Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің отырысында осы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, жылды табысты аяқтаудың нақты міндеттері белгіленді.
Облыстық экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов осы кезеңде негізгі салалар бойынша оң нәтиже байқалғанымен, жоспарланған кейбір бағдарламалардың орындалмау себептеріне тоқталды.
Оның айтуынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда құрылыс жұмыстары – 26,6, тұрғын үй құрылысы – 19, ауыл шаруашылығы – 15,4, инвестициялар көлемі – 6,4, бөлшек сауда – 2,4, өнеркәсіп өндірісі 0,4 пайызға төмендеген.
Жыл басынан бері 583,2 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Мал шаруашылығы бойынша өсім бар. Сүт өндіру – 5,6, жұмыртқа – 4,3 пайызға көбейіп, ет өндіру 11 ауданда азайған.
Өнеркәсіп тауарларын шығару мөлшері 486,6 млрд. теңгеге жеткен. Бұл жөнінен Ғабит Мүсірепов атындағы, Ақжар, Шал ақын аудандарында ілгерілеу байқалса, Петропавл қаласында, Жамбыл, Есіл, Мамлют, Айыртау, Уәлиханов аудандары көш соңында қалған.
9 айда негізгі капиталға 316 млрд. теңге мөлшерінде инвестиция тартылған. Өкінішке қарай, Тимирязев, Жамбыл, Тайынша, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда қарқын баяу. Облыс әкімінің рейтингтік бағалау мониторингіне кіретін үкіметтік мақсатты индикатор көрсеткіштерін орындауға басты назар аударылуы тиіс. Аудандар негізінен ұсақ жобаларды жүзеге асыруға әуес.
Құрылыс саласында атқарылған жұмыстардың көлемі 26,6 пайызға артып, көрсеткіш 135388,7 млн. теңгеге жетті. 163855 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жекелеген адамдардың есебінен 98413 шаршы метр баспана тұрғызылды. Бөлшек сауда мөлшері 295,7 млрд. теңгені құрады. Бұл жөнінен Мағжан Жұмабаев атындағы, Уәлиханов, Қызылжар аудандары көрсеткішті кемітіп жіберген.
Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Төлеген Қабдөшев жиналғандарды салық болжамының орындалу барысымен таныстырды. Мемлекеттік бюджеттің барлық түрі 89,7 пайызға орындалған, түскен салық мөлшері –137,8 млрд. теңге. Тіркеу алымдары 17775 млн. теңгеге кем түскен. Баяндамашы салық жинау бойынша қарқынды төмендетпей барлық мүмкіндіктерді жедел қарастыру қажеттігін атап өтті.
Қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант бюджеттің кіріс-шығысы жайлы баяндады. 1 қазанға дейін жергілікті қазынаға 89 млрд. 475,2 млн. теңге, оның ішінде жоспардан тыс 3 млрд. 054,2 млн. теңге құйылған. Облыстық бюджет 101,1 пайызға (52 млрд. 066,4 млн теңге) игерілген. Қалалық, аудандық бюджет кірісі – 37 млрд. 408,8 млн. теңге (107,1 пайыз). Бюджеттің шығыс бөлігі бойынша республикалық қазынадан және Ұлттық қордан бөлінген 6 млрд. 3999 млн. теңге мақсатты трансферт игерілмей қалған. Оның себептері – озық жобаларды іске асырудағы әкімшілік қадағалаудың төмендігі, мердігерлік мекемелер жұмысының өз дәрежесінде ұйымдастырылмауы.
Әкімдік отырысын қорытындылаған Ғауез Торсанұлы тиісті басқармалар жетекшілеріне, қала және аудан әкімдеріне әлеуметтік-экономикалық даму, өнеркәсіп және инвестиция тарту бойынша жоспарланған көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді, тұрғын үй құрылысын күшейтуді және бюджет қаражатын толық игеруді тапсырды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.