«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚ ТҮЙЕНІҢ ҚАРНЫ ЖАРЫЛҒАН КҮН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлттық мерекеге әдетте тарихи маңызы жоғары, мемлекеттің қалыптасуына айрықша ықпал ететін оқиғалар мен атаулы даталар жатқызылады. Сондай ұлық мейрамдардың бірі – Республика күні. Осыдан тура 34 жыл бұрын, яғни 1990 жылы 25 қазанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен “Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы” декларацияның жариялануы барша қазақстандықтарға ақ түйенің қарны жарылғандай, тымық күні найзағай ойнағандай керемет әсер етті.

Дегенмен, депутаттық топ­тар, қоғамдық ұйымдар ара­сында тұңғыш конституциялық актінің қабылдануын тыжыры­на қарсы алып, өздерінің бала­малық жобасын ұсынғандар болды. Сөйтіп, олар республи­каның егемендігін, ұлттық мем­лекеттіліктің қажеттілігін жоққа шығаруға барынша тырысып бақты. Еліміздің егемендігі ғана емес, оның ұлттық-мемлекеттік құрылым ретінде өмір сүруіне күмән келтіріп, декларация жо­басындағы “ұлттық мемлекет­тік”, “ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы”, “өзін-өзі билеу субъек­тісі ретіндегі байырғы ұлттың ұғымы” туралы тұжырымдарды алып тастауды талап етті. Рес­публикадан тыс жерлерде тұ­ра­тын қазақтардың ұлттық мә­дени, рухани және тіл жөніндегі қажетін қанағаттандыруға қам­қорлық жасайды деген ұсыныс та ұнамады. Ал егемен мем­ле­кеттер одағының шеңберінде республиканың дербес, тәуел­сіз даму идеясын жан-тәнімен қорғаушылардың жанкештілігі, сол кездегі саяси жағынан ау­малы-төкпелі кезең биігінен көз салсақ, теңдессіз ерлікке пара-пар еді. Екі күндік (15-16 қазан) ой-пікірлер алмасу барысында империялық идеологияны қол­дау­шылар мен өрелі саяси-экономикалық өзгерістерді жан-тәнімен жақтаушылар ара­сындағы текетірестің ушыққаны соншалық, Жоғарғы Кеңестің “Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы” декларация жобасына байланысты ұсыныс­тарды, ескертулерді жинақтау және қорытындылау жөніндегі комиссия құру туралы қаулы қабылдауына тура келді. Оның құрамына депутат­тар, аудан­дық, облыстық пар­тия комитет­терінің хатшылары, кеңестер мен ауатком төраға­ла­ры, пар­тия, қоғамдық топ өкілдері еніп, комиссия төраға­с­ы болып белгілі заңгер, акаде­мик Салық Зи­манов бекітілді. 25 қазан күні ке­лісім комис­сия­сының жұмыс нәтижелерін тал­қылаған жалпы отырыс бақандай 6 сағатқа со­зылып, әр­бір бап (барлығы 17 бо­латын) қызу пікірталасқа ұлас­ты. Тіпті қазақ халқының мемлекеттік өзін-өзі билеу құ­қығынан бас тарту талабына дейін қойылуы жағдайдың өте-мөте шиеленіске, талас-тар­тысқа толы болғанын, ел, ұлт тағдыры қыл үстінде тұрғанын айғақтайды. Өйткені тарихи құ­жаттың қабылдануы үшін кемін­де 75 пайыз дауыс жинау мін­деті тұрды. Тіпті кей қазақ де­путаттары “Біз одақтан айрылмауымыз, Ресеймен бірге бо­луы­мыз керек” деп табандап тұ­р­ып алды. Дегенмен көпшілік Салық Зиманов, Жабайхан Әб­ділдин, Ғайрат Сапарғалиев се­кілді тәжірибелі заңгерлер мен ғалымдардың, Шерхан Мұрта­за, Әбіш Кекілбаев сияқты елге танымал қаламгерлердің дә­лелді сөздері мен бұлтартпай­тын уәждеріне сүттей ұйып, көп­тің көңілін толқытқан тарихи ше­шімге нүкте қойылды, патриот­тық сезім кеудені кернеді, ел қуанышы телегей теңіз құсап арнасынан асып-төгілді. Бұрын осындай саяси құжатты қабыл­дау тәжірибесі жоқтығын ескер­сек, Қазақ КСР-нің жаңа Конс­титуциясын, егемен мемлекет ретінде Республиканың мәрте­бесін іске асыратын заңдық ак­тілерді әзірлеу үшін негіз болып табылатын декларацияның Қа­зақстанның өз дамуының жо­лын дербес анықтау мүмкінді­гіне айқара жол ашқан тұңғыш акт ретіндегі мәні айрықша. Ға­сырлар бойы азаттықты, еркін­дікті аңсап келген, дербестікке ұмтылған қазақ халқының тұ­ғырына қайта қонған, тұтас дәуірге татитын маңызды беле­сі, айтулы кезеңі ретінде тарих бет­теріне жазылып қалары анық.

Декларацияның саяси мән-маңызын тілмен айтып жеткізу қиын. Актіде Республиканың мәртебесін, оның одақтық мем­лекеттегі ор­нын, республика өкіметінің эко­номика, мәде­ниет, заң шығару және аумақ­тық кеңістік сала­сындағы үстем билігінің ауқы­мы мен шегін ай­қындайтын прин­ципті ереже­лер хатталған. Мем­лекетті­лік­тің негізгі қағи­дат­тары ретінде мыналар белгі­ленді: бір­тұтас мемлекет, ау­мақтың тұ­тас­тығы, бөлінбейтіндігі мен қол сұғыл­маушы­лығы, ұлттық біре­гей­лікті нығайту, қазақ халқы­ның және респуб­ликадағы бас­қа да этнос өкіл­дерінің төл мә­дение­тін, дәстү­рін, тілін қайта түлету, дамыту, саяси, эконо­ми­калық және әлеуметтік мәсе­лелерді өз бе­тінше шешу. Адам­ды қай ұлт­қа жататынына және діни наны­мына қарамас­тан толымды, ерікті тұлға ретін­де орнықтыру және осы негізде топтастырып, олардың досты­ғын нығайтуға қол жеткізу қа­жет­тігі туралы идея бүкіл дек­ларацияның ал­тын арқауы десе де болады. Мұ­ның бәрі қазақ халқының өзін-өзі билеу, мемле­кетті­лігін құру­дың тарихи маңызы, дүние жү­зіндегі бірден-бір кіндік кескен атамекені санала­тын аймақта жүзеге асуымен маңызды. Ішкі әскерлерін, мем­лекеттік қауіп­сіз­дік және ішкі істер орган­да­рын құру, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеу, ха­лық­аралық қаты­нас­тарды дер­бес шешу құқығын алды. Табиғи ресурстардың, эко­номикалық және ғылыми-техникалық әлеуетінің ел менші­гін­де болуы­ның ерекше құқы­ғы баянды етіл­­ді. Бұдан бөлек, осынау тарихи құжаттың арқасында кеңестік заңдарды қол­данудан бас тарта отырып, 1991 жылы 16 желтоқсанда “Қазақ­стан Рес­публикасының мемле­кеттік тәуелсіздігі туралы” конс­титу­циялық заңының қабылда­нуы­на алғышарт жасалды. Дек­ла­рацияның қабылдануымен Қа­зақстанның мемлекеттік бюд­жеті, халықаралық қатынастар­дағы рөлі, мемлекеттік рәмізде­рі бекітілді. Бір сөзбен айтқан­да, Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтас­ты­ғы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді.

Салық Зиманов естелікте­рінің бірінде былай деп жазды: “Біздің республика өзінің мем­ле­кеттік егемендігі туралы дек­ларациясын соңғылардың бірі болып қабылдады. Мұның өз ар­тықшылықтары мен кемшілік­тері бар еді. Басқа республика­лардың тәжірибелерін ескеруге және олардың декларацияла­рындағы ұтымды әрі бағалы нәрселерді алуға, өзіміздің та­рихи шешімімізге ойлы көзбен қызбаланбай қарауға мүмкіндік мол болды”.

Тамыры терең тарихымызға үңілсек, 34 жыл көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт болға­нымен, еліміз берекелі бірліктің, қоян-қолтық тірліктің арқасында түрлі сынақтардан мүдірмей өтіп келеді. Алайда қазақ елінің тәуелсіздік алуына басты сеп болған маңызды құжаттың “қор­ғасындай” салмағы әлдекім­дер­ге “жеңіл” көрінгені рас. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет “ұлттық мереке” болып жария­ланса да, 2001 жылы лайықты мәртебесінен айрылып, “мем­лекеттік мереке” санатына қо­сылды. Ал 2009 жылы сәуірде ме­рекелер қатарынан мүлде алы­нып тасталды. Осылайша он жыл­дан астам уақыт бойы ауызға да алынбай, мүлдем ес­керусіз қалып келді. Тек Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Республика күнін қайтаруды ұсынып, бастама жұртшылық тарапынан кең қол­дау тапты. Халық өшкені жа­нып, өлгені тірілгендей күй кешті. Заңға тиісті өзгеріс енгізіліп, тарихи әділдік қалпына келті­рілді. Жас буын Республика күнінің жаңарғанын жақсы қабылдады.

Мемлекет басшысы өз сө­зін­де “Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл хал­қымыздың рухын көтеріп, ел­дігімізді нығайта түсетін аса ма­ңызды тарихи қадам”, – деп атап көрсетті. Еліміздегі жалғыз ұлттық мереке биыл үшінші рет тойлануда.

25 қазан – ел тарихындағы, халық жадындағы айрықша күн, қазақ мемлекеттілігінің, жаңа тұр­патты заманның бастауы. Еге­мендік Декларациясы – “Тәуелсіздік туралы” конституциялық заңның іргетасы. Демек, басты мереке болуға әбден лайық. Сондықтан маңызы мен ор­нын бағалай білуіміз керек. АҚШ-та әрбір үйде өз елінің туы ілініп тұрады. Арнайы тапсыр­мамен емес, өз еріктерімен. Бұл – отаншылдықтың, елін сүюдің ғаламат мысалы, санаға сіңген дәстүр, өзгелер сабақ алатын өнеге. Республика күнінің мән-маңызын аша түсудің жолдары ойластырылса, мәдени іс-шаралардың тағылымдық тұста­рына көбірек назар аударылса, дәстүрлі мейрамдардан бөлек­шеленіп тұрса, құба-құп болар еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқы Ассамблея­сының ХХХI сессиясында еске салғандай, еліміздің әрбір аза­маты жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қа­зақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алып отырса, ішкі жан-дүниеміз Отан­ға деген шексіз махаббатпен, ар-намыспен, ерік-жігермен то­лыға түсері күмәнсіз.

Гаухар ІЛИЯСОВА,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің аға оқытушысы, гуманитарлық пәндер магистрі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp