Кез келген ата-ана сәбиінің дені сау болғанын, қоғамда өз орны бар тұлғаға айналғанын қалайды. Қолындағы барлық мүмкіндіктерін осы жолға сарқа жұмсайтындары да анық. Алайда әке мен шешенің аманатына айналған гүл-тағдырлардың абайсызда үзіліп кетіп жатқаны жанды ауыртады. Елімізде соңғы жылдары балалар арасында суицид жасау жиілеп кетті. Он екіде бір гүлі ашылмаған жеткіншектердің мұндай қадамға баруына не себеп? Бұл мақаламызда осы тақырып төңірегінде толғанатын боламыз.
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Алматыда көпқабатты үйдің төбесінен секірген өрімдей қыздардың өлімі жағамызды ұстатты. Араға біршама уақыт салып тағы бір жеткіншек 13-ші қабаттың балконынан құлап кетті. Алғашында марқұмның балконнан құлап кеткені туралы айтылған еді, кейін құзырлы органдар оның жоғары қабаттан өз еркімен секіргенін дәлелдеді. Шекара академиясы курсантының да жоғары қабаттардың бірінен құлап мерт болуы, зәулім ғимараттан секірген тағы бір 18 жастағы жасөспірімнің өлімі сынды жайттарды мысал ретінде тізе беруге болады.
Шын мәнінде балалар арасындағы суицидтің орын алуына не түрткі болуы мүмкін? Ресми дереккөздерде балалардың көпқабатты үйлердің төбесінен секіріп кетуіне телефондағы түрлі қауіпті ойындар негіз болғаны айтылуда. Бұл туралы бас прокуратура да мәлімдеме жасаған болатын. “Прокурорларға әр факт бойынша тергеуді ерекше бақылауды тапсырдым. Әлеуметтік желілер балалардың суицид белсенділігіне әсер ететіндіктен прокурорлар 15 мың күдікті сайт пен сілтемені бұғаттады. Сондай-ақ прокурорлар қиын тұрмыстық жағдайдағы отбасылармен жұмыс істеп жатыр. Бас прокуратура мемлекеттік органдармен бірлесіп, суицидтің алдын алу бойынша шұғыл шаралар кешенін әзірлейді”, – деді Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында.
Осы ретте құзырлы органдар дереу іске кірісулері үшін міндетті түрде бала өлімі тіркелуі керек пе деген сауалдың туындауы заңдылық.
ЮНИСЕФ-тің жаһандық есебінде “әлемдегі әрбір үшінші интернет қолданушысы – бала” делінген. Бұл – ғаламтордағы бала түгіл өмірдің ақ пен қарасына қаныққан ересектердің өзін тура жолдан тайдыруға әлеуеті жететін қажетті-қажетсіз ақпараттардың сәби санасына ешқандай кедергісіз енуіне ешкім тосқауыл қоя алмайды деген сөз. Елімізде балалардың интернет қолдануына ешқандай шектеу жоқ. Кез келген сайт қолжетімді. Сондықтан да жастарды өлімге итермелейтін қауіпті ойындардың құрығына түскен жеткіншектер виртуалды әлемнің құрбаны болуда. “Компьютердің, технологияның дамыған заманында балаға смартфон ұстауға шектеу қойып отырған ата-ана не бір мекеме жоқтың қасы. Интернет желісін емін-еркін пайдаланып отырған сәбилеріміз қауіп пен қатердің ортасында жүр. Олардың айдың-күннің аманында арам ниетті қаскөйлердің ортасында жүріп, адасып кетпеуіне кім кепілдік бере алады? Сондықтан балаларға интернет желісінде арнайы шектеу маңызды”, – дейді Петропавл қаласындағы Ә.Бөкейхан атындағы №25 орта мектептің психологы Гүлнұр Бүркітқызы.
Иә, ғаламтордағы ақпараттың дұрысы да, бұрысы да бар. Оларды сұрыптаудан өткізіп жатқан ешкім жоқ. Кейбір жұмысбасты ата-аналар балаларының телефонда не қарайтынына да мүлде бас қатырмайды. Білімдерін толықтыратын алтын уақыттарын виртуалды әлемге жұмсаған жеткіншектерден ертең қандай ұрпақ өсетінін елестете беріңіз.
Қоғамдағы қатыгездікті, зорлық-зомбылықты насихаттайтын қауіпті ойындар балалардың санасын улап жатқаны алаңдатады. Ойын демекші, мамандар балалардың ұялы телефондарына жүктелген қосымшаларға назар аударуға кеңес береді. Мәселен сарапшылар “Тихий дом”, “Разбуди меня в 4:20”, “Море китов”, “Синий кит”, “Красный дельфин”, “Млечный путь”, “U19”, “F57”. “SchoolBoy RunaWay – Stealth” сынды ойындар қауіпті екенін айтады. “Telegram” және “TikTok” әлеуметтік желілері арқылы да қауіпті ойындарға шақыртулар келуі ықтимал.
