С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада үздік кітапханашылар марапатталды.
Кітапхана саласы қызметкерлерінің тынымсыз еңбегіне тоқталған облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Санат Әубәкіров заман көшіне ілесе отырып, адамзаттың ғасырлар бойғы білімін сақтауға және арттыруға, кітапхана ісін дамытуға үлес қосып жүрген аталмыш сала мамандарына шынайы ризашылығын жеткізді.
Биыл “Үздік ауыл кітапханашысы – 2024” байқауына 60 өтінім түскен. Кәсіби шеберлік бойынша көшбасшыларды анықтау, ауылдағы жас мамандарды ынталандыру, әлеуметтік маңызы бар кітапханалық-ақпараттық жобаларды дамыту, тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған байқауға іріктеуден өткен 14 кітапханашы қатысты.
Сайыс қорытындысы бойынша Қызылжар ауданына қарасты Долматов ауылдық кітапханасының кітапханашысы Марина Ожигова жүлделі бірінші орын алса, екінші орын Уәлиханов орталық аудандық кітапханасының кітапханашысы Алмагүл Әбдірахмановаға бұйырды, үшінші орынға ақжарлық кітапханашы Дания Қасенова қол жеткізді.
Жарысқа қатысушылардың барлығына сертификаттар, кубоктар, дипломдар мен грамоталар табыс етілді.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.