«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мызғымас құндылық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дербес шекарасы, мемлекеттік рә­міздері, ұлттық құндылықтары, мә­дениеті мен салт-дәстүрі қалыптас­қан зайырлы елге айналу айтуға ғана оңай. Ол кезде мәңгілік мызғымастай көрінген Кеңес Одағының іргесі сөгі­ліп, экономикасы шатқаяқтай баста­ған. “Новоникольское” кеңшарында ең­бек етіп жүргенмін. Жас маман ре­тінде маған үлкен сенім көрсетіп, “Меңгесер” шаруашылығына бас ин­женер етіп жіберді. Саясаттан гөрі адам­дардың әлеуметтік мәселелері мен қордаланып қалған пробле­ма­лық жайттар көбірек толғандыратын. Ақжолтай хабарды ең алғаш радио­дан естігенімде, шыны керек, үлкен қиындықпен қабылданған құжаттың саяси салмағын, тарихи мән-маңызын дәл қазіргідей сезіне қойған жоқ­пын. Арада жылдар жылжып өткен соң ғана іргелі міндеттер мен зор жауапкершілік жүктелген өте ма­ңыз­ды шешім екеніне анық көз жеткізіп отыр.

Осы кезең аралығында тәуелсіз­ді­гіміз терең біліммен, адал еңбекпен толығып, жасампаз ел бола алатыны­мызды уақыттың өзі дәлелдеп берді. Бабаларымыздың ұлы арманы шын­дыққа айналып, егемен еліміздің уығы қадалып, шаңырағы көтерілді. Аспан түстес көк байрағымыз көкте желбіреді. Тәуелсіз елдің ертеңіне де­ген сенім мен үмітті көкейлеріне ұя­лат­қан республика халқы ортақ мақ­сат жолына жұдырықтай жұмылды, әлем картасынан ойып тұрып орын алып, өркениетті елдермен иық тірес­тіретініне шүбә келтірмеді. Тәуелсіз­дік ұғымы құндылықтарымыздың бас­ты атрибуты ретінде танылып, бірлік пен келісім елдігіміздің мызғымас тұғырына айналды. “Төртеу түгел бол­са, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді” деп текке айтылма­ған. Баққа “қайда барасың?” деп сұ­ра­ғанда “ынтымағы жарасқан елге ба­рамын”, – деп жауап берген екен. Ын­тымағы кері кеткен елдерді соғыс өрті шарпып, жұмыссыздық дендеп, амал­сыз шекара асып, өркениет кө­шінен кейіндеп қалуы – соның айқын мысалы. Еліміздегі ұзақ болашақты көздеген стратегиялық басымдықтар бірлікті басты ұстаным ете отырып, ха­лықтың әлеуметтік жағдайын, өмір са­пасын үздіксіз жақсартуды діттейді.

Мен жерлестеріме ыстық сәле­мімді, жүрек жарды лебізімді Алба­ния елінен жолдап отырмын. Мұнда Парламенттегі аграрлық комитеттің атқарушы хатшысы ретінде халық­аралық жиындарға қатысып, ой-пікірлерімізді ортаға салатын боламыз. Ше­телде Қазақстанның атын таныту – азаттығымыздың жемісі.

Еркебұлан МӘМБЕТОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp