Белгілі жазушы-журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің “Сағыныш” атты жаңа бағдарламасы “QYZYLJAR” облыстық телеарнасы арқылы көрерменге жол тартты.
Аты айтып тұрғандай бағдарлама қонақтары өткен өмірге көз жүгіртіп, сәулелі сәттерді сағынышпен еске алады, адам бойындағы ең асыл сезім жайлы толғанады. Бағдарлама қонақтарының сағынышқа айналған жарқын кезеңдері сыр болып ақтарылып, көңілді жылы шуаққа бөлейтін естеліктерден көпшілік тағылым алса ғанибет емес пе? Алғашқы бағдарламаның қонағы ретінде өңірімізге белгілі ардагер ұстаз Қарақат Шалабаев шақырылды.
– Адам баласына сағыныш пен мұң тән қасиет. Сағыныштың ең үлкені – кіндігімізбен байланған туған жерге, балалық шаққа деген іңкәрлік дер едім. Мен Жамбыл ауданына қарасты Амангелді ауылында туып-өстім. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде білім алдым. Жоғары оқу орнында бізге дәріс берген жерлесіміз, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірғали Нұртазин сынды ұстаздарымды бүгінде сағынышпен еске аламын, – деді ардагер ұстаз Қарақат Шалабаев.
Бағдарлама қонақтарының өскелең ұрпаққа өсиет ретінде айтар отансүйгіштік, ар-намыс, салт-сана, ұлттық құндылықтар жайлы тебіреніске толы толғаныстары бұл жобаның маңызын одан сайын арттыра түспек.
Ермек ЖҰМА,
“Soltüstık Qazaqstan”.