Қай мемлекеттің болсын әр азаматының жүрегіне ұялаған асқақ әні болады. Ол ән ұлттың өткенін, бүгінін, ертеңге деген арман-мұратын айқындап тұратын, халықтың бар айбынын танытатын ұмытылмастай туынды болуы шарт. Тәубе дейміз, қазақ топырағы дарынды перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шоқтығы биік. Қос тұлғаның жүрек тербелісі мен ішкі үндестігінен туған “Менің Қазақстаным” әні бүгінде еліміздің әнұранына айналып отыр.
Әдетте әннің әнұранға лайықталып, арнайы жазылуы сирек. Көптеген елдерде әнұран ретінде бұрынғы әскери немесе патриоттық рухтағы әндер алынған. Сірә, нағыз туынды ешқандай тапсырыссыз, автордың өз қалауымен, шын жүрегімен жазылса керек. “Менің Қазақстаным” әні жазылған сәттен бастап еліміздің бейресми әнұранына айналып кетті. Алты алаштың үніне айналған туындының жазылу тарихы да терең.
Қазақ жерін отарлау, бөлшектеу патша заманынан кейін тоқтады дегенімізбен, кеңестік кезеңде де даламызға көз алартқандар аз болған жоқ. Мәскеудегілер сәті келсе, құнарлы жерден барынша молынан қарпып қалуға, оны Ресейге қосуға тырысып бақты. Солтүстіктен бөлек, басқа республикаларға да кесіліп берілген жерлер болды. Осының бәрі бірінші кезекте еліне жанашыр зиялы қауымның наразылығын туғызды. Әсіресе, тың өлкесі атанған 5 облысты Қазақстаннан бөліп алу туралы бастама көбінің қарсылығын оятты. Нағыз зиялы, елдің адамы осындай сәтте халқымен бірге болып, ұлтының сөзін сөйлеуі тиіс еді. Осындай қадамға барған жанкештілердің бірі Шәмші Қалдаяқов болатын. Оның 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған әні ел арасында кең тарап, теледидар мен радиода күніне бірнеше рет шырқалып жатты.
Шәмші Қалдаяқов – көзі тірісінде есімі аңызға айналып, халқының құрметіне бөленген жан. Оның асқақтығының сыры халқына адалдығында еді. Композитор ешқашан да мәнсіз ұрандарға ілесіп, мемлекеттік құрылысты, партияны мадақтайтын туынды жазған емес. Ол өзінің бар шығармашылығын қазағына арнап, перзенттік адалдығын бәрінен биік қойды. Композитор туындыларының бүгінге дейін ел аузында жүргенінің себебі де осында болса керек. Науқаншылдық пен ұраншылдық, партия жиындары мен бесжылдықтардың кезінде осындай рухты ән жазу тек ұлтын шынайы сүйген жанның ғана қолынан келуі тиіс.
Кейіннен “Менің Қазақстаным” туралы Шәмші Қалдаяқов замандастарына: “Ол тұс – Ақмоланы “Целиноград” атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда оның асқақтығын жырлайтын әнұран қажеттігін сезіндім. “Менің Қазақстаным” солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді” деп туынды тарихын баяндап берген екен.
Әнұранда еліміздің кең байтақ даласы, алтын астығы туралы айрықша айтылатынының сыры осында. Сол кездегі озбыр жүйеге жасалған ең үлкен соққы да “Менің Қазақстаным” әні болды.
Алайда коммунизмнің шашбауын көтеруші басшыларға туынды ұнамай қалады. Олар Шәмші Қалдаяқовты партияны мақтап, кеңес одағының жетістіктерін насихаттамағаны үшін сынайды. Әнді “Мәдениет және тұрмыс” журналына жариялауға барғанда ондағы басшылардың бірі:
– Коммунистік партия туралы бір ауыз сөз жоқ, қазіргі басты ұранымыз – жеті жылдық жоспар жайлы да ештеңе айтылмаған, – деген екен.
Сонда Шәмші Қалдаяқов өз әнінің туған еліне, қайран елі Қазақстанына арналғанын айтқан.
“Менің Қазақстаным” әнінің сазымен қатар сөзі де адамның көңіліне бірден қона кетерліктей ерекше шеберлікпен жазылған. Жұмекен Нәжімеденовтің қазақ әдебиетіндегі орны ешкімнің таласын тудырмасы анық. Шәмші Қалдаяқов өзінің ақынмен қарым-қатынасы туралы бір сұхбатында былай баяндайды:
“Ол әннің сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов деген қазақтың талантты ақыны еді, өзі домбырашы, консерваторияда бірге оқығанбыз. Сенің кеудеңде қазақ деген қан бар ғой, “Менің Қазақстаным” деп сен сөзін жаз, мен әнін жазамын деп екеуіміз келістік. Кейін ән дайын болғанда Жамал Омарова апамызға барып көрсеттік. Жамал апайымыз бірден ұнатып, қағып алды да, радиоға барып орындады. Радиодағы жігіттерге күніне осы әнді бір-екі рет беріп қойыңдар деп айтып қойдық. Сонымен күніне радиодан бір-екі рет “Менің Қазақстаным” әнін беріп отырды”.
“Менің Қазақстаным” 2006 жылдан бұрын да бейресми әнұранға айналып кеткен туынды еді. 1986 жылы қазақ жастары алаңға осы әнді айтып шыққан екен. Той-жиындарда “Менің Қазақстаным” шырқалғанда жұртшылық орнынан тұрып кететін. Туындының сөзін айтпағанның өзінде “Менің Қазақстаным” деген атауының өзі неге тұрады?
Бүгінде әнұран бар қазақтың өткені мен бүгінін, арман-мұратын әйгілейтін, елге деген перзенттік сезімді оятатын әнге айналды. Талай әлемдік шаралар мен байрақты бәсекелерде Қазақстанның аты осы ән арқылы танылды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.