С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толуына арналған “Адамзат тағдырының жыршысы” атты әдеби кеш өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, мұғалімдер, студенттер, кітапхана оқырмандары қатысты.
Әдеби кеш барысында Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гүлнәз Зейнолова “Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өмірі мен шығармашылығы” тақырыбында баяндама жасады. Одан кейін сөз алған С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Әсем Жақыпова “Қан мен тер” романында көтерілген өзекті мәселелерге тоқталып, оларды қазіргі қоғамдағы оқиғалармен байланыстыра баяндады. Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледждің оқытушысы Бота Балғарина қаламгердің “Соңғы парыз” кітабы туралы келелі ой өрбітті.
Кеште ардагер ұстаз Қарақат Шалабаев, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Тілек Әбдірахманов, кітапхана оқырманы Бейсен Құлшықов та заңғар жазушы туралы ой-пайымдауларын білдірді. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актері Дүйсехан Қасым Ә.Нұрпейісовтің “Қан мен тер” романынан үзінді оқыды. Бұл жиын жас оқырмандарға қаламгердің шығармашылық әлеміне терең үңілуге мүмкіндік беріп, оның шығармаларымен танысуға ықпал етті. Шара соңында қатысушылар “Қарымды қаламгер” атты кітап көрмесін тамашалады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.