Татулығы жарасқан елдің болашағы жарқын. Түрлі этнос өкілі өмір сүріп жатқан Қазақстанда бірлікті сақтау – аса маңызды. Осы мақсатта ел іргесін нығайтуда этносаралық келісімге баса назар аударылады. 43 жылдан бері мәдениет саласында еңбек етіп жүргендіктен, қазақ жерінде өмір сүріп жатқан ұлт пен ұлыстарды бір-бірімен табыстыруда ауқымды жұмыстар, кешенді жоспарлар жүзеге асырылып жатқанын нық сеніммен айта аламын.
Біздің елде ұлыстардың ұлт ретінде дамуына, ана тілінде сөйлеуіне, өздерінің тарихы мен мәдениетін зерттеуге, ғибадат үйлеріне баруына барлық мүмкіндік жасалған. Бұл – тағдыр табыстырған, қиын кезеңдерде, қуанышты сәттерде жұдырық болып жұмыла білген халықтардың бір-біріне деген сыйластығы. Ортақ мерекелерімізде әртүрлі тілде ән шырқаймыз, ұлттық өнерімізді көпшілікке таныстырамыз. Біздің көңілімізге украиндық “гопак” биі, қазақтың күйі, орыс частушкасы, татар әуендері және грузиндердің “лезгинкасы” бірдей жағады.
Бүгінде Мамлют ауданының аумағында отыздан астам ұлт пен ұлыс тұрады. Олардың көпшілігі этномәдени бірлестіктерге мүше. Мысалы, “Лад” славян этномәдени орталығының жұмыс істеп тұрғанына отыз жылдан асты. Бірлестік өкілдері этносаралық және мәдениетаралық келісімді нығайта отырып, ғасырлар бойы атадан балаға жеткен дәстүрлерді, тіл мен мәдениетті сақтауға, дамытуға үлес қосып жатыр. Аудан көлемінде қалыптасқан дәстүрге сәйкес түрлі халықтық, мемлекеттік мерекелер аталып өтіледі, оған этномәдени орталықтар белсенді қатысады. Өздерінің ұлттық өнерін көрсетіп, ана тілдерінде жүрекжарды лебіздерін жеткізеді. Республика күні – бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан ұлыстардың достығын паш ететін мереке. Сондықтан оған жан-жақты дайындаламыз. Осы жерде өмір сүріп жатқан ұлыстар ұлттық мәдениетінен нәр алуға қолайлы жағдай жасаған Қазақстанда тұрақтылықты сақтау аса маңызды екенін біледі.
Жылдар бойы нығайған бірліктің арқасында бір-біріміздің салт-дәстүрімізді, болмысымызды, тұрмыс-тіршілігімізді танып, үйрендік. Осы ретте “Самауырын қайнайды – қонақтарды жинайды” деген атаумен кеш ұйымдастырып, қазақ мәдениеті орталығының өкілдерімен емен-жарқын әңгіме өрбіттік. Осындай бірлік, келісім және татулық – біздің игілігіміз.
Этномәдени бірлестік жұмысының негізгі бағыты – ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту, зерделеу, тарату. Орталық өкілдері өз халқының ерекшелігін, сұлулығын, мәдениетін таныстыру мақсатында кештер, конкурстар, фестивальдар өткізеді, мемлекеттік мерекелерді атап өтеді. Ауданда тұратын ұлыстардың ұлттық мәдениетін дамытуға арналған “Халық тұрмысының поэзиясы”, “Сақтай отыра жаңғыртамыз”, “Сізбен мақтанамын, менің Қазақстаным!” сынды көрмелер, халық шығармашылығы жәрмеңкелері, балалардың сурет байқауы ұйымдастырылады. Осылайша этнобірлестік мүшелері халық шығармашылығын дамытуға өз үлестерін қосып, өткенге лайықты құрмет көрсетеді.
“Лад” орталығының өкілдері өткізетін барлық іс-шаралар осы өлкенің тарихына, оның дәстүрлеріне деген сүйіспеншілікпен ұйымдастырылады. Біз халық шығармашылығын зерттеп, салт-дәстүрлерді, ежелгі ойындарды, ырым-тыйымдарды еске түсіріп, ұмытылған әндерді шырқаймыз.
Мен Қазақстанда – бейбітшілік, тұрақтылық пен келісім орнаған елде туып-өскенімді мақтан тұтамын. Осы бағымызды баянды ету үшін ішкі саяси тұрақтылықты нығайтып, этносаралық келісім мен тыныштықты қамтамасыз ету – бәрімізге ортақ міндет.
Ирина ПОЯРКИНА,
“Лад” славян этномәдени бірлестігінің жетекшісі.
Мамлют ауданы