– Кез келген бала жайдан-жай суицид жасамайды. Үйде немесе баланың жеке басында қандай да бір проблемалар болуы мүмкін. Қоғамға, ортаға бейімделмесе, айналасындағы адамдармен тіл табыса алмаса, бала психологиялық күйзеліске ұшырайды. Яғни, тығырықтан шығар жол таппай қиналады. “Мен не үшін өмір сүремін?” деген оймен өзіне-өзі қол жұмсауы ықтимал. Жалпы суицидке барудың себеп-салдары көп. Мысалы, әлеуметтік-материалдық жағдай, достармен, ата-анамен арадағы қарым-қатынас, түрлі кикілжің, денсаулық жағдайлары әсер етуі мүмкін. Яғни баланы сондай жағдайға жеткізудің бір ғана себебі болмайды. Сондықтан жеткіншектердің жай-күйін үйде ата-анасы, мектепте мұғалімдері назарда ұстауға тиіс, – дейді психолог.
Облыстық полиция департаментіне сұрау салғанымызда ондағы мамандар бізге биыл өңірде жеткіншектер арасында бірде-бір суицид деректері тіркелмегенін айтты. Бірақ бұл алаңдауға негіз жоқ деген сөз емес. Сондықтан қай істе болсын алдын алу артық етпейді.
– Бала тағдыры – ұлттың болашағы. Баланың жақсы тәрбие алуы мұғалімге, ата-ана мен араласатын ортасына тікелей байланысты. Жыл бойы білім беру ұйымында аутодеструктивті мінез-құлық бойынша мектеп оқушыларымен шаралар жүйелі түрде жүргізіледі. Бұл бір күндік жұмыс емес. Психолог, сынып жетекшілері, мұғалімдер тарапынан балалар үнемі бақылауда. Олардың көңіл күйлеріне де ерекше назар аударамыз. Жылдың басында мектепке жаңадан қабылданған оқушылардан сауалнама алынады. Жалпы жылына екі мәрте оқушылармен психологиялық-диагностикалық тестілеу жүргізіледі. Сол арқылы балалардың бойындағы үрей, қорқыныш сезімдерін, агрессиялық қасиеттерін білуге болады. Осы тестілеудің нәтижесінде оқушылармен түзету-дамыту жұмыстары жүргізіледі, – дейді Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің психологы Маржан Исекова. Ол аталмыш білім беру ұйымында балалардың жас ерекшеліктеріне сай психологиялық бағыттағы түрлі тренингтер өткізілетінін, буллинг пен кибербуллинг мәселесі бойынша жеке және топтық сабақтар, сыныптармен, ата-аналармен психологиялық-ағартушылық, кеңес беру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Құқық қорғау органдары қызметкерлерімен түрлі кездесулер ұйымдастырылып, психологтар тарапынан балалармен жұмыс істеуде сынып жетекшілерімен тығыз қарым-қатынас орнағанын тілге тиек етті. Мұндай жұмыстар елдегі барлық мектепте жүргізілетіні анық.
Мақаланы жазу барысында бірқатар аға буынмен әңгімелестік. Олардың дені бұл мәселенің бір ұшын отбасындағы тәрбиемен ұштастырды. “Қазақ – сөздің қасиетін сезінген халық. Адамды айықтыратын да, өлтіретін де сөз. Қазіргі қоғамға, соның ішінде балаларымызға жылы сөз жетпейді. Әке мен шешенің, ұстаздың, құрбы-құрдастың жылы сөзін естімеген бала қатігез болып өседі. Қатігездіктің шырқау шыңы адамды өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізуі мүмкін. Әр адам дәрігер секілді ауруды емдей алмаса да, жақсы сөзімен, ақыл-кеңесімен адам жанын емдей алады. Біз осыған терең мән бермей жүрміз. Ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүріміз, діни ұстанымдарымыз арқылы балалардың санасына кішкентай кезінен бастап өз-өзіне қол жұмсаудың қылмыс екенін, өз ғұмырын ғана қиып қоймай, ата-анасын орны толмас өкінішке қалдыратынын айтып түсіндіруіміз қажет”, – дейді еңбек ардагері Ғалия Әскерқызы.
Ардагердің айтып отырған сөзінің жаны бар. Жан жадыратар жылы сөздің азаюуы салдарынан қоғамда буллинг, кибербуллинг ұғымдары кеңінен етек алып барады. Кибербуллинг дегеніміз – адамды интернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде қорқытып, зорлық көрсету. Бұған кез келген адам тап болуы мүмкін. Әсіресе, шабуыл жасайтындар негізінен кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алатын көрінеді. Сондықтан қазір көптеген елде балаларды ғаламтордағы қысымнан қорғайтын заң бар. Бала тағдыры – ойыншық емес. Сондықтан біздің елімізде де жасөспірімдердің интернетте қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мәселе.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Коллажды жасаған
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.