Дербес шекарасы, мемлекеттік рәміздері, ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі қалыптасқан зайырлы елге айналу айтуға ғана оңай. Ол кезде мәңгілік мызғымастай көрінген Кеңес Одағының іргесі сөгіліп, экономикасы шатқаяқтай бастаған. “Новоникольское” кеңшарында еңбек етіп жүргенмін. Жас маман ретінде маған үлкен сенім көрсетіп, “Меңгесер” шаруашылығына бас инженер етіп жіберді. Саясаттан гөрі адамдардың әлеуметтік мәселелері мен қордаланып қалған проблемалық жайттар көбірек толғандыратын. Ақжолтай хабарды ең алғаш радиодан естігенімде, шыны керек, үлкен қиындықпен қабылданған құжаттың саяси салмағын, тарихи мән-маңызын дәл қазіргідей сезіне қойған жоқпын. Арада жылдар жылжып өткен соң ғана іргелі міндеттер мен зор жауапкершілік жүктелген өте маңызды шешім екеніне анық көз жеткізіп отыр.
Осы кезең аралығында тәуелсіздігіміз терең біліммен, адал еңбекпен толығып, жасампаз ел бола алатынымызды уақыттың өзі дәлелдеп берді. Бабаларымыздың ұлы арманы шындыққа айналып, егемен еліміздің уығы қадалып, шаңырағы көтерілді. Аспан түстес көк байрағымыз көкте желбіреді. Тәуелсіз елдің ертеңіне деген сенім мен үмітті көкейлеріне ұялатқан республика халқы ортақ мақсат жолына жұдырықтай жұмылды, әлем картасынан ойып тұрып орын алып, өркениетті елдермен иық тірестіретініне шүбә келтірмеді. Тәуелсіздік ұғымы құндылықтарымыздың басты атрибуты ретінде танылып, бірлік пен келісім елдігіміздің мызғымас тұғырына айналды. “Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді” деп текке айтылмаған. Баққа “қайда барасың?” деп сұрағанда “ынтымағы жарасқан елге барамын”, – деп жауап берген екен. Ынтымағы кері кеткен елдерді соғыс өрті шарпып, жұмыссыздық дендеп, амалсыз шекара асып, өркениет көшінен кейіндеп қалуы – соның айқын мысалы. Еліміздегі ұзақ болашақты көздеген стратегиялық басымдықтар бірлікті басты ұстаным ете отырып, халықтың әлеуметтік жағдайын, өмір сапасын үздіксіз жақсартуды діттейді.
Мен жерлестеріме ыстық сәлемімді, жүрек жарды лебізімді Албания елінен жолдап отырмын. Мұнда Парламенттегі аграрлық комитеттің атқарушы хатшысы ретінде халықаралық жиындарға қатысып, ой-пікірлерімізді ортаға салатын боламыз. Шетелде Қазақстанның атын таныту – азаттығымыздың жемісі.
Еркебұлан МӘМБЕТОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты.