«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлттың ұстыны

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біз бүгінгі таңда ғылым мен техника дамыған, өнер-білімнің түрлі саласында тың жаңалық­тар аса қарқынды үрдіспен ашы­лып жатқан қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Демек, осындай қо­ғамда заманына сай ұрпақ тәр­биелеп, жетілдіріп шығару үшін жан-жақты білім және тәрбие берумен айналысу өте жауапты іс екендігі баршамыз­ға аян.

Ыбырай Алтынсариннің: “Тә­лім-тәрбие мен оқыту ісінің нә­тижесі іс-әрекеттерден гөрі мұ­ғалімдерге көбірек тәуелді”, – деген көрегендікпен айтқан пікі­рінің қазіргі уақытта да маңызды болып отырғаны шындық. Ұс­таздар балаларға тек білім бе­румен ғана шектелмей, сонымен қатар, олардың дені сау, ақыл-ойы толысқан, ізгі ниетті, мәдениетті де әдепті, дүниетанымы жоғары тұлға ретінде ке­мелденуі үшін берер тәрбиенің ықпалы да зор болмақ. Ол үшін, ең алдымен, мұғалімнің білім беру ісін рухани дамыта отырып, инновациялық ізденіспен жұмыс істеп, өзгеге өнеге болар­лықтай тұлға болуы шарт. Одан өзге кез келген мұғалім тәуелсіздіктің талбесігінде тербетіліп келе жатқан өз шәкірттерін ұлттың кемел тарихымен сусындата білуі тиіс. Балалар­дың өн бойына қазақ халқының тари­хын, егемендік жолында бас­тарын бәйгеге тіге жүріп, адал қызмет еткен тұлғалардың қилы тағдырларын ұялату да ұс­таздың басты міндеттерінің бірі.

Мен бастауыш сынып мұға­лімімін. Білімнің негізі бастауышта қаланатынын жақсы бі­лемін. Сондықтан оқушылары­ма саналы адам атану үшін ең алдымен ұлтты сүю қажеттігін айтудан жалыққан емеспін. Отан­дық білім беру жүйесінің негізгі өзегі де – осы. Ұлтжанды жастар шоғырын мектепте қа­лып­тасты­рудың маңызы айрық­ша. Бұл ретте біз түрлі жатты­ғулар мен ойындарды пайда­лануға баса мән береміз. “Тар­сия”, “Венн диа­грам­масы”, “Жұ­быңды тап”, “123!”, “Қал қа­лай?”, “Тілектес”, “Амандасу түр­лері”, бір ғана сөй­лем”, “33!”, “Комплименттер бұрқасыны”, “Психологиялық бой”, “Айна” сынды әдіс-тәсілдер бастауыш сынып оқушыла­рының бойына елге деген сүйіспеншілік қалып­тас­тыруға бағытталған.

“Білім берудегі заманауи трендтер: SMART-оқыту, STEAM-оқыту” тақырыбында өт­кен шеберлік сыныптары менің бастауыш сынып мұғалімі ретін­дегі тәжірибемді шыңдауға көп септесті. “Оқушыларды матема­ти­калық сауаттылыққа дайын­даудың жолдары”, “Оқу әдістемелік кешенді құрастыру әдістемесі” тақырыптарында өт­кізген вебинарларым да нәтижесіз емес. Жеке авторлық бағ­дарламамның республикалық мектептерде қолданылып келе жатқаны – еңбегімнің ақталғаны­ның бір көрінісі. “Оқу – жылдам­дыққа”, “Кіші жастағы зерттеу­шілер”, “Жазғы мектепке әдіс­­темелік нұсқаулықтар” атты әдістемелік құралдарымды өз сабақтарында пайдаланып жүр­ген әріптестерім аз емес.

Биыл ұстаздар күніне арнал­ған салтанатты жиында кеудеме Ыбырай Алтынсарин медалі тағылды. Сахнаға көтерілген сәт­те мен ұстаз оқушыны ғана емес, ұлттың болашағын тәрбиелеп отырған ұлағатты жан екенін жан дүниеммен се­зін­гендей болдым.

Райса АБУЕВА,

Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның бастауыш сынып мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp