Серік Әбілдин – №3 сайлау округі бойынша Уәлиханов аудандық мәслихатының депутаты, “Amanat” партиясының мүшесі, өрт сөндіру бекетінің жүргізушісі.
Не үшін депутат болдым?
Менің саналы ғұмырым ауылда өтті. Алған мамандығым да ауыл шаруашылығымен байланысты. 1986-1989 жылдар аралығында Шағалалыдағы ауыл шаруашылығы техникумын агрономия мамандығы бойынша тамамдағаннан кейін туған ауылыма оралдым. Механизатор, жүргізуші, бригадир болдым, егін шаруашылығы саласында еңбек еттім. Яғни, ауылдағы ағайынның ортасында жұмыс істедім. Қазір Қулыкөлдегі өрт сөндіру бекетінде еңбек етіп жүрмін.
Уәлиханов ауданы облыс орталығынан шалғайда орналасқанын солтүстікқазақстандықтар жақсы біледі. Ал Қулыкөл – тіпті аудан орталығынан жырақта жатқан ауыл. Биліктің көз алдынан тысқары болғасын ба, бізде түйіні шешілмеген мәселелер тым көп. Оның барлығы – айтыла-айтыла жауыр болған жайттар. Шағымданудан шаршаған халық сайлау болатынын естігенде маған депутаттыққа өзіңді ұсын деп қолқа салды. Ары ойланып, бері ойланып, талай жылдан бері жергілікті тұрғындарды қажытқан түйінді мәселелерді шешуге өз үлесімді қосуға бел будым. Оның үстіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жаңа Қазақстан” құру идеясы көбімізге ұнағаны рас. Бұған дейін айтыла-айтыла естір құлақ таппай, көңілге шер болып қатқан мәселелеріміз енді шешілер ме деген үміт адамды алға жетелейді екен. Халықтың өзі сайлаған депутаттары олардың мұңын жоғарыдағы әкім-қараларға жеткізсе, “Әділетті Қазақстанды” орнатар күн жақындайды емес пе?! Осының барлығын ойлай келе, ауылдастарымның да өтінішін жерде қалдырмайын деген ниетпен маңызды қадам жасадым. Сайлауда халық сөзінде тұрды. Мені қолдап, дауыстарын берді, солардың сенімінің арқасында аудандық мәслихаттың депутаты болып сайландым.
Көзі ашық, көкірегі ояу жандарды ауылдың болашағы қатты толғандырады. Мен депутат болып сайланған Қайрат және Қулыкөл ауылдық округтерінің құрамына Қайрат, Жасқайрат, Қулыкөл, Қаратал, Береке деген бес ауыл кіреді. Бұл ауылдардың арасы арысы 50, берісі 20 шақырым. Облыс орталығынан 550, аудан орталығынан 200 шақырымда жатыр. Облыстың шетіндегі осындай ауылдарда қолайлы өмір сүру үшін тиісті жағдай жасалмаса, жастар түгілі үлкендерді ұстап тұру қиын. Жалпы ауылда жастар болмаса, елді мекеннің болашағы жоқ деген сөз. Балабақша, мектеп, Мәдениет үйі жұмысын тоқтатса, қолға алған әрекеттің бәрі бекер. Жалпы мемлекеттің де, облыстың да, ауылдың да болашағы жастармен байланысты ғой. Жасы көп елдің жасары көп.
Жасқайрат ауылындағы негізгі мектепте 20 оқушы ғана қалды. Кей сыныптарда 1-2 баладан, кейбір сыныптарда мүлде оқушы жоқ. Бір айдың ішінде алты отбасы көшіп кетті. Ауылдық округ әкімімен бірге барып, тұрғындармен сөйлесіп көріп едік, онымыздан түк шықпады. Әрқайсысының айтар өз уәжі бар. Оларға “Неге ауылдан көшіп жатырсыңдар?” деп өкпе арта алмайсың. Себебі балаларының болашағын ойлайды, жақсы өмір сүруді қалайды. Адам болған соң ауырмай-сырқамай тұрмайды ғой. Қыста жол жабылып қалса, ауруханаға жетудің өзі мұң. Осындай мәселелер ауылдардың көбіне тән. “Ауыл – елдің бесігі” дегенімізбен, жалаң патриотизммен алысқа бара алмайсың. Ауылды сақтағымыз келсе, ондағылардың алаңсыз өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Өзге өңірлерден көпбалалы отбасыларды көшіріп әкелу, не болмаса жетімдер үйінен бала асырап алып, оқушы санын көбейту – бұл мәселенің шешімі емес. Бұл “суға кеткен тал қармайдының” кебі. Алдымен ауылда бұрыннан тұрып жатқан ағайынның болашаққа деген сенімі нығаймайынша, өңіріміздегі кез келген елді мекеннің болашағы бұлыңғыр.
Сайлаушыларға қандай уәде бердім?
Мен сайлауалды бағдарламамда жергілікті тұрғындарды толғандырып жүрген таза ауызсу және сапалы жол мәселесін қамтыдым. Бірақ орындалмай қалуы мүмкін уәделерді үйіп-төккен жоқпын. Уәде беру оңай. Бірақ ол орындалмаса, халықты алдағанмен тең. Мен сайланған округте қордаланған мәселелер жетерлік. Олардың барлығын бір демде шешу мүмкін емес. Көзім көрген мәселелер бойынша депутаттық сауалдар жолдап, халықтың мұң-мұқтажын жоғары жаққа айтудан басқа менің қолымда құзырет жоқ.
Іргесі ыдыраған ауылға бұрынғы сән-салтанатын қайтару оңай шаруа емес. Оған кешенді жоспар мен мол қаражат қажет. Қаражат жүрген жерде қатаң бақылау болуы тиіс. Тұрғындарды жол мен судан бөлек, интернеттің сапасы, телефон байланысы да толғандырады. Өткен жылдан бастап ауылдағы ағайынды алаңдатқан мәселелерді шешуге біршама қаржы бөліне бастады. Осы бір жылымық көңілге үміт ұялатады. Себебі кейбір мәселелерді шешерліктей мүмкіндік туды. Бірақ тендер шиеленіскен жағдайды одан сайын ушықтырып жатқанын айтпасқа болмайды. Жол салу, су тарту бойынша тендерді шалғай өңірлердің мердігерлері ұтып алады. Ол жақтан қажетті техника не болмаса мамандарын ала келмейтіні белгілі. Қолында тым болмағанда күрегі де жоқ мердігер келіп, осы жақтан техника, жұмысшы іздейді. Осылай сабылып жүргенде белгіленген уақыт өтіп кетеді де, түптің түбінде тағы халық зардап шегеді.
Біздің ауылдар Павлодар, Ақмола облыстарымен шектесіп жатыр. Көрші облыстардың ауылдарында сапалы жол, таза ауызсу бар. Осылайша көршінің ауласына көз тігіп, сүйсініп отырған жайымыз бар. “Неге осы мәселе бізде шешімін таппай жатыр?” деген сауал қарапайым тұрғындарды ғана емес, депутаттарды да ойландырады.
Қай уәдемді орындадым?
Депутаттық міндетті атқарып жүргеніме бір жарым жылдай уақыт болды. Өзім білетін және тұрғындар тарапынан сайлауалды кездесулерде айтылған мәселелер біртіндеп шешімін тауып жатыр. Әсіресе, жол мәселесін шешуде сәл де болса алға жылжу бар. Уәлиханов ауданында жол сапасы сын көтермейді. Осы бір толғақты мәселенің түйінін тарқатар жұмыстар біртіндеп жүзеге асырылуда. Аудандық маңыздағы Қайрат, Жуантөбе, Жасқайрат жолдарының 20 шақырымы жөнделіп жатыр. Қулыкөл, Қаратал, Береке жолдарының 18 шақырымын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Біздің жақтағы негізгі жол қатынасы – Қулыкөл-Степногорск және Қулыкөл-Ертіс бағыты. Осы жолдың 47 шақырымына күрделі жөндеу жасалмақ. Тендерді қызылордалық мердігерлер ұтып алған. Бұл жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жасау үшін қажет жобалық-сметалық құжаты дайын. Сонымен қатар Қайрат, Қулыкөл ауылдарында су тарату желілерін салу үшін жобалық-сметалық құжатты да дайындап қойдық. Тиісті қаражат бөлінсе, бұл жұмыс та тындырылады.
Халық маған сене ме?
Аудандық мәслихат депутаттары қоғамдық негізде жұмыс істейді. Яғни, материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілмеген. Халықтың сенімін ақтап, тура жолдан таймау үшін өз көлігіңмен, не болмаса жаяулап-жалпылап елдің ортасында жүруге тура келеді. Біздің осы жағдайымызды сайлаушыларымыз көріп, түсініп отырған шығар деп ойлаймын.
Округ тұрғындары “Депутаттыққа өз кандидатураңды ұсын” дегенде-ақ маған зор сенім білдірді. Менің ендігі міндетім – олардың сенімін ақтау. Біздің ауылдар Сілеті су қоймасының маңында орналасқан. Сондықтан тұрғындар көктем сайын су тасқынымен күреседі. Мәселен, Қаратал, Береке ауылдарының арасындағы жолдарды жиі су шаяды. Биылғы су тасқынының салдарынан жолдың бір бөлігі бұзылды. Дегенмен тұрғындардың ауызбіршілігінің нәтижесінде жан да, мал да аман. Бұл жыл сайын қайталанатын жайт болғандықтан, оның салдарын да, зардабын да жоғары жаққа жеткізу – біздің міндетіміз.
Ауыл тұрғындарының дені қазақ болғандықтан барлығы бір-біріне ағайын, туыс. Біздегі тәлім-тәрбие – үлкендерді сыйлау. Қайғыда да, қуанышта да, асарлата жұмыла кету – қанымызға сіңген әдет. Осындай ауызбіршілік, бірін-бірі қолдау елді нығайтады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, Отанымыз да дамып өркендейді. Тек ел мен халықтың болашағы үшін адал еңбек ету керек.
Дайындаған
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.