«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТҮЙІНІ ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕ ТЫМ КӨП”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Серік Әбілдин – №3 сайлау округі бойынша Уәлиханов аудандық мәслихатының депутаты, “Amanat” партиясы­ның мүшесі, өрт сөндіру бекетінің жүргізушісі.

Не үшін депутат болдым?

Менің саналы ғұмырым ауыл­да өтті. Алған мамандығым да ауыл шаруашылығымен бай­ла­нысты. 1986-1989 жылдар ара­лығында Шағалалыдағы ауыл шаруашылығы технику­мын агрономия мамандығы бойынша тамамдағаннан кейін туған ауылыма оралдым. Меха­низатор, жүргізуші, бригадир бол­дым, егін шаруашылығы са­ласында еңбек еттім. Яғни, ауылдағы ағайынның ортасын­да жұмыс істедім. Қазір Қулы­көлдегі өрт сөндіру бекетінде еңбек етіп жүрмін.

Уәлиханов ауданы облыс ор­талығынан шалғайда орналас­қанын солтүстікқазақстан­дық­тар жақсы біледі. Ал Қулыкөл – тіпті аудан орталығынан жырақ­та жатқан ауыл. Биліктің көз ал­дынан тысқары болғасын ба, біз­де түйіні шешілмеген мәселе­лер тым көп. Оның барлығы – ай­тыла-айтыла жауыр болған жайттар. Шағымданудан шар­шаған халық сайлау болатынын естігенде маған депутаттыққа өзің­ді ұсын деп қолқа салды. Ары ойланып, бері ойланып, та­лай жылдан бері жергілікті тұр­ғындарды қажытқан түйінді мә­се­лелерді шешуге өз үлесімді қо­суға бел будым. Оның үстіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жаңа Қазақ­стан” құру идеясы көбімізге ұна­ғаны рас. Бұған дейін айтыла-айтыла естір құлақ таппай, кө­ңілге шер болып қатқан мәселе­леріміз енді шешілер ме деген үміт адамды алға жетелейді екен. Халықтың өзі сайлаған де­путаттары олардың мұңын жоға­рыдағы әкім-қараларға жеткізсе, “Әділетті Қазақстанды” орнатар күн жақындайды емес пе?! Осы­ның барлығын ойлай келе, ауыл­дастарымның да өтінішін жерде қалдырмайын деген ниетпен маңызды қадам жаса­дым. Сайлауда халық сөзінде тұрды. Мені қолдап, дауыста­рын берді, солардың сенімінің арқасында аудандық мәслихат­тың депутаты болып сайлан­дым.

Көзі ашық, көкірегі ояу жан­дарды ауылдың болашағы қат­ты толғандырады. Мен депутат болып сайланған Қайрат және Қулыкөл ауылдық округтерінің құ­ра­мына Қайрат, Жасқайрат, Қулы­көл, Қаратал, Береке деген бес ауыл кіреді. Бұл ауылдар­дың арасы арысы 50, берісі 20 ша­қырым. Облыс орталығынан 550, аудан орталығынан 200 ша­қырымда жатыр. Облыстың ше­тіндегі осындай ауылдарда қо­лайлы өмір сүру үшін тиісті жағ­дай жасалмаса, жастар түгілі үл­кендерді ұстап тұру қиын. Жал­пы ауылда жастар болмаса, елді мекеннің болашағы жоқ деген сөз. Балабақша, мектеп, Мәде­ниет үйі жұмысын тоқтатса, қол­ға алған әрекеттің бәрі бе­кер. Жалпы мемлекеттің де, об­лыс­тың да, ауылдың да бола­шағы жастармен байланысты ғой. Жасы көп елдің жасары көп.

Жасқайрат ауылындағы не­гізгі мектепте 20 оқушы ғана қал­ды. Кей сыныптарда 1-2 бала­дан, кейбір сыныптарда мүлде оқушы жоқ. Бір айдың ішінде алты отбасы көшіп кетті. Ауыл­дық округ әкімімен бірге барып, тұр­ғындармен сөйлесіп көріп едік, онымыздан түк шықпады. Әрқайсысының айтар өз уәжі бар. Оларға “Неге ауылдан кө­шіп жатырсыңдар?” деп өкпе арта алмайсың. Себебі балала­ры­ның болашағын ой­лайды, жақ­сы өмір сүруді қа­лайды. Адам болған соң ауыр­май-сыр­қамай тұрмайды ғой. Қыста жол жабылып қалса, ау­ру­ханаға же­тудің өзі мұң. Осын­дай мәселе­лер ауылдардың кө­біне тән. “Ауыл – елдің бесігі” де­геніміз­бен, жалаң патриотизм­мен алысқа бара алмайсың. Ауылды сақтағымыз келсе, он­да­ғылар­дың алаңсыз өмір сүруі үшін бар­лық жағдайды жасауы­мыз ке­рек. Өзге өңірлерден көп­балалы отбасыларды көшіріп әкелу, не болмаса жетімдер үйі­нен бала асырап алып, оқушы санын кө­бейту – бұл мәселенің шешімі емес. Бұл “суға кеткен тал қар­майдының” кебі. Алды­мен ауылда бұрыннан тұрып жат­қан ағайынның болашаққа де­ген се­німі нығаймайынша, өңі­ріміздегі кез келген елді мекеннің бола­шағы бұлыңғыр.

Сайлаушыларға қандай уәде бердім?

Мен сайлауалды бағдарла­мамда жергілікті тұрғындарды толғандырып жүрген таза ауыз­су және сапалы жол мәселесін қамтыдым. Бірақ орындалмай қалуы мүмкін уәделерді үйіп-төк­кен жоқпын. Уәде беру оңай. Бірақ ол орындалмаса, халықты алдағанмен тең. Мен сайланған округте қордаланған мәселелер жетерлік. Олардың барлығын бір демде шешу мүмкін емес. Кө­зім көрген мәселелер бойынша депутаттық сауалдар жолдап, халықтың мұң-мұқтажын жоға­ры жаққа айтудан басқа менің қолымда құзырет жоқ.

Іргесі ыдыраған ауылға бұ­рынғы сән-салтанатын қайтару оңай шаруа емес. Оған кешенді жоспар мен мол қаражат қажет. Қаражат жүрген жерде қатаң ба­қылау болуы тиіс. Тұрғындарды жол мен судан бөлек, интер­нет­тің сапасы, телефон байланысы да толғандырады. Өткен жыл­дан бастап ауылдағы ағайынды алаңдатқан мәселелерді шешу­ге біршама қаржы бөліне баста­ды. Осы бір жылымық көңілге үміт ұялатады. Себебі кейбір мә­селелерді шешерліктей мүм­кін­­дік туды. Бірақ тендер шиеле­ніскен жағдайды одан сайын ушық­тырып жатқанын айтпасқа бол­майды. Жол салу, су тарту бойынша тендерді шалғай өңір­лердің мердігерлері ұтып ала­ды. Ол жақтан қажетті техника не болмаса мамандарын ала келмейтіні белгілі. Қолында тым болмағанда күрегі де жоқ мер­дігер келіп, осы жақтан техника, жұмысшы іздейді. Осылай са­былып жүргенде белгіленген уа­қыт өтіп кетеді де, түптің түбінде тағы халық зардап шегеді.

Біздің ауылдар Павлодар, Ақмола облыстарымен шектесіп жа­тыр. Көрші облыстардың ауыл­да­рында сапалы жол, таза ауыз­су бар. Осылайша көршінің ау­ла­сына көз тігіп, сүйсініп отыр­ған жайымыз бар. “Неге осы мәселе бізде шешімін таппай жатыр?” деген сауал қарапайым тұрғындарды ғана емес, депу­таттарды да ойландырады.

Қай уәдемді орындадым?

Депутаттық міндетті атқарып жүргеніме бір жарым жылдай уа­қыт болды. Өзім білетін және тұр­ғындар тарапынан сайлауалды кездесулерде айтылған мәселе­лер біртіндеп шешімін тауып жа­тыр. Әсіресе, жол мәселесін ше­шуде сәл де болса алға жылжу бар. Уәлиханов ауданында жол сапасы сын көтермейді. Осы бір толғақты мәселенің түйінін тар­қа­тар жұмыстар біртіндеп жүзе­ге асырылуда. Аудандық маңыз­дағы Қайрат, Жуантөбе, Жас­қайрат жолдарының 20 шақы­рымы жөнделіп жатыр. Қулыкөл, Қаратал, Береке жолдарының 18 шақырымын жөндеу үшін жо­балық-сметалық құжаттама әзір­­ленуде.

Біздің жақтағы негізгі жол қа­тынасы – Қулыкөл-Степногорск және Қулыкөл-Ертіс бағыты. Осы жолдың 47 шақырымына күрделі жөндеу жасалмақ. Тен­дерді қызылордалық мер­дігерлер ұтып алған. Бұл жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жа­сау үшін қажет жобалық-сметалық құжаты дайын. Сонымен қатар Қайрат, Қулыкөл ауылда­рында су тарату желілерін салу үшін жобалық-сметалық құжат­ты да дайындап қойдық. Тиісті қаражат бөлінсе, бұл жұ­мыс та тындырылады.

Халық маған сене ме?

Аудандық мәслихат депутат­тары қоғамдық негізде жұмыс іс­тейді. Яғни, материалдық тұр­ғыдан қамтамасыз етілмеген. Ха­­лықтың сенімін ақтап, тура жолдан таймау үшін өз көлігің­мен, не болмаса жаяулап-жал­пылап ел­дің ортасында жүруге тура ке­ле­ді. Біздің осы жағ­дайымызды сайлаушыларымыз көріп, түсі­ніп отырған шығар деп ойлай­мын.

Округ тұрғындары “Депутат­тыққа өз кандидатураңды ұсын” дегенде-ақ маған зор сенім біл­дірді. Менің ендігі міндетім – олар­дың сенімін ақтау. Біздің ауылдар Сілеті су қоймасының маңында орналасқан. Сондық­тан тұрғындар көктем сайын су тасқынымен күреседі. Мәселен, Қаратал, Береке ауылдарының арасындағы жолдарды жиі су шаяды. Биылғы су тасқынының салдарынан жолдың бір бөлігі бұзылды. Дегенмен тұрғындар­дың ауызбіршілігінің нәтижесін­де жан да, мал да аман. Бұл жыл сайын қайталанатын жайт бол­ған­дықтан, оның салдарын да, зардабын да жоғары жаққа жет­кізу – біздің міндетіміз.

Ауыл тұрғындарының дені қа­зақ болғандықтан барлығы бір-біріне ағайын, туыс. Біздегі тә­лім-тәрбие – үлкендерді сыйлау. Қайғыда да, қуанышта да, асар­лата жұмыла кету – қанымызға сіңген әдет. Осындай ауызбірші­лік, бірін-бірі қолдау елді нығай­тады. Еліміз аман, жұртымыз ты­ныш болса, Отанымыз да да­мып өркендейді. Тек ел мен ха­лықтың болашағы үшін адал ең­бек ету керек.

Дайындаған

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp