Ұлттық мерекеге әдетте тарихи маңызы жоғары, мемлекеттің қалыптасуына айрықша ықпал ететін оқиғалар мен атаулы даталар жатқызылады. Сондай ұлық мейрамдардың бірі – Республика күні. Осыдан тура 34 жыл бұрын, яғни 1990 жылы 25 қазанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен “Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы” декларацияның жариялануы барша қазақстандықтарға ақ түйенің қарны жарылғандай, тымық күні найзағай ойнағандай керемет әсер етті.
Дегенмен, депутаттық топтар, қоғамдық ұйымдар арасында тұңғыш конституциялық актінің қабылдануын тыжырына қарсы алып, өздерінің баламалық жобасын ұсынғандар болды. Сөйтіп, олар республиканың егемендігін, ұлттық мемлекеттіліктің қажеттілігін жоққа шығаруға барынша тырысып бақты. Еліміздің егемендігі ғана емес, оның ұлттық-мемлекеттік құрылым ретінде өмір сүруіне күмән келтіріп, декларация жобасындағы “ұлттық мемлекеттік”, “ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы”, “өзін-өзі билеу субъектісі ретіндегі байырғы ұлттың ұғымы” туралы тұжырымдарды алып тастауды талап етті. Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық мәдени, рухани және тіл жөніндегі қажетін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды деген ұсыныс та ұнамады. Ал егемен мемлекеттер одағының шеңберінде республиканың дербес, тәуелсіз даму идеясын жан-тәнімен қорғаушылардың жанкештілігі, сол кездегі саяси жағынан аумалы-төкпелі кезең биігінен көз салсақ, теңдессіз ерлікке пара-пар еді. Екі күндік (15-16 қазан) ой-пікірлер алмасу барысында империялық идеологияны қолдаушылар мен өрелі саяси-экономикалық өзгерістерді жан-тәнімен жақтаушылар арасындағы текетірестің ушыққаны соншалық, Жоғарғы Кеңестің “Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы” декларация жобасына байланысты ұсыныстарды, ескертулерді жинақтау және қорытындылау жөніндегі комиссия құру туралы қаулы қабылдауына тура келді. Оның құрамына депутаттар, аудандық, облыстық партия комитеттерінің хатшылары, кеңестер мен ауатком төрағалары, партия, қоғамдық топ өкілдері еніп, комиссия төрағасы болып белгілі заңгер, академик Салық Зиманов бекітілді. 25 қазан күні келісім комиссиясының жұмыс нәтижелерін талқылаған жалпы отырыс бақандай 6 сағатқа созылып, әрбір бап (барлығы 17 болатын) қызу пікірталасқа ұласты. Тіпті қазақ халқының мемлекеттік өзін-өзі билеу құқығынан бас тарту талабына дейін қойылуы жағдайдың өте-мөте шиеленіске, талас-тартысқа толы болғанын, ел, ұлт тағдыры қыл үстінде тұрғанын айғақтайды. Өйткені тарихи құжаттың қабылдануы үшін кемінде 75 пайыз дауыс жинау міндеті тұрды. Тіпті кей қазақ депутаттары “Біз одақтан айрылмауымыз, Ресеймен бірге болуымыз керек” деп табандап тұрып алды. Дегенмен көпшілік Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Ғайрат Сапарғалиев секілді тәжірибелі заңгерлер мен ғалымдардың, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сияқты елге танымал қаламгерлердің дәлелді сөздері мен бұлтартпайтын уәждеріне сүттей ұйып, көптің көңілін толқытқан тарихи шешімге нүкте қойылды, патриоттық сезім кеудені кернеді, ел қуанышы телегей теңіз құсап арнасынан асып-төгілді. Бұрын осындай саяси құжатты қабылдау тәжірибесі жоқтығын ескерсек, Қазақ КСР-нің жаңа Конституциясын, егемен мемлекет ретінде Республиканың мәртебесін іске асыратын заңдық актілерді әзірлеу үшін негіз болып табылатын декларацияның Қазақстанның өз дамуының жолын дербес анықтау мүмкіндігіне айқара жол ашқан тұңғыш акт ретіндегі мәні айрықша. Ғасырлар бойы азаттықты, еркіндікті аңсап келген, дербестікке ұмтылған қазақ халқының тұғырына қайта қонған, тұтас дәуірге татитын маңызды белесі, айтулы кезеңі ретінде тарих беттеріне жазылып қалары анық.
Декларацияның саяси мән-маңызын тілмен айтып жеткізу қиын. Актіде Республиканың мәртебесін, оның одақтық мемлекеттегі орнын, республика өкіметінің экономика, мәдениет, заң шығару және аумақтық кеңістік саласындағы үстем билігінің ауқымы мен шегін айқындайтын принципті ережелер хатталған. Мемлекеттіліктің негізгі қағидаттары ретінде мыналар белгіленді: біртұтас мемлекет, аумақтың тұтастығы, бөлінбейтіндігі мен қол сұғылмаушылығы, ұлттық бірегейлікті нығайту, қазақ халқының және республикадағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, дамыту, саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу. Адамды қай ұлтқа жататынына және діни нанымына қарамастан толымды, ерікті тұлға ретінде орнықтыру және осы негізде топтастырып, олардың достығын нығайтуға қол жеткізу қажеттігі туралы идея бүкіл декларацияның алтын арқауы десе де болады. Мұның бәрі қазақ халқының өзін-өзі билеу, мемлекеттілігін құрудың тарихи маңызы, дүние жүзіндегі бірден-бір кіндік кескен атамекені саналатын аймақта жүзеге асуымен маңызды. Ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеу, халықаралық қатынастарды дербес шешу құқығын алды. Табиғи ресурстардың, экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетінің ел меншігінде болуының ерекше құқығы баянды етілді. Бұдан бөлек, осынау тарихи құжаттың арқасында кеңестік заңдарды қолданудан бас тарта отырып, 1991 жылы 16 желтоқсанда “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” конституциялық заңының қабылдануына алғышарт жасалды. Декларацияның қабылдануымен Қазақстанның мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы рөлі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді.
Салық Зиманов естеліктерінің бірінде былай деп жазды: “Біздің республика өзінің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясын соңғылардың бірі болып қабылдады. Мұның өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар еді. Басқа республикалардың тәжірибелерін ескеруге және олардың декларацияларындағы ұтымды әрі бағалы нәрселерді алуға, өзіміздің тарихи шешімімізге ойлы көзбен қызбаланбай қарауға мүмкіндік мол болды”.
Тамыры терең тарихымызға үңілсек, 34 жыл көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт болғанымен, еліміз берекелі бірліктің, қоян-қолтық тірліктің арқасында түрлі сынақтардан мүдірмей өтіп келеді. Алайда қазақ елінің тәуелсіздік алуына басты сеп болған маңызды құжаттың “қорғасындай” салмағы әлдекімдерге “жеңіл” көрінгені рас. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет “ұлттық мереке” болып жарияланса да, 2001 жылы лайықты мәртебесінен айрылып, “мемлекеттік мереке” санатына қосылды. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталды. Осылайша он жылдан астам уақыт бойы ауызға да алынбай, мүлдем ескерусіз қалып келді. Тек Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Республика күнін қайтаруды ұсынып, бастама жұртшылық тарапынан кең қолдау тапты. Халық өшкені жанып, өлгені тірілгендей күй кешті. Заңға тиісті өзгеріс енгізіліп, тарихи әділдік қалпына келтірілді. Жас буын Республика күнінің жаңарғанын жақсы қабылдады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде “Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам”, – деп атап көрсетті. Еліміздегі жалғыз ұлттық мереке биыл үшінші рет тойлануда.
25 қазан – ел тарихындағы, халық жадындағы айрықша күн, қазақ мемлекеттілігінің, жаңа тұрпатты заманның бастауы. Егемендік Декларациясы – “Тәуелсіздік туралы” конституциялық заңның іргетасы. Демек, басты мереке болуға әбден лайық. Сондықтан маңызы мен орнын бағалай білуіміз керек. АҚШ-та әрбір үйде өз елінің туы ілініп тұрады. Арнайы тапсырмамен емес, өз еріктерімен. Бұл – отаншылдықтың, елін сүюдің ғаламат мысалы, санаға сіңген дәстүр, өзгелер сабақ алатын өнеге. Республика күнінің мән-маңызын аша түсудің жолдары ойластырылса, мәдени іс-шаралардың тағылымдық тұстарына көбірек назар аударылса, дәстүрлі мейрамдардан бөлекшеленіп тұрса, құба-құп болар еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХI сессиясында еске салғандай, еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алып отырса, ішкі жан-дүниеміз Отанға деген шексіз махаббатпен, ар-намыспен, ерік-жігермен толыға түсері күмәнсіз.
Гаухар ІЛИЯСОВА,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің аға оқытушысы, гуманитарлық пәндер магистрі.