Өңірге жұмыс сапармен келген Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров және облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен шағын және орта бизнес өкілдерімен кеңес өткізілді. Онда мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен шешімін табуы тиіс түйткілді мәселелер талқыланды.
Бұдан кейін вице-министр “CLASS” және “HORSCH” ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын “СТ Assembly” кәсіпорнында болып, озық жабдықтар орнатылған цехтарды аралады.
Бүгінде “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында бірнеше қуатты өндіріс орны шоғырланған. Мұнда “Байкертон” ЖШС кондитерлік өнімдерді ұзақ уақыт сақтайтын зауыттың құрылысын бастаған. Бұдан бөлек, осында жуырда іске қосылған ағаш өңдейтін фабрика орналасқан. Түрік инвесторларының қаражатына тұрғызылған заманауи өндіріс орны жылына 50 мың текше метр ламинатталған фанер шығаруға бағдарланған.
“ЗИКСТО” АҚ-ның директоры Владимир Сафонов астаналық мейманды озық жобалардың жүзеге асырылу жайымен таныстырды. Солардың бірі – жолаушылар вагондарын шығару. “КазТехМаш” машина құрастыру кәсіпорнының өнімдері де үлкен сұранысқа ие.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Петропавл электртехникалық зауытына аялдап, сыртқы нарыққа жөнелтілетін өнімдердің сапасын тексерді.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.