маман жұмыс істейді. Жыл сайын кітапханаларға 3 миллионға жуық адам келеді. Мұның өзі уақыт, әлеуметтік катаклизмдер, технологиялар күн сайын өзгерсе де қастерлі мамандықтың өлмейтінін аңғартатындай.
Биыл Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың құрылғанына 90 жыл толды. Ғасырға жуық тарихы бар рухани орданың жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Осыдан бірнеше жыл бұрын мәдениет ошағы “Қазақстанның ХХІ ғасырдағы үздік кітапханасы” атанып, сол абырой биігінен бүгінге дейін бір мысқал да түскен емес.
Қазіргі уақытта көпқырлы интеллектуалды байланыс орталығы ретінде кітапхана жаңа технологиялық құралдармен, интернет желісіне қосылған компьютерлермен, қорларды сандық жүйеге көшіретін сканерлермен, оқырмандарды ақпараттандыруға арналған интерактивті стендтермен жабдықталған. Ол тек баспа өнімдерін сақтаушыға ғана емес, сонымен қатар мәдени орталыққа айналды. Бұл заманауи технологиялар мен классикалық құрылым бір-бірімен тоғысқан инновациялық білім орталығы ретінде келушілерге әдеби ресурс қана емес, өзін-өзі дамыту мен оқуға зор мүмкіндік береді.
Соңғы он жылда кітапхана өмірінде көптеген өзгерістер мен маңызды оқиғалар орын алды. Қазақстандағы облыстық кітапханалар арасында алғашқы электрондық кітапхана құрылды. Өлкетану бағытындағы 143 000 құжат сандық жүйеге көшірілді. “Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылығының виртуалды антологиясы”, “Мағжан” порталы, “өлкетанушылар мұрағаты” ашылды. “Qyzylzhar кітапханасы” мобильді қосымшасы іске қосылды.
Өзім жетекшілік етіп отырған кітапханада жыл сайын 45000-нан астам оқырманға қызмет көрсететін 15 бөлім мен сектор бар. Рухани орда өңірдегі 318 кітапхана үшін ғылыми-әдістемелік орталық болып саналады. “Кітапхана саласын жаңғырту бағдарламасы” бойынша ауылдық үлгілі кітапханалар құрылуда. Руханият ордасы – жыл сайын “Рухани қазына” республикалық фестиваліне қатысып, жеңіске жететін еліміздегі жалғыз кітапхана. “Үздік кітапхана қызметкері”, “Бюджеттен тыс қаражатты тарту арқылы кітапхана қорын толықтырған үздік кітапхана” аталымдары бойынша жеңімпаздар қатарынан көрінген біздің ұжым “Әлеуметтік желідегі белсенділігі үшін”, “Maker Space” пен тағы басқа да жобалар үшін арнайы дипломдармен марапатталды. Мәдениет ордасының “Оқырманы озық өлке” республикалық байқауының жеңімпазы екенін де айтып өту қажет.
Өңірдегі айтулы рухани орда әлемдік кітапхана қауымдастығына да жақсы таныс. Біз халықаралық қорлардың 27 грантына қол жеткіздік. Өткен жылы Нидерландының Роттердам қаласында 88-ші IFLA Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресіне қатыстым. Біз ол жерде қазақтың аяулы ақыны, жыр жампозы, жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналған тұсаукесер жасадық. 2023 жылы ақынның 130 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Бұл айтулы мәдени оқиға болды.
Кітапты насихаттау мен оқырмандарды тарту мақсатында 40-тан астам жобаға қатысудамыз. Апта сайын офлайн және онлайн режімде 30-ға дейін, жалпы жылына 7 мыңнан астам іс-шара өткізіледі. Жоғарыда айтып өткенімдей, қазіргі заманғы кітапханалар келушілерді таңғалдырып, түрлі қызықты, креативті идеяларымен тарта білуі қажет. Жуырда кітапхана жанынан кәсіпкерлер мен қаламыздың бизнес құрылымдары, әсіресе жастар үшін семинарлар, кеңестер, онлайн конференциялар, іскерлік және бейресми кездесулер ұйымдастыратын заманауи коворкинг орталық ашылды.
Біздің кітапханада 2017 жылдан бастап “Makerspace” робототехника ресурстық орталығы жұмыс істейді. “Makerspace” шығармашылық зертханасы адамдардың ғылым, технология, инженерия, өнер және математика саласындағы дағдыларын дамытып, білімін жетілдіруге мүмкіндік береді. Барлық ниет білдірген жандар (10-23 жасқа дейін) заманауи құралдардың көмегімен қолданбалы бағдарламалауды және ақылды технологияларды құруды, соның ішінде роботтарды құрастыруды және 3D принтерлерде жұмыс істеуді үйренуде. Олар облыс пен республикада түрлі жарыстарға қатысады. Бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды.
Біз әрбір жетістікке ұжымның ауызбіршілігімен, табанды еңбегімен, білімі мен тәжірибесінің арқасында қол жеткізудеміз. “Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып” жұдырықтай жұмыла еңбек етіп жатқан әр қызметкерге ризамын. Ұжымда 74 маман бар. Біздің ұжым ұйымшыл. Кітапханада білімі мен біліктілігі жоғары кәсіби мамандардың жұмыс істейтіні қуантады. Өз ісіне адал, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын әр маман құрметке лайық. Оқу залы бөлімінің меңгерушісі Наталья Чуряк сынды мамандарға жүктелген. Сонымен қатар Қайыржан Мәлікова, Мәдениет қайраткерлері Майра Әшімова мен Анжела Садықова, “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісінің иегерлері Кәмшат Әбілкәрімова, Тамерлан Айтмағамбетов, Елена Скакунова, Дархан Баяхметов сынды мамандарды мақтан тұтамыз.
Саналы ғұмырын кітапхана ісіне арнаған аға ұрпақ өкілдерін де ұмытқан емеспіз. Аталмыш кітапхананы 1975-1995 жылдар аралығында басқарған Валентина Кашемирова, оқу залы, ақпараттық-библиографиялық бөлімдерінің меңгерушілері болған Раиса Лабутина, Валентина Петрова сияқты аға ұрпақ өкілдерінің өнегелі еңбегі жастарға әрқашан үлгі.
Бейбітгүл ӘБІЛМӘЖІНОВА,
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.