«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛ ҚЫЗЫ ӘЛПЕШТЕГЕН ӘЛПЕШ АПАЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алаштың арда ұлдары Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов сынды азаматтар қазығын қаққан “Ленин туы”, қазіргі “Soltüstık Qazaqstan” облыстық газетінде небір майталман мамандар еңбек еткені ақиқат. Жалпы газет шығару бір ғана адамның қолынан келетін шаруа емес. Жүз жылдық жылнамасы бар басылымның жарыққа шығуына атсалысқан, газет өндірісінің ауыр еңбегін бөліскен жандардың қатарында Әлпеш Смағұлова да бар.

Ақпарат майданының бел ор­тасында журналистермен иық түйістіре еңбек еткен Әлпеш апай басылымда ұзақ жыл көз майын тауысып корректор бо­лып жұмыс істеді. Бүгінде 90 жас­тың төріне шыққан қарияның ыл­диынан өрі көп, бұралаң-бұлтарысы тағы бар өмір жолы қиын­дыққа толы болды. Кеншілер қа­ласы – Қарағандыда дүниеге кел­се де, барлық саналы ғұ­мы­ры Қызылжармен тікелей байла­нысты. Соғыс басталмай тұрған жылдары аққайыңдар елі­не қо­ныс аударған Смағұловтар әу­леті осы жерде өсіп-өнді, өр­кен жайды. Әкесі Байділда Пет­ро­павлдағы темір жол саласын­да жұмыс істеген. Осы жерден со­ғысқа аттанып, Беларусь майда­нында жауға қарсы шайқасты. Анасы Балжамал тоғыз құрсақ көтеріпті, тағдырдың жазғаны сол, бала тұрмай бірінен соң бірі шетіней беріпті. Ажалдан аман қалғаны – Әлпеш пен екі бауы­ры ғана. Әкесі үлкенін бір жасында ағасы Жұмаділданың бауырына берген. Кейін інісі соғысқа кеткен соң ағасы оның жары мен өзге де балаларын қамқорлығына алған.

Тұрмыс тауқыметін тартып, мойнына еңбектің қамытын ерте киген Әлпеш Смағұлова зобала­ңы мен сұрапылы басым кезең есінде қалғанын айтады. Петро­павлдағы жас натуралистер стансасында бұғанасы қатпаған балалар майдан даласындағы жауынгерлерге ас-ауқат жөнел­ту, байпақ тоқу, қолғап тігу, соғыс­қа аттанған отбасы мүшелерінің тізімін жасау, Мещан орманында өсірілген картоптың арамшөбін жұлу, оны қазу сынды жұмыс­тар­ға бір адамдай жұмылған. Қар­шадай қыз еңбектің ауыр азабын тар­тып, жастайынан өжет, ал­ғыр, пы­сық болып өсті. Ауыр ең­бек­пен шыныққан ол өмірде жа­сымауды, сүрінсе де сынбауды үйренді.

– Әлі есімде, отбасымызбен қазіргі Абай көшесінің бойында орналасқан ескі үйде тұрдық. Көршілермен тонның ішкі бауындай жақсы араластық. Әкем, оның ағасы да темір жолда жұ­мыс істегендіктен, пойыздан қа­лып қойған жолаушыларды үйге әкеліп қондыратын. Сондай көп­шіл адамдар еді. Кісіні түріне, нә­сіліне, діні мен діліне ешқашан бөл­ген емеспіз. Беларусь, неміс, сыған келсе де, құшақ жайып қар­сы алатын едік, – деген Әлпеш әжей өткен күндерді сағынышпен еске алды.

Ол Петропавл қаласындағы Калинин атындағы жалғыз қазақ орта мектебін тамамдаған соң Ушинский атындағы педагогика­лық институтқа оқуға түскен. Гео­графия-химия пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Жас маман ретінде жолдамамен Ақмола облысының Талапкер ауылындағы мектепке жұмысқа орналасып, сол жерде бірер жыл ғана тұрақтапты. Кейін анасы науқастанып, Қызылжарға оралуға тура келеді. Бірақ онда да қарап отырмады. Бұрынғы Ле­нин, қазіргі Есіл ауданындағы мектептердің біріне жұмысқа ор­наласып, өмірлік серігі Ғабит Смағұловпен шаңырақ көтереді. Балаларға білім мен тәрбие беру өз алдына, кеңшардағы ша­руаны да бір адамдай атқарады. Кейін қалаға қоныс аударып, “Ленин туы” газетінің редакциясына келеді.

Редакцияны алтын бесікке те­ңеген кейуана бірге жұмыс істеген Балтабек Асанов, Рашид Бә­дірленов, Ғазез Нұрмолдин, Мұ­ха­медқали Нұрғожин, Уәра Нұрсейітов, Әмір Қожахметов, Сабыр Сауытбаев, Дүйсенбі Әуел­беков, Тұрсынбай Кәкімов, Тұ­рысбек Кәдіров, Ербол Шаймерденов, Қайырбек Баймұқанов сияқты аяулы азаматтардың есімдерін ерекше құрметпен атады.

– Редакцияның жұмысы қауырт. Кеңес үкіметі тұсында съездер өтеді. Сол съезден құлаш-құлаш материалдар түседі. Газет күн сайын, кейде күнара шығады. Уақытпен санаспай жұ­мыс істедік. Редакцияда қонып қалатын кездер де болды. Күні-түні жұмыс істегенмен, өзіміз де, от­басымыз да қапаланбайды. Жұ­байым балаларға өзі бас-көз бо­­лып, үйдің шаруасын реттей беретін. Газетте қате жіберу де­ген жоқ. Корректор ретінде га­зеттің әр нөмірін мұқият оқимыз. Кезекші редакторлардан кейін тағы бір мәрте оқып шығатын едім. Өйт­кені өзімнің жұмысыма үлкен жауапкершілікпен қара­дым, – дейді ол.

Жүзінен жылылықтың, жана­рынан тереңдіктің, көңілінен адалдықтың лебі ескен қазыналы қария өткен күндердің белгісіндей болған суреттерді ақта­рып, ескінің көзіндей болған қарт басылым жайлы біраз толғанды. Редакция қаншама тұғырлы тұлғалардың рухани ордасына айналғанын айта келе, қазақ әде­биетінің қара нарлары Сәбит Мұ­қанов, Ғабит Мүсіреповпен кез­десіп, талай тамаша сәттердің куә­сі болғанын мақтанышпен жет­кізді. Сәбит Мұқановтың жары Мәриям апай редакцияға жиі қонаққа ке­летінін әңгімелеп берді. Газет ұжымының замана заң­ғарла­рымен бірге түскен сол суреттері бүгінде өткен күндер­дің белгісіндей.

Мәнді, мағыналы өткізген жастық шақ бақытты қарттықтың тұмса бастауы емес пе? Ел үшін жан аямай еңбек еткен осындай аға буын өкілдерін еңбек майда­ны­ның майталманы десек, ар­тық айтқандық болмас. Бүгінде адал ісімен ұрпағына үлгі болған Әл­пеш Байділдақызын ұл-қыздары да әлпештеп, алақанда­ры­на са­лып аялауда. Айсұлу, Ай­жан, Жо­март есімді балалары­нан неме­ре-жиен, шөбере сүйіп отыр. Адам баласының әдемі қар­тая білуінің өзі – баға жетпес бақыт қой, шіркін!

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltústіk Qazaqstan” .

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp