«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өнердің өріне талпынған

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қасиетті Қызылжар топырағында дүниеге келіп, еліміздің әр қиырында мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – кешегі Сегіз сері, Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды көмейіне бұлбұл құс ұя салған дүлдүлдердің сарқытындай болған “Астана Опера” мемлекеттік опера және балет театрының әншісі, түрлі халықаралық байқаулардың лауреаты Ермек Қасым. Республика күні қарсаңында жерлес өнерпаздан алған сұхбатымызды оқырмандардың назарына ұсынуды жөн көрдік.  

– Ермек Төкшұлы,  өнерсүйер қауым сізді “Астана Опера” театрының әншісі ретінде таниды. Алайда туып-өскен, білім алған ортаңыз жайлы көп біле бермейді. Өзіңіз жайлы аз-кем айтып бересіз бе?  

– Мен 1990 жылы Мағжан Жұмабаев ауданының Суворовка ауылында дүниеге келдім.  Кейін отбасымызбен аудан орталығына көшіп кеттік. Булаево қаласындағы №2 мектепте білім алдым. Мектепте оқыған жылдары аудандық, облыстық концерттерге жиі қатысатын едім.  Мектепті тамамдаған соң Петропавл қаласындағы Өнер колледжіне оқуға түсіп, вокалдан кәсіби білім алдым.  Кейін Алатаудың баурайындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқу мүмкіндігі бұйырды.

– Жалпы өнерге келуіңізге не түрткі болды?

– Халқымызда “Армансыз адам – қанатсыз құспен тең” деген тәмсіл бар. Армансыз адам болмайды.  Мен де кішкентай кезімде үлкен сахнада өнер көрсетуді армандадым. Бірақ арман оңайлықпен орындалмайды.  Бірде Өнер колледжінің жанынан өтіп бара жатып, оқуға құжат қабылдау жүріп жатқаны туралы хабарландыруды көзім шалды. Мән-жайды сұрап, шығармашылық емтихан тапсыру қажет екенін білдім. Содан кейін ата-анаммен ақылдасуды ұйғардым. Үйге келіп, үлкендердің батасын алдым. Әке-шешем еш қарсылық білдірмеді. Негізі бойымдағы өнер маған нағашы жұртымнан дарыған. Анам да өнерден қара жаяу емес. Домбырада, сырнайда ойнайды. Анам өзінің әнші болу арманы орындалмағанын, кәсіби білім алуға мүмкіндігі болмағанын айтып, менің өнерге қадам басуыма тілектестік білдірді.  Колледжге оқуға түскен кезде шығармашылық емтихан тапсыру керек болды. Комиссия мүшелері менен қай бөлімге барғым келетінін сұрады. Ол кезде классикалық музыкадан хабарым жоқ еді. Шыны керек,  алғашқы екі жыл классикалық музыканы түсіне алмадым.

– Бүгінде сіз еліміздің айтулы өнер ордасы “Астана Опера” мемлекеттік опера және балет театрының белді мүшесісіз. Бұл театрға қалай келдіңіз?

– 2016 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тамамдаған соң “Астана Опера” театрында хорға қабылдану үшін іріктеуден өттім. Ол уақытта мен Абай атындағы Қазақ ұлтық опера және балет театрында тағылымдамадан өтіп жүр едім.  Бірақ еңбекақы аз әрі тұратын баспанам болмаған соң жастардың арман қаласы Астанаға келуді ұйғардым. Іріктеу барысында хормейстер дауысымды тыңдап, театрдың солисі болуды ұсынды. Бас дирижер Абзал Мұхитдинов бірден Карл Орфтің “Кармина Бурана” кантатасын берді.

– Өнер жолындағы ұстазыңыз кім?

– Өнер жолында көптеген ұстаздарым бар. Мәселен, Өнер колледжінде вокалдан Адель Нуриахметов сабақ берсе, одан кейін консерватория қабырғасында халық әртісі Ғафиз Есімовтен дәріс алдым. Астана қаласында әлемдік сахналарда өнер көрсеткен белгілі өнерпаз Барсег Туманянның алдын көрдім.  Одан кейін бір ай Еуропада тәлімгерліктен өттім. Жалпы вокал бойынша Барсег Робертовичтен көп нәрсені үйрендім. Әлемге әйгілі болса да, ұстазымның адамгершілігі, қарапайымдылығы, ұстанымдылығы менің де шығармашылығыма көп әсерін тигізді. Мен оны маэстро деймін. Биыл жазда ұстазымды арнайы іздеп Ереванға бардым. Ұстаз бен шәкірт арасында достық қарым-қатынас қалыптасқанына қуанамын. Осындай тәлімгерлері бар мен бақытты өнерпазбын.

– Қызылжарға жиі келіп тұрасыз ба? Туған жер төсінде концерт қою ойыңызда жоқ па?

– Туған жер дегенде тебіренбейтін адам кемде-кем. Қызылжарға жиі келемін. Өйткені туған-туыстарым Булаево қаласында тұрады. Ақан сері атындағы облыстық филармонияның шақыртуы бойынша концерттерге қатысып тұрамын.  Алдағы 22 қараша күні облыстық филармонияның сахнасында алғаш рет жеке концерт қоюды жоспарлап отырмын. Мен үшін бұл үлкен қуаныш. Сондықтан барша қызылжарлық өнерсүйер  қауымды “Музыка на все времена” атты шығармашылық кешіме шақырамын. 

– Опера әншісі болу кез келген өнерпазға бұйырмаған бақыт.  Жалпы опералық туындыларды орындаудың қандай қиындығы бар?

– Опера деген сөзді қазақшаға аударғанда “қиын жұмыс” деген мағынаны білдіреді.  Опера – вокалдық және аспаптық музыка, драматургия, хореография (балет) мен бейнелеу өнерінің бірлестігінен туған театр шығармасы. Аты айтып тұрғандай әр операда сомдайтын кейіпкерлердің болмыс-бітімін дәлме-дәл көрерменге жеткізу оңай шаруа емес. Күн сайын дайындалу, даусыңды шыңдау, сахналас серіктестермен бірге образға ену, ауқымды оркестрге ілесіп, өз партияңды үйлесімді айту  табанды еңбекті, шығармашылық ізденісті қажет етеді. Кез келген өнерпаз опера әншісі бола алмайды. Сол сияқты опера әншілерінің барлығынан эстрада жұлдызы шықпайды.  Мысалы, мен опера әншісі ретінде эстрадалық жанрдағы шығармаларды тиісті деңгейде орындай алмаймын. Өйткені музыкаға дауыс тембрім сай келмеуі мүмкін. Эстрадалық әндерді орындауға вокалдық техника қажет. Муслим Магомаев, Ермек Серкебаевтың эстрадалық бағыттағы жеңіл классикалық әндері ұнайды. Жалпы жастардың арасында эстрадалық бағыттағы классикалық әндерді кеңінен насихаттау қажет. Маған Дж.Вердидің “Травиата” операсынан Жермонның, П.Чайковскийдің “Евгений Онегин” операсынан Онегиннің, сондай-ақ Евгений Брусиловскийдің  “Қыз Жібек” операсынан Бекежанның партияларын айту ерекше ұнайды.

– Сіздің көптеген байқаулардың лауреаты екеніңізді білеміз. Шетелдік әріптестеріңізбен қандай байланыстасыз?

– Түрлі республикалық, халықаралық байқауларда бақ сынадым. Мәселен, Өнер колледжінің 4 курсында Волгоград қаласында өткен “Волжская песенная осень” фестивалінде бас жүлдені жеңіп алдым. Бибігүл Төлегенова атындағы халықаралық вокалистер конкурсында Арменияда, Ресейде өткен “Возрождение”,  Елена Образцованың байқауларында ел намысын абыроймен қорғадым. Өнерде жүрген соң сайыстарға қатысу заңдылық. Бірінде жүлдегер, бірінде лауреат атанасың. Бірақ әр сайыс, әр байқау маған күш-қуат береді. Ән байқауларын тәжірибе алаңы деп қабылдаған жөн. Осыдан 2 жыл бұрын Украинада Муслим Магомаев атындағы жас вокалистердің халықаралық байқауының лауреаты атандым. Қоржынымдағы жүлделердің арасында бұл байқаудың мен үшін орны бөлек. Сондай-ақ жақында Орал қаласында өткен “Құрмет” орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жұмағаным Рахимованың репертуарындағы әндерді орындаушылар арасында “Ақжайықтың ән сандуғашы” атты ІІ республикалық байқауда жүлделі ІІІ ші орын бұйырды. Бұл байқауға мен Қызылжардың атынан қатысқан болатынмын. Өнердің арқасында елімізде ғана емес, шетелдерде де көп дос, әріптес таптым. Сондықтан өнер жолында елімнің абыройы үшін аянып қалмаймын. Ал шығармашылық жолда біздің әрбір жетістігіміз, шетелдік сахналарда еркін өнер көрсетуіміз тұғырлы Тәуелсіздіктің арқасы деп ойлаймын. Еуропа, Қытай, Ресей, Украина елдерінде тұратын әріптестерім бар. Олардың барлығымен тығыз байланыстамын.

– Болашақта опера әншісі боламын деген іні-қарындастарыңызға не айтар едіңіз?

– Опера әншісі болу табанды еңбекті қажет етеді. Мысалы, бір рөлді жаттау үшін кемінде бір-екі ай дайындалу қажет. Көлемді шығарма болса, дайындық бірнеше айға созылуы мүмкін. Өз басым шетелдік туындыларды айтып жаттығу үшін Франция, Италия елдеріне барып дайындаламын.  Оған жұмыс орнынан қаражат төленбейді. Яғни, көрерменнің көңілінен шығу, жоғары деңгейде өнер көрсету осындай қадамды талап етеді.  Опералық шығарма қай тілде болса, сол тілде таза айтып шығу қажет. Өнерге шынайы қызығушылық болмаса, бұл мамандықты таңдаудың қажеті жоқ. Ал әнші болуды армандайтын адам өнерді бар жан-тәнімен жақсы көруі керек. Өйткені өнер    жолы –  ауыр жол.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp