Республика күніне орай Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары қала орталығындағы “Достық-Молл” сауда үйінде флешмоб өткізіп, күй тартты. Мереке қарсаңында мұндай шара ұйымдастыру білім ордасы үшін дәстүрге айналған.
Мектебімізде балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге, оларды өнер мен шығармашылыққа баулуға ерекше көңіл бөлінген. Соның арқасында ұлттық аспабымыз – домбыра сабақ кестесіне енгізілген. Осылайша оқушылар терең білім алумен қатар шығармашылық қабілеттерін де шыңдап келеді. Аталған жұмыстардың нәтижесі ретінде қала орталығында флешмоб өтіп, өнерлі өрендер барын ортаға салды. 100-ге жуық жас ұлттық өнеріміздің құдіретін танытты. Бұл күні барлығы 20 туынды орындалды. Сонымен қатар мерекелік шарада жетігенде ойнаушылар да өнер көрсетіп, ән шырқалып, би биленді.
– Бүгінгі шараның басты мақсаты – ұлттық аспабымыз домбыраны насихаттау, халыққа жақынырақ таныту. Мектепте домбыра үйірмесі жұмыс істейді. Барлық оқушылар үйірмеге қатысып, қасиетті аспапқа қол үйретеді. Олардың көрсетіп жүрген нәтижелері де жаман емес. Әсем күйді барынша көп адам тыңдау үшін концерт алаңы ретінде осы жерді таңдадық, – деді мектеп директоры Данияр Уәлиев.
Кешегі Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерейлерден жеткен қара домбыраның қасиетін ұққан талапты өрендердің өнеріне жиылған жұртшылық қол соғып, риза болды. Кеудесін мақтаныш сезімі кернеген жас өнерпаздар да аянып қалған жоқ.
Гүлмира ШОҚТАБАЕВА,
Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.