Мен алты жыл бұрын отбасыммен Жамбыл ауданындағы Рождественка ауылынан Петропавл қаласына көшіп келдім. Қаланың Ойқала шағынауданында орналасқан ескі үйде тұрдық. Бұл үйдің жалпы ауданы небәрі 40 шаршы метр болатын, бірақ соған риза едік. Алайда көктемгі су тасқыны өмірімізді түбегейлі өзгертті, ең үлкен сынақты бастан өткердік. Тасқын су аядай үйімізді басып, көз алдымызда іргетасы құлап, шаңырағы ортасына түсті.
Осы қиын кезеңде мемлекет пен жергілікті билік бізге үлкен қолдау көрсете білді. Су тасқынынан зардап шеккен отбасы ретінде “Бірлік” деп аталатын жаңа шағынауданнан баспана берілді. Бұл үй бұрынғы баспанамыздан екі есе үлкен. Әр отбасы мүшесіне жайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Ауылда өскендіктен, жермен жұмыс істеуге дағдыланғанбыз. Сол себепті бақшамыздың болатынына, көкөніс өсіруге мүмкіндік туғанына қуандық.
Үй сапалы салынған. Арнайы комиссия құрылыс барысын үнемі қадағалап отырды, сондықтан ешқандай алаңдаушылық болған жоқ. Биліктің мұндай жауапты көзқарасы болашаққа деген сенімді арттырды. Жаңа үйімізде қоныстой жасап, өміріміздің жаңа кезеңін бастан өткеріп жатырмыз. Бұл – біздің отбасымыз үшін аса маңызды сәт.
“Бірлік” шағынауданы қаланың шетінде, орталықтан алыстау орналасқан. Дегенмен бұл біз сияқты қаланың у-шуынан алыс, тыныш әрі жайлы өмірді қалайтын жандардың көңілінен шықты. Әрі қоғамдық көлік мәселесі де тез шешілді.
Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау бізге үлкен күш берді. Жаңа баспана, жаңа мүмкіндіктер, жаңа өмір – бұл тәуелсіз еліміздің әрбір азаматына жасаған қамқорлығының нақты көрінісі. Біздің отбасымыз қарғын судың салдарынан баспанасынан айырылса да, мемлекетіміздің қолдауын сезініп, қамқорлығына бөленді. Осындай сәттерде елдің бірлігі мен мемлекетке деген сенімнің қаншалықты маңызды екенін түсінеміз.
Республика күні – еліміздегі барша халықтың бірлігі мен ынтымақтастығының белгісі. Еліміз үшін маңызды мерекені жаңа үйімізде қарсы алғанымыз елдігіміздің нышаны емес пе?! Бұл мереке бізге тек тәуелсіздіктің ғана емес, сонымен бірге мемлекет үшін оның әрбір азаматы маңызды екенін еске салады. Еліміздегі қиындықтар мен сынақтарды үнемі бірге еңсерсек, мемлекеттің іргесі нығаяды.
Шәйкен МЫРЗАХМЕТОВ,
“Бірлік” шағынауданының тұрғыны.
Петропавл қаласы